ЖАНБОСЫНОВТАР ЖАЙЛЫ ТҮЙМЕБАЕВ ТҮБІРЛІ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАЙ МА?

404
0

«…Жақында Франция елшісі келді. Қаланы аралап шықты. Көшеде қурап кеткен ағаштарды көріп, «Ағаштарға не болған?» деп сұрады. «Ауырып қалып еді» деп жауап бердім» деді Түймебаев таяуда өткен облыстық жастар форумында.

Одан өзге аймақ басшысының айтуынша, Шымкент көшелеріндегі сұр түстен көз сүрінетін жол жиектеріндегі жасанды бөгеттер, арықтар да шетелдік қонақты таң қалдырыпты. Қадірлі мейман Шымкенттің бұл кейпін көргенде қала соғысқа дайындалып жатыр деп ойлапты». Бұл Шымқалаға келген елшілерден жерге кірердей болып ұялған облыс әкімінің әңгімесі. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев Шымкент əкімін көгалдандыру жұмыстары бойынша сынап, Əбдірахымовтың орынбасары жасаған баяндаманы қабылдамай қойды. Тіпті кейбір шенеуніктерді орнынан тұрғызып қойып ұрысып тастады. Тек қана көгалдандыру емес, қала көркін реттеу жұмыстарына да көңілі толмаған Түймебаев жауаптыларға қолдарынан келмесе, орнын босату керектігін ескертті. Ол аз дегендей облыс əкімі қонақтарды алып баратын жерлердің жоқтығын да назарға салды.
«Қалаға қонақтар көп келіп жатыр. Мен сіздерге айтайын, ешқандай ұялмай алып баратын жеріміз қазір тек қана «Rixos» қонақ үйі. Əуежай дайын емес, жол дайын емес. Түсіндіңіздер ме? Ескі үйлердің сыртқы келбетін реттеп, жаңа үйлер саларда біркелкілікке мəн беру керек» деп ашуланды Жансейіт Түймебаев.

Ә дегеннен жұмысты томаға түйін отырмайтын әкім ретінде бастаған Жансейіт Қансейітұлының бетіне қарап сөйлегендерге «бұл сенсация емес, популизм» деп шүйлігетін Бейбіт Бәкірұлының «сортынан» емес екендігі елді сүйсіндіріп тастады. Бірақ, жаңа әкімге баға беруге әлі ерте. Сонда да болсын, туған жерді түлете алмау — ер азаматқа қатаң сын екенін ескерсек, жаңа әкім З.Тұрысбеков, Қ.Абдуллаев сияқты азаматтардың басынан өткенді қайталамас деген ойдамыз. Осындайда еске түседі, Германияға іс-сапармен барған Шымкенттің алғашқы әкімдерінің бірі С.Белгібаев қала ішіне көгал (газон) егуді бұйырған ғой, егеді, бірақ… Шыққан көгалы біршама уақыттан соң күннің ыстығына шыдай алмай сарғайып кетеді. Неге? «Ақ үйдегілер» ары-бері бірнеше күн бас қатырады. Маман тапшы болса керек, бірнеше күннен кейін әлгі көгалға үнемі су шашып тұратын құбыр жүргізілмегенін біліп, бастарын қасыпты. Білмесең, білгеннен сұраудың айыбы болған ба?! Қайтсін…

Бүгінгі күн басқа, әкімдік те өзгерді, әкімдер де өзгерді. Ақша бар, тек тірлік шіркін сыннан көз ашпай тұрса, оған кінәлі біз дейсіз бе?! Жансейіт Қансейітұлының баяндаманы қабылдамай тастауының да сыры бар. «Көтере алмайтын шоқпарды белге байлаудың» қажеті қанша?! Тал, жылу, жол дегенде бірінші кезекте еске Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Керімбекұлы Жанбосыновтың түсетіні ақиқат. Бәлкім, бұл шенеунік соңғы алты жылда қаланы гүлдендірдік, саябақтар мен скверлер салдық деп жанұшыратын шығар. Бірақ, ол жұмыстың барлығы облысты басқарған Асқар Исабекұлының қолтаңбасы екенін тарихтан ысырып тастаудан артық күнә болмас. Облысқа келе сала бюджет қаржысын үнемдеп, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін күшейтіп, мемлекеттік қоржынға қол салмай, тікелей өзінің қадағалауымен, бастамасымен қаланы көркейткенін білеміз. «Мен қайсысына жетемін, аудандарға қараймын ба, қалаға қараймын ба?» деп кейігенін білеміз. Ақырында «айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегеннің кері келетін болған соң барлығына өзі араласты. Өзі салдырды, лентасын өзі қиды. Одан да хабардармыз. Өтірік болса, сол уақыттарды қаланы басқарғандардың бірі – облыс әкімінің орынбасары, екіншісі атом саласында, осы облыста жүр. Бірақ, солардың тұсында «суға салса батпаған, отқа салса жанбаған» бір кадр бар, ол – Бейсенбек Жанбосынов…

