«Жасыл елдің» жастары жұмыла іске кірісті

52
0

417«Жасыл ел» бағдарламасы Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында» Жолдауы негізінде 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Сол жылы Астана қаласында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының республикалық штабы құрылып, елiмiздiң  барлық аймағанда филиалдары ашылып, жұмысын бастаған болатын. Бұл бағдарлама 8 жылдан бері қаншама жастың Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін оятып, елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында оларды бір арнаға тоғыстырды. «Еңбектің наны тәтті» болатынын ұғындырып, жазғы демалыстарында қарап жүрмей жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға мүмкіндік берді. Жыл өткен сайын біздің облысымызда да жалпыұлттық бастамаға үн қатып, қолдау білдіруші студенттердің қатары артып келеді.
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бастығы Қайрат Төлебаевтың айтуынша, биыл еңбек жасақтарына 750 студентті тарту көзделуде екен. Оның 400-і Шымкент қаласын, 350-і Кентау, Түркістан, Арыс қалалары мен Түлкібас, Сарыағаш т.б. аудандарын абаттандыруға атсалыспақ. Қолына кетпен, күрек ұстап, туған өлкемді жасыл аймаққа айналдырамын деп ниет еткен жастарға облыстық бюджеттен 17 500, ал аудан-қалалардан 15 мың теңгеден төленетін болады. Сонда ай сайын еткен еңбектің өтеуі ретінде 32 500 теңгені қолдарына алады. «Ағаш ек, гүл ек, туған жерді түлет» немесе «бір тал кессең, он тал ек» — деп ата-бабамыз бекер айтпаған ғой. Жасыл желек жанның саясы. Қай дамыған мемлекетті алып қарасаңыз да, жастардың белсенділігі өте жоғары. Барлық саладағы жұмыстар жастардың қатысуымен бітеді. Бізде де еліміздің гүлденуі үшін, озық мемлекеттердің қатарынан орын алуы үшін бәріміз жұмыла жұмыс жасауымыз керек», –деді қызу еңбекке кіріскелі тұрған жастарға Қайрат Төлебаев.
Айта кетейік, биылғы «Жасыл ел» сарбаздары жылдағыдай көшет отырғызып, тал екпейді. Оларға осыған дейін отырғызылған 44 миллионнан астам тал-дарақты суғарып, баптауға тапсырма беріліп отыр. Өйткені, жыл сайын облыс, аудандарда пәленбай мың көшет отырғыздық деп дабыра қылып мақтанғанымызбен, олардың ары қарайғы көктеп, тамырын тереңге жаюына көп ретте мән берілмей қалады. «Жасыл елдің» биылғы жылғы сарбаздары игі істі ары қарай жалғастырып, мыңдаған көшеттің қурап қалмауы жолында да өз белсенділіктерін көрсетсе, құба-құп болар еді.