«ҚАЛАУЛЫСЫҢ БА, ХАЛЫҚТЫҢ АМАНАТЫН ОРЫНДА»

345
0

Батырбек Зиятаев

Сайрамдықтарда ардақ тұтар азамат көп. Соның бiрi де, бiрегейi – Батырбек Зиятаев десек, қателесе қоймағанымыз. Қашан көрсең ақырын жүрiп, аяғын аңдып басатын азамат биязы да, сабырлы қалпынан ешбiр айныған емес. Үнемi ой үстiнде жүредi. Егер ол кiсiнiң өткен өмiр жолдарына үңiлiп көрсек, анау  айтқандай ерекшелiк те жоқ. Кәдiмгi, қарапайым еңбек адамының өмiрбаяны. Ол 1951 жылы Оңтүстiк Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Ақсукент ауылында туған. Бiлiмi – жоғары. Қазақ химия-технология институтын бiтiрген соң еңбек жолын ауылдық құрылыс комбинатында бетон құюшы болып бастап, кейiн шебер, цех бастығы, комбинат директоры дәрежесiне дейiн көтерiлген. 1997 жылы комбинат «Темiртас» жауапкершiлiгi  шектеулi серiктестiгiне айналып, Батырбек Зиятаев осы серiктестiктiң директоры қызметiн әлi күнге абыроймен атқарып келедi. «Сайрам ауданының Құрметтi азаматы, «3-4 және 5-шi шақырылған аудандық мәслихаттың қатарынан 3 мәрте депутаты болған. «Нұр Отан» ХДП-ның мүшесi.

– Батырбек аға, бетон құюшылық пен директорлықтың айырмасы бар ма? Мүмкiн, сәл ғана артқа шегiнiс жасап көрермiз.

– Ешқандай да айырма жоқ. Мен бүгiн директормын деп, кешегi кәсiбiмнен жери алмаймын ғой. Ретi келiп жатса қолыма күрек алып, бетон қаруға дайынмын. Кей-кейде құрылысшылар үлгере алмай жатқан тiрлiктерге қолғабыс тигiзу де мен үшiн ерсiлiк емес. Менiң ойымша, ешкiм де басшылық қызметке бiрден келе қоймаған болар, бәрi де еңбекпен есейiп, өмiрдiң бiраз қиындықтарын бастарынан өткергендер. Алғаш өзiм жұмысқа қабылданған «Белые-воды» құрылыс комбинаты кешегi Кеңес заманында дүрiлгеген кездерi аз болмаған. Тәуелсiздiк алған алғашқы жылдары осындай алып кәсiпорындардың қаншасы талан-таражға түсiп, дүние-мүлкi ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кетпедi емес пе? 1994 жылы мен комбинаттың директоры едiм. Кәсiпорынды аман сақтап қалу, мұнан кейiнгi де қызметiн ел игiлiгiне жарату маған оңайға соқпады. Әйтсе де, жанымдағы жақын серiктерiм, еңбектес әрiптестерiм болып ойға алған мақсатымызды жүзеге асыра бiлдiк, комбинат өз жұмысын жалғастыра бердi. Қазiр ғой, сол кездердегi жанкештi әрекеттерiмiз болмағанда, кәсiпорынның бүгiнгi ахуалы қандай болар едi деп ойланамыз.

– Шымкенттегi «Нұрсәт» шағынауданының бүгiнгi көркiне қарасақ, көз тоймастай өзгерген. Шағынауданның алғашқы iргетасын құюшылар қатарында өзiңiз басқарып отырған «Темiртас» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi де барын жақсы бiлемiз. Облыс орталығында «Темiртастың» қолтаңбасы қалған тағы қандай нысандар бар?

