Күтіп жүр олар…

147
0

6989745Қарттарды қазынаға теңейміз. Сол қазыналарымыздың 260-ы Шымкенттің іргесіндегі Чапаевка елді мекеніндегі Қарттар  мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесінде ғұмыр кешіп жатыр. Әрқайсысының тағдыры әртүрлі. Бірі келіннің теперішіне шыдамаған, бірі безбүйрек ұлдың ұсынысымен келген. Жуырда мекеме директоры Нұрғали Ешенқұловқа жолығып, қариялардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.

«Бізде ер кісілер 63, әйел адамдары 58 жастан бастап орналасады, — деп бастады әңгімесін Нұрғали Ешенқұлов. — Сонымен қатар 18 жастан асқан І және ІІ топтағы мүгедек жандар қабылданады. Мекемеміз 1965 жылы типтік негізде бой көтерген болатын. 2003 жылы қосымша 52 орындық жатын орын ғимараты пайдалануға берілді. Бүгінде мекемедегі қарттарға 130 қызметкер қызмет көрсетеді. 4 мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, емханаға жеткенге дейінгі медициналық көмек те көрсетіледі. Екі дәрігер, 19 медбике, бір тіс емдейтін дәрігер мен 3 массаж жасайтын арнайы мамандарымыз бар. Екі шаштаразшымыз қариялардың тырнақ, сақалдарына дейін алып береді. Жылы, ыстық су әр бөлмеге жетіп тұр. Жалпы айтқанда, қариялардың алаңсыз өмір сүрулеріне барлық жағдай жасалынған, – деді. Директорға еріп, асықпай мекеменің барлық аумағын аралап шықтық. Қариялардың қарындары тоқ болғанымен, көңілдері пәс, жанарлары солғын көрінді. Енді қайтсін, өмірімнің жалғасы деп барын аузына тосқан ұл-қыздары сырт айналса, туысқандары паналатқысы келмесе…
Былтыр мекемеге 4 электрлі орындық сатып алыныпты. 2 жұмсақ орындық пен айналмалы үстел бел-омыртқа және түрлі жүйке ауруларын емдеуге сеп. Сондай-ақ, тіс емдеу бөлмесі де барлық қажетті медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Бұрынғыдай қарттар қалаға келіп, емханада кезекке тұрмайды. Біз барғанда 8 мыңнан астам кітап қоры бар үлкен кітапханада төрт-бес қария газет-журнал парақтап отыр екен. Тренажерлық залда салауатты өмір салтын берік ұстанған бір топ қария жаттығу жасауда. Күш қуаты кемімеген кей аталар қолдарына кетпен-күрек ұстап, аула гүлдерін күтіп-баптауға кіріскен. Біреулері денсаулыққа пайдалы шырынды сораптап отыр асықпай. Енді бірі жоғары қабаттағы бильярд ойынының қызығына берілген. Жүздерін қат-қат әжім торлаған біреулері есік жаққа қайта-қайта телміреді. Бауыр еті балам балдай тәтті немерелерімді ертіп келіп, маңдайынан бір иіскетер ме екен деп…
Соңғы жылдары қарттар үйіне келіп жатқандардың дені — өзіміздің қазақтар. «Ұлт бетіне салық болатындай-ақ жағдай. Бірақ барар жері, басар тауы болмаған соң олар бізге келеді. Қолымыздан келгенше жағдайларын жасап, көңілдерінен шығуға тырысамыз. Десе де, біз мың жерден олардың барлық жағдайын жасағанымызбен, өз үйлеріне жетпейді, біздің қызметкерлеріміз асты-үстіне түсіп құрақ ұшқанмен, ұл-қыздары қымбат. Кейде зейнетақыларына немере-шөберелеріне тәттілер, ойыншықтар алып беріп жібереді» — дейді Нұрғали аға
Қамкөңіл жандардың қал-жағдайларын біліп, тілдескеніміз болмаса «бұл мекемеге қалай тап болдыңыз?» деп көңілдеріне қаяу салғымыз келмеді… Олардың ешқайсысы өз үйінен бездірген ұл-қызын жамандыққа қиғысы жоқ. «Сыйғызбаса сыйғызбасын, қалқиып аман жүргендерінің өзі қымбат» дейді олар. Балалары үшін бар мейірім, махаббатын арнаған жандардың қорғансыз қалып, дәл мұндай күйге түсуіне кінәлі кім? Қатігез қоғам ба, қырын кеткен тәрбие ме? Әлде тасбауыр ұл-қыз ба?

Әйгерім БЕГІМБЕТ.