НЫСАН НАУРЫЗДА ТАПСЫРЫЛАДЫ

Шымкенттегі Темірлан тас жолы — Мангельдин көшелері қиылысындағы жер үсті жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы жырға айналғаны қашан. Естеріңізде болса, былтыр қыркүйек айында қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының сол кездегі басшысы Қуатжан Жұматаев ақпараттық-коммуникациялық орталықта 9 айда атқарылған жұмыстарды қорытындылау кезінде аталған нысанның желтоқсанға дейін аяқталатынын айтып, журналистерді сендірген болатын.  Сол кезде ол бұл жұмыс Шымкент қаласының көлік инфрақұрылымын дамыту және қызметін қамтамасыз ету мақсатында, 2019 жылы бюджеттен  бөлінген 8 531,61 млн.теңге есебінен жүргізілетін нысандар тізімінде екенін мәлімдеген.

Алайда осы жиыннан кейін көп ұзамай ол қызметінен алынды.  Кейіннен қала әкімінің орынбасары орынтағына енді отырған Ербол Садыр аталған нысан бойынша бюджеттен қаржы бөлінгенін, бірақ жауапты азаматтардың салғырттығынан жұмыс әлі аяқталмай жатқанын  ашық айтқан еді. Сол кезде ол да жыр болған жер үсті өткелі жыл аяғына дейін аяқталады деп айтқан-тын. Бірақ жаңа жыл қарсаңында шымкенттіктер оның құрғақ сөз екеніне көз жеткізген.

Құрылысы әбден сиырқұйымшақтанып кеткен нысанның басына жуырда қала әкімі Мұрат Әйтеновте барды. Ондағы құрылыс жұмыстарымен танысқан әкімге жауапты мамандар өткел алдағы наурыз айында толық пайдалануға берілетіндігін айтты. Бұл күнді шымкенттіктер асыға күтетіні белгілі. Себебі, Темірлан тас жолы-Мангельдин көшелері қиылысының маңында әрдайым қайнаған тіршіліктің көрінісін көресіз. Жолдарда көліктердің ағысы да тоқтаусыз. Кісі қарасы да қалың.

«Уақыт» газеті.

Сурет: ашық дереккөз

ПІКІР ЖАЗУ