«Қайдасың, бауырым?» қашанға дейін созылмақ?

268
1

30 31 33

Ә.РАБАЕВ               А.ОРМАНЧИНА               Б.ӘЛИЕВ

Елдегі ең тынышсыз өмір Оңтүстікте деп айтсақ, бізді ешкім сөкет көріп сөге қоймас. Жағымсыздау «Техас» деген аты бар Оңтүстік Қазақстан облысында басқа жақтағылардың ойы түгілі түсіне кірмейтін оқыс оқиғалар орын алып жатады. Өзгелер оны «шымкентский вариант» деп атайды. Сонау Кеңестер дәуірінің өзінде шопырлар мен милициялардың «соғысымен» аты шыққан Оңтүстік, жаңа дәуірде оны ғасыр қасіреті ВИЧ-пен жалғастырды. Осындай оқыстықтар одан кейін де «ат кекілін кескендей» тоқтап қалған жоқ. Әсіресе, «ішіп қойды, жеп қойды, үптеп қойды, қашып кетті» дегендер мүлдем көбейді. Бірінші басшы салмағына, «алмағына» қарай таразыға салып, талғаммен қарап, сан сараптан өткізіп, облыстағы дардай-дардай басқармалар мен департаменттерге жасына кейде қарап, кейде қарамай басшылар тағайындайды. Сол «сенген қойлары» бір күндері өзіне сенген кісіні де, лауазымды креслоны да, өзінің жинаған абыройын да ұятқа қалдырып, елдің бетіне қарағысыз деңгейге жетеді. Оған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бәрі облыс басшысының алақанында, халық қауымның көз алдында.
Бұрын Болатбек Әлиев болып аталып, кейінірек Болатбек Нәжмединұлы деген текке ауысып кеткен А.Мырзахметовтың орынбасары, елдің айтуынша «теңге қалта» деп аталып кеткен, бұрын кеденде жүріп істі болған азамат ақыры «тұтылды». Жылдар бойы жан-жаққа қардай бораған арыздар, баспасөзде жазылған жәйттарға басшылық құлақ аспаған еді. Әйнектің күндей емес, күнінде сынатынының шындық екендігін Б.Әлиевтың қызметтен кетіп, үстінен іс қозғалып, үй қамағына алынуынан кейін ғана барып, баяғы зар-зарлардың шындыққа айналғанына көптің көзі жетті.
Отызға әлі жетпеген, «мұрнының суын толық сүртпеген» баланы апарып бүкіл жол мен көліктің басшысы етіп тағайындауға басшыларды кімнің қалай мәжбүрлегені ешкімге түсініксіз. Қызметтік баспалдақ деген болады, кәдімгі біртіндеп, санамалап басып, жоғары қарай өрлейтін. Осы баспалдақты аттап-бұттап кеткен жерде «бұт айырылып» кететіні бесенеден екінің біріне белгілі. Облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары департаментінің «бала бастығы» Әбілсейіт Рабаев тұтқынға алынып, қазір тар қапастың «қашасының» дәмін татуда.
Облыстық құрылыс басқармасын басқарған Альмира Орманчина басшылық қызметтегі кемшіліктеріне байланысты орнынан босатылып, алысқа «ұзатылмай», сол басқарма бастығының орынбасары лауазымына қалған болатын. Ауру қалса да, әдет қалмайды деген сөздің, сірә жаны бар-ау. Бұл орынтақта әйел бастық баяғы жағымсыз дағдысынан жаңылмай пара алу үстінде қолға түсті. Кепіл хатпен тергеуде жүрген Альмира ханым батыстағы Рысқалиевтерден үлгі алды ма, жұртшылық ол кісінің белгісіз жаққа қашып кеткен хабарын естіді.
Біз мақалаға арқау етіп отырған осы үш қадр жөніндегі жағымсыз жағдайлар соңғы екі үш айдың көлемінде облыста орын алып, аққа қара күйе болып жағылған нәрселер. Бірі тергеуге алынып, үй қамағында болып, екіншісі абақтыда аттандырылып, үшіншісі қашып кеткен осынау құлақ түрер жәйттердің бүгінде екпіні басылып, ізі суып бара жатыр. Арада айлар өткенмен, олардың қылмыстық әрекеттеріне байланысты қандай жұмыстардың жүріп жатқандығы, іздестірудің нәтижесі қандай екендігі жұртшылыққа жұмбақ күйде қалып отыр. Кезінде бұл басшылардың қайда барғаны, қайда болғаны, не айтқаны, кімдерге ұрысқанына дейін «жілік майын шағып» тұрып жазатын БАҚ-тың беті ол кісілер жайлы мәліметтерден мүлдем маһрұм қалған. Өйткені, ешқандай ақпарат жоқ. Әйтпесе, осы күнге дейін тергеудің бітіп, істің не бүк, не шік болатын уақыты жетті. Соншалықты «зынданға түскен» құпиялық оларды құтқарудың немесе ақтаудың жолдарын іздестіруге байланысты жария болмай отыр ма дегенде, көп ішінде күдік бар. Осыған дейін облыс басшылығы тарапынан бұл мәселелерге байланысты бір рет те баспасөз мәслихаты өткізілген жоқ. Ақпарат құралдары арқылы ешқандай мәлімет жария етілген жоқ. Осыдан кейін біз «Бармысың, бауырым?»  деп аттан салып, оның бір жауабын берсе, Президент әкімшілігінің аппаратындағылар айтар деген үмітімізді жоғалпай отырмыз. Бүгінгі демократия мен жариялықтың дәуірінде біз қойып отырған талап, яки өтініш орынсыз болмас деп ойлаймыз.

Қыдыр ҚАЛИЕВ