– Иә, «Нұрсат» пен «Темiртастың» байланысы бары рас. Қолымыздан келгеннiң бәрiн жасадық. Алдыңғыларын айтпағанның өзiнде, биылғы жылы бiздiң серiктестiс облыс орталығындағы «Наурыз» мөлтекауданында Жұмамұрат көшесiнiң 0,9 шақырымын, «Төменгi Отырарда» 1,1 шақырымдық жолды, Мирас ауылындағы Кемеқалған көшесiнiң 1,5 шақырымын, «Қайтпас-1» шағынаудандағы Б.Момышұлы, Нұрмекен көшелерiн пайдалануға бердiк. Мұнан бөлек, Сайрам ауданындағы бiрнеше көшелердi орта дәрежедегi жөндеуден өткiзiп, бағдаршамдар орнату, жаяу соқпақтар салу, көпқабатты тұрғын үйлер аралығындағы жолдарды, орталық алаң, спорт алаңшаларын пайдалануға берудi, көшелердi көрiктендiрудi, жаңа электр желiлерiн орнатуды, телiмдiк полицейлерге жағдай жасауды, Ақсукент пен Қарабұлақ тасжолы бойынан арка орнатуды жүзеге асырдық. Басқа да құрылыс-жөндеу жұмыстарынан дәл қазiр бiздiң мойын бұруға шамамыз жоқ. Бiрақ, ел игiлiгi үшiн, халықтың әлеуметтiк деңгейiнiң өсуi үшiн бiз алдымызға ненi мақсат тұттық, орындауға мiндеттiмiз.

– Сiздi депутат ретiнде бiлетiндер аманатына берiк, сайлаушыларының сырласы да, мұңдасы деп айтады. Халық қалаулысысыз, жалпы, депутаттықты дәреже санайтындар да, мансап көретiндер де бар. Сiздiң пiкiрiңiз…

– Мен қатарынан 3 шақырылымның барлығында қарсыластырымнан оқ бойы озық болып, үшеуiнде де сайлаушыларым маған сенiм артты. Сайлауалды бағдарламамда халықтың мұқтажына айналған ең өзектi деген мәселелерге ден қойдым. Құрғақ уәденiң адамы емеспiн, қалаулысың ба, халықтың аманатын орында. Қазiр көпшiлiктiң көзi ашық, көкiректерi ояу, олар екiншi мәрте сенiң алдағаныңа көне қоймайды. Жалпы, халықты алдап, депутат болғаныңнан болмағаның артық. Депутаттықты дәреже санайтындар да, мансап көретiндердiң өздерiнiң ар-ождандары бiлсiн, өз басым халықтың аманатын орындаудан артық мiндет жоқ екенiн бiлемiн.

– Жаңа бiр сөзiңiзде халықтың мұқтажына айналған ең өзектi мәселелерге ден қоямын дедiңiз. Қандай мұқтаждықтар екендiгiн бiлуге бола ма?

– Қазiр Ұлы Отан соғысының ардагерлерi саусақпен санарлықтай-ақ қалды. Солардың қайсыбiрiнiң тұрмыс-тiршiлiгi тым жұпыны. Тыл ардагерлерi мен жалғызiлiктi қарттар да солай. Тұрмысы төмен отбасылар, жетiм-жесiрлер де көмекке мұқтаж. Осындай санаттағы жандарды қамқорлыққа алып, әлеуметтiк мәселелерiне үнемi назар аударамын. Кез-келген ауылда жұмыссыз жастар босып жүр. Оларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл спортын дамытып, жастар саясатын жүзеге асыру да кезек күттiрмес мәселе. Қайсыбiр апатты жағдайдағы және тозығы жеткен мектептердi типтiк жобаға көшiру де уақыттың талабы. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару жүйесiн дамыту, мәслихат депутатының құзiретiн күшейтiп, олардың халық пен билiк арасындағы байланысын нығайту,  ауылшаруашылығы тауарын өндiрушiлердi қолдау мақсатында олардың ұзақ мрзiмдi несиелер, субсидиялар, лизинг арқылы техника алуына көмектесу, шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға, қайта өңдейтiн және құрылыс материалдарын шығаратын кәсiпорындардың ашылуына атсалысу керектiгiн де жақсы бiлгендiктен депутаттық мандатымды осындай тiрлiктердiң нақты iс жүзiне асуына пайдаланамын, жоғарыға жеткiзуге күш саламын. Қолымнан келгенi де болды, келмегенiн келтiруге тырысамын. Мен үшiн депутат – ол халықтың өкiлi, өкiлеттiлiгiн ел мүддесiне жұмсауы тиiс.

– Батырбек аға, асқаралы алпыстың асуына шығыпсыз. Еңбегiңiз ескерiлiп, «Сайрам ауданының Құрметтi азаматы» атандыңыз. Мемлекеттiк наградаларды иемдендiңiз, құрмет пен қошеметтен кенде емессiз. Сонда да, бiрнәрсе жетiспейтiндей болып тұрмай ма?

