Сарыағаштағы қылмысты жасырып отырған кім?

180
0

2197271371058526

«Уақыт» газетінің №18 санында жарияланған «Сарыағаштың тағдырына бей-жай қарай алмаймын» атты мақалада ОҚО экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті мамандарының Сарыағаш аудандық білім бөліміндегі былықтарды тексеріп жатқаны туралы айтылған болатын. ОҚО ЭҚжСЖҚК департаменті тарапынан жүргізілген тексеру алғашқыда қарқынды жүргенмен, уақыт өте келе сиырқұйымшақтанып барып, соңы тіпті оңбай қалды. Тексеруді ОҚО ЭҚжСЖҚК департаменті қызметкерлерінің жүргізгені көпшілікті таң қалдыруы ғажап емес. Алайда, бұл Сарыағашта құқық қорғау органдары жоқ дегенді білдірмесе керек. Қаржы полицейлері де, прокуратура да Сарыағашта бар. Алайда, аудандағы құқық қорғау органдары қызметкерлеріне жұрт сенуден қалған. «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар?!» дегендей, ауданда құқық қорғау органдары дұрыс жүмыс істесе, жұрттың облыстық деңгейдегі департаментке жүгіріп несі бар?! Жасыратыны жоқ, ауданда 2-3 мың теңге парамен ұсталғандар сотталып жатыр, ал түйені түгімен жұтатындардың алдында құқық қорғаушылар дәрменсіз.

