МАҚТААРАЛДА ӨЗБЕКСТАНДЫҚ ТЕХНИКАЛАРМЕН ШИТ СЕБУ БАСТАЛДЫ

Мақтаарал ауданындағы болған селден 8 мың гектарға жуық егістік жер зақымданған болатын. Осы аптада су басқан егістік алқаптарды қайта қалпына келтіріп, шитті мақта егу жұмыстары басталды. Осы мақсатта Мақтаарал ауданына Өзбекстан Республикасының Жызақ және Сырдария облыстарынан 40 арнайы техника мен 243,6 тонна мақта шиті жеткізілді.

Аудан аумағына кірген техникалар қазіргі уақытта суы тартылған елді мекендердегі шаруаларға көмектесіп, мақта дақылын қайта егуде. Мәселен, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Қарақыр елді мекеніндегі «Жаманқұл» шаруа қожалығы өзбекстандық техниканың арқасында 7 гектар алқабына мақта шитін қайта сеуіп шықты.
«Өзбекстандық техниканың көмегімен топан су басқан 7 гектар алқабыма мақта дәнін қайта сеуіп алдым. Көрші ағайындар техникадан бөлек, жанар-жағармайын, сұрыпты шитін де тегін беріп отыр. Бұл шығынға ұшыраған біз секілді диқандарға үлкен көмек екені сөзсіз», — дейді «Жаманқұл» шаруа қожалығының мүшесі Жандос Сапархан.
Айта кетейік, жалпы топан судан Мақтаарал ауданындағы 7 мың 500 гектар егістік алқап зардап шеккен болатын. Соның 5035 гектары Жаңажол ауылдық округіне тиесілі. Өзбекстандық техникалардың басым көпшілігі де осы ауыл округіне бөлініп отыр. Бұдан бөлек, Еңбекші ауылдық округіне қарасты Жаңа тұрмыс және Жантақсай елді мекеніндеріндегі жалпы аумағы 113,31 гектар егістік алқапты қайта өңдеу жұмыстарына да өзбекстандық техникалар бөлінді. Сонымен қатар, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Қарақыр елді мекенінде 61,8 гектар егістікке қайтара мақта дәнін себу жұмыстары жүргізілуде.
«Көрші мемлекеттен келген техникаларға деген сұраныс күн санап артып отыр. Өйткені шаруалар су шайған алқаптарына мамыр айының соңғы күндеріне дейін мақта егуге болатынын жақсы біледі. Сондықтан олар күндіз-түні тынбай егістік алқаптарын қайта қалпына келтіру жұмыстарына жұмылуда. Бір тәулікте шамамен 100 гектардан астам алқапқа күлте жүргізіліп, 100 гектарға мақта егілуде», — дейді Мақтаарал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Жарқынбек Мырзалиев.

ПІКІР ЖАЗУ