– Маған елдiң ықыласы мен пейiлiнен артық марапаттың керегi жоқ. Еңбегiмнiң нәтижесiн айтатын да, бағасын беретiн де – халық. Халыққа қызмет ету парызым болғандықтан, бiреудiң ала жiбiн аттамауға, iстеген iсiмнiң нәтижелi де, сапалы болуына, берiлген уәденiң үдесiнен шығуға, жылағанды жұбатып, сүрiнген жанды сүйеуге тырысамын. «Мен ананы iстедiм, мынаған көмектестiм» — дегендей болмашы тiрлiктердi тiзбелегiм келмейдi. Қолыңда бар ма – көмектес. Одан сенiң дүниең ортайып немесе дәрежең төмендей қоймайды. Кейде рас, өз-өзiме есеп берiп, алды-артымды болжағанда бiр нәрсе жетiспейтiндей болады. Ол – «мен елiме не бердiм, елiм маған не бердi?» деген сауалдың төңiрегi. Менiң елiме бергенiмнен бермегенiм көп сияқты. Осы олқылықтың орнын қалай толтырсам екен деген ой менi мазалайды.

– Алдыңыздағы түрлi мерзiмдiк басылымдарды көрiп отырып, сiздiң баспасөзге жақын жан екенiңiздi аңғарғандаймын. Жалпы, әдебиетке, өнерге деген ықыласыңыз қалай?

– Өте жоғары. Бала кезiмiзде жастанып жатып оқыған «Абай жолы», «Ботагөз», «Қазақ солдаты» сияқты кiтаптар бiздi ерте есейткеннен бөлек, шығармашылыққа, әдебиет пен өнерге деген махаббатымызды оятты. Ауру қалса да, әдет қалушы ма едi. Әлi күнге сол, жаңа кiтап көрсем болды, байланып қаламын. Кейде өзiм оқыған дүниелердi өзгелер де оқысын деген ниетпен ұжым мүшелерiн серiктестiктiң есебiнен мерзiмдiк басылымдарға тегiн жаздыртамын. Одан бөлек, өзiм сайланған аймақ тұрғындарына 3 тiлде шығатын аудандық газеттердi өз есебiмнен жаздырып беремiн. Адамға күнделiктi  азық қалай қажет болса, рухани азық та солай қажет.

– Томаға-тұйық мiнезiңiзге қарап, көпшiлiк сiздi қатал мiнездiлердiң қатарына қосады екен. Шынымен де қаталсыз ба?

– Мен де пендемiн. Жұмыстан тыс уақытта дос-жарандарыммен таза ауаға шығып, демалғанды, орынды жерiнде әзiл айтқанды, көпшiлiкпен пiкiр таластырғанды, ән-күй тыңдағанды ұнатамын. Рас, жұмыста қаталдау болғаныммен, менен өткен мiнезi жұмсақ жан жоқ. 2 ұл, 2 қызымнан өрбiген немерелерiмдi ойнатамын, қыдыртамын, бәрiне уақыт табуға тырысамын. Кешегi кеңес дәуiрiнде отбасыны екiншi кезекке қойып келгенiмiз өтiрiк емес. Менiңше, отбасы бiрiншi кезекте тұруы тиiс. Менiң де, ұл-қыздарымның да осындай дәрежеге көтерiлуiне жұбайым Мейрамкүл Қамбарованың өлшеусiз үлесi бар. Оған қарыздар екенiмiздi ұмытпаймыз. Ол — 40 жыл ұстаздық еткен жан.

– Ұстанымыңыз…

– Ұсақ-түйектен аулақ болып, ұрпағымызға ұлағатты iстерiмiздi аманат етiп қалдыру. Туған өлкемнiң түлегiн көркейтiп, көрiктенуiн, ата-баба дәстүрiне адалдық танытып, салт-дәстүрiмiздiң жаңғырғанын, ұл-қыздарымыздың бiлiмдi де бiлiктi маман болып қалптасуларын көргiм келедi. Сол үшiн де осы жолда еңбектенiп, күш-қайратымды жұмсаудан танбаймын. Менiң мақсатым да, ұстаным да осы.

– Ашық сұхбатыңыз үшiн де, ел үшiн еңбектенген ниетiңiз үшiн де алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Iлкiмдi iстерiңiз оңға баса берсiн деймiз.