Мысалы, 2013 жылдың күзінде Сарыағаш аудандық білім бөлімінің бас есепшісі 115 000 теңгемен парамен ұсталды. Сол кезде жазған мақалаларымның бірінде “егер ұсталған акуламыз ертең құтылып кетіп жатса да таң қалмаймыз! Етіміз әбден өліп кеткен, Сарыағашта бәрі мүмкін!!” деген болатынмын. Ауыз жиып үлгерген жоқпыз, әлгі бас есепші бәрінен дін аман құтылды. Тіпті ол өзінің қызмет орнына қайта келіп жайғаспақшы болып әрекеттенгенде, аудандағы біраз адам менің «көріпкелдігіме» таңырқасқан да болатын. Шыны керек, бұл жерде ешқандай «көріпкелдік» керек емес, бұл әңгіме сарыағаштық құқық қорғаушыларды бір кісідей білетіндіктен айтылған болатын.
Бір кісідей білемін дегенім бекер емес. Газеттің өткен санында жарияланған «Сарыағаштың тағдырына бей-жай қарай алмаймын» атты мақаламда аудандық білім бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы Бауыржан Майриховтың 4 миллион және 294 мың теңгені балабақшаларға заңсыз аударып жібергені бойынша «Заңсыз екенін біліп тұрып, желеп-жебейтін «шатыры» болмаса басшы қаржы аударуға құжаттарға қолын қоя ма? Әрине қоймайды. …Егер Майрихов түйені түгімен жалғыз өзі жұтса, онда сотталатыны анық. Ал егер жалғыз жұтпаса, онда қаржыға ешқандай қатысы жоқ қарауыл не әдіскерге ескерту беріледі. Сонымен «құда да тыныш, құдағи да тыныш!» деп жазған болатынмын. Тағы да тура солай болыпты да қойыпты. Осы факт бойынша Сарыағаш аудандық білім бөлімінде аудан прокуроры көмекшісінің қатысуымен өткен жиналыстан білгеніміз, сала қаржысын оңды-солды шашқан Бауыржан Майриховқа түк те болмапты, есесіне қаржыға ешқандай қатысы жоқ әдіскер Лаура Баекиева деген әдіскер «сөгіс» алыпты. Не деген әділ шешім?! Осыдан кейін әділ бағасын өздеріңіз беріңіздер, бұл «көріпкелдік» пе, әлде білгіштік пе? Осыдан кейін көптің көкейінде «2 мың теңге пара алып сотталғанша, миллиондарды оңды-солды шашқан тиімді екен ғой» деген ойдың қылаң беретіні сөзсіз.
Сонымен не керек, облыстық қаржы полицейлерінің тексерулері мамыр айының басында бітті. Тексеру жұмыстарына қоян-қолтық араласпағанымен, сырттай не болып жатқанына қанықпыз. Білім бөліміндегі балабақшалар бойынша әдіскер Жанат Есботаева мен мектеп директорлары Жәнібек Әбдірайымов, Ынтықбай Сахов, Райыс Тастановтардың үстінен қылмыстық іс қозғалатынына бек сенімді едік. Өйткені, Жанат Есботаева ауданның білім бөлімін ұзақ жыл басқарған Сапарәлі Селтановтың кабинетінің алдында 5 жыл бойы отырған хатшысы болатын.
Селтанов мырза зейнетке шығатын уақытысы жақындағаннан кейін бе, әйтеуір Жанатты бір «дұрысырақ, майлылау» қызметке қойып кеткісі келсе керек. Кейінгі кезде мемлекеттің балалар үшін бөліп жатқан қыруар қаржысының арқасында барлық жерлерде балабақшалар ашылып жатыр. Сол қыруар қаржы келіп түсетін «май шелпек» жер – білім бөлімі, ал білім бөлімін ол кезде Сапарәлі Селтанов басқарып отырған. Сапекең жайлы әңгімеге кейін тоқталармыз, ол басқа тақырып.
Осы Сапекең мансабын пайдаланып, хатшысының құжаттарының түгелдей жалған рәсімделуіне ат салысып, нәтижесінде Есботаева Жанат білім бөлімінің балабақшалар бойынша әдіскері болып шыға келеді. Селтанов дүрілдеп тұрса, Жанат қалай әдіскер болмасын?! “Тоқпағы күшті болса, киіз қазық жерге кіреді” деп қайран қазақ қалай дөп айтқан десеңізші. Ал енді «секретарша» Жанаттың табан астынан қалай «методистка» болып шыға келгенін ауданда, әсіресе, білім бөлімінде білмейтін адам жоқ. Бірақ, шындықты айтуға келгенде ешкімнің дәті жетпей ме, әлде өздері де былығып кеткен бе, ешбірі ләм-мим деп ауыздарын аша алмайды.
