БАНКТЕ ЕСЕПШОТЫ ЖОҚ АЗАМАТТАР 42500 ТЕҢГЕНІ ҚАЛАЙ АЛАДЫ?

213
0

Қазіргі таңда елдегі төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылып қалған азаматтарға 42500 теңге жәрдемақы беріліп жатқаны белгілі. Осыған орай азаматтар аталған жәрдемақыны алуға өтініш беру кезінде, ақшаны аударуы үшін есепшотын көрсетуі қажеттігі міндеттелген. Бірақ біраз азаматтарда мұндай есепшот (IBAN) жоқ екендігі анықталып отыр. Яғни олар осы күнге дейін бірде бір банктен карточка аштырмаған. Енді олар мемлекет тағайындаған 42500 теңгені алудан кешігіп қалуы мүмкін бе?

Бұл сұраққа бүгін ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов:

«Өтінішті берген кезде, ақшаны аудару үшін есепшот көрсету қажет. Біраз азаматта мұндай есепшот жоқ болып шықты, өмірінде ешқашан ашпаған. Сондықтан олар өтініш толтырғанда, үлгермей қалатын болдық деп шот ашу үшін банктерге жүгіріп жатыр. Сондықтан біз ойластырып, бір-екі күнде мынадай өзгеріс енгіземіз. Сіз өтінішті берген кезде, егер де банкте шотыңыз болмаса, шотты көрсететін жерге ештеңе жазбайсыз. Біз өтінішті қабылдаймыз, әлеуметтік төлем тағайындаймыз. Сөйтіп сіз есепшотты ұсынғанға дейін күтеміз. Бір айға дейін күтеміз. Шотты алған соң, ақшаны аударамыз», — деп түсініктеме берді. 

Бұл туралы uakit.kz Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Сондай-ақ ведомства басшысы қазақстандықтарды өтінішті алдын ала беріп, кейін асықпай, есепшотты ашуға болатынын айтты. 
Осы орайда ол банктерге үндеу жасады. 

«Өз кезегінде, мен бүкіл банкке үндеу жасағым келіп отыр. Қазіргі қиын кезеңде халықтың өтінішін біз секілді  «бір терезеден» қашықтан қабылдап, мәліметтерін алып, есепшотын сырттай енгізіп, карталарын әзірлеп, үйіне жеткізіп беруге шақырамын», — деді министр.

uakit.kz