Мектеп директорлары Жәнібек Әбдірайымов, Ынтықбай Сахов, Райс Тастановтар «жоқ оқушыны» оқып жатыр деп, жалған құжат рәсімдеу арқылы жаңа сыныптар ашып, 400-900 мың теңге көлемінде мемлекет қаржысын ысырап еткен. Бұлардың қасында әлгі екі мың теңге парамен ұсталып, сотталып кетіп жатқандарға жаның ашиды. Бұлардың қылмыстық жауапкершіліктен құтыла алмайтынына бек сенімде болғанбыз. Сөйтсек қателесіппіз. Құтыла алады екен. Тексеру басталғанда ауданда «облыстан келген тексеруді жабу үшін мұғалімдерден 50 мың теңгеден жинап жатыр екен» деген қауесет тарқаған болатын.
«Нәтиже шықса тек облыстан шығады» деген үмітпен шағымданған «Сарыағаш-Әділет» қоғамдық бірлестігінің мүшелері енді не істерін білмей дал. Істің мән-жайын білу үшін ОҚО ЭҚжСЖҚК департаментінің бастығы генерал Серікбай Ерімбетов мырзаның жеке қабылдауына баруға тура келді. ОҚО ЭҚжСЖҚК департаментінде әлгі тексеру бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тарту қаулысы қабылданып қойғанын естігенде тағы да таң қалдық. Жеке қабылдауда генерал С.Ерімбетов «адамның үстінен қылмыстық іс қозғау оңай емес, алайда әлгі әдіскер мен директорлар оңай құтылмайды, оған қам жемеңіздер, оларды қызметтерінен босату туралы Сарыағаш аудандық білім бөліміне ұсыныс бердік» деген. Қылмыс құрамы тұрғанда қайдағы ұсыныс?! Генералға «тексеру жүргізген қызметкерлеріңіз сізге теріс баяндаған сияқты» деп күдігімізді жеткізген де болатынбыз.
Кейін білгеніміздей, тексеру жүргізгендердің қылмыстық іс қозғаудан бас тарту қаулысына ешқандай қатысы жоқ екен. Гәп басқада екен. Гәп Сарыағаш ауданының прокуроры Хали Маматаевтың туған інісі полковник Ғалым Маматаев басқарып отырған ОҚО ЭҚжСЖҚК департаментінің тергеу басқармасында екен. Ауданға келген инспекторлар жұмыстарын жан-жақты, толық, егжей-тегжейлі тексеріп, қылмыстың құрамы анық екенін көрсетіп, өздеріндегі тергеу басқармасына өткізген. Бірақ, полковник Ғалым Маматаев басқарып отырған тергеу басқармасындағы аға тергеуші Туркулов Бағлан “қылмыс құрамы жоқ” деп, қылмыстық іс қозғаудан бас тарту қаулысын, қысқаша айтқанда “отказной” шығарып жібереді. ОҚО ЭҚжСЖҚК департаментінің қылмысты осылай жасырғанына таң қалғанымызды несіне жасырайық?! Себебі біздің қолымызда, оқымаған оқушыны «оқыды» деп жалған құжат рәсімдеу арқылы жаңа сынып ашып, мемлекет қаржысын ысырап еткені үшін 2009 жылдың 28 шілдесінде Игілік мектебінің директоры Әбдірахманов Мырзаханды соттаған №191-09 санды сот үкімі тұр. Мұны қалай түсінуге болады? Егер осы фактілер бойынша аға тергеуші Туркулов Бағлан жасаған тұжырымға сүйенсек, «қылмыс құрамы жоқ» болса, онда Игілік мектебінің директоры Әбдірахманов Мырзахан жазықсыз сотталған болып шықпай ма? Ендеше, оны соттатқан тергеуші, прокурор, соттаған судья — бәрі де жауапқа тартылуы керек емес пе? Сондай-ақ, бұл жағдайда директор Мырзахан Әбдірахмановқа бос жүрген күндеріне ақы төленіп, моральдық және материалдық зиян өндірілуі керек. Егер осы фактілер бойынша қылмыс құрамы анық екеніне қарамай, қылмыс қасақана жасырылса, онда тергеудегі «қой терісін жамылған қасқырлар» қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек емес пе? Бірақ, қылмысты жасырдым деп отырған тергеуші жоқ. «Қылмысты қасақана жауып отырғаныңыз үшін өзіңіз жауапқа тартылудан қорықпайсыз ба?» деп телефон арқылы сұрағанымда, «егер менің қаулыма келіспесеңіздер, аудандық прокурорларыңызға шағымданыңыздар» деген жауап естідік.
Әрине, ол – аға тергеуші, «отказной» қаулысына бастығы полковник Ғалым Маматаевтың өзі келісімін беріп, қол қойып отырса, ал сол қаулының заңдылығына бастығының туған ағасы – Сарыағаш ауданының прокуроры Хали Маматаев баға беретін болса, несіне қам жейді? Қам жейді ме, жемейді ме – ол аға тергеуші Туркуловтың өз ісі. Ал, оның іс-әрекетінің қаншалықты заңды екенін, яғни заңдылықтың Сарыағашта қалай қадағаланатынын прокурор Хали Маматаевтың «отказной» қаулыға берген бағасынан байқай жатармыз…

Амангелді БАТЫРБЕКОВ,
“Уақыт” газетінің Сарыағаш ауданындағы меншікті тілшісі