Тарихқа тереңінен үңілсек, 2011 жылы қаржы полициясы Шымкент қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жарқынбек Құрманбектің үстінен Шымкенттегі Өтегенов көшесінің құрылысын жүргізген серіктестікке артықшылық жасап, мемлекетке 23 миллион теңге залал келтіргені үшін қылмыстық іс қозғады. Алайда, жеті айға созылған тергеу делелдеулердің жетіспеушілігі салдарынан тоқтамға алынды. Бұған дейін осы саланы басқарған Б.Жанбосынов та 2 жылдай қаржы полициясының тергеуінде болып, ақырында «дәлелденбеді» деген құжатпен қала әкімінің орынбасары қызметіне кетіп үлгерген болатын. Бірақ, бұл мәселелер жөнінде жергілікті және республикалық бұқаралалық ақпарат құралдары арқылы ешқандай мемлекеттік мекеме, құқық қорғау органдары заңды баға бермеді, тексеру жұмыстарын жүргізген жоқ. Әрбір жазасыздық жаңа бір қылмыстың орын алуына себеп болатынын ескерсек, тергеуге алынған Б.Жанбосынов басқарып, кураторлық жасап отырған салалар сол кезде былықтан басын көтере алмайтын халге жетті. Атап айтқанда: Шымкент қаласы ішіндегі автожолдардағы кептеліс пен жол қозғалысына кедергі келтіріп отырған келеңсіздіктерді жою мақсатында қала ортасынан құны 100 миллион теңгеден астам қаржыға көпқабатты, металл конструкциядан құралған автопаркинг салынуы керек болатын. Оған мемлекеттен қыруар қаржы бөлінді. Бұл құрылыстың салынуына, халық игілігіне ұсынылуына тікелей жауапты адам – Б.Жанбосынов болатын. Алайда, арада қанша уақыт өтсе де, автопаркинг әлі күнге дейін салынған жоқ. Сонда мемлекеттен бөлінген қаражат пен паркинг үшін сатылып алынған металл бұйымдары қайда кетті? Оған нақты жауап беретін ешкім жоқ. Мемлекеттік қызметшінің кадрлық туыстық, жерлестік және жеке басына берілгендік белгілері бойынша іріктеу мен орналастыру жағдайларына жол бермеуге міндетті екенін ескерсек, мемлекеттік сатып алудың науқаны қызып тұрған Шымкент қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде болып жатқан тендерлер Б.Жанбосыновтың алдынан өтпей жатыр дегенге сену қиын. Бірақ, бұл жолы да мемлекеттік қызметін дұрыс атқара алмағаны үшін Шымкент қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімін басқарып отырған Ж.Құрманбек екінші рет қызметінен босатылып, «жертва» болды. Қазір дым болмағандай, байқалмайтын тасада мемлекеттік қызметін жалғастыруда.

Елбасымыз «қол астындағылар жемқорлықпен айыпталатын болса, бірінші басшы жауап беруі тиіс» деген болатын. Олай болса, қол астындағы қызметтесі. Заң бұзушылыққа жол беріп жатқанда, осы саланың негізгі жауаптысы – Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Б.К.Жанбосынов неге жазасыз қалды?
Шымкент қаласындағы көпқабатты үйлердің аулаларына жүргізілген жөндеу жұмыстары сын көтермейді. Жаңадан салынған асфальт жолдары ойылып, ойын алаңдары мен орындықтар сапасыздық салдарынан жарамсыз күйге түскен фактілері аз емес. Осы заң бұзушылықтар бойынша қандай да бір мемлекеттік мекеме тексеру немесе анықтау жұмыстарын жүргізбеуінің салдарынан мемлекеттік қызметшілер тарапынан заңға бағынбау, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану фактілері көптеп орын сияқты еді.
Мәселен, 2015 жылдың 1-мамыры күні Шымкент қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі «№786136: Шымкент қаласы көшелері бойындағы тротуарларды көріктендіру туралы» және 2015 жылдың 21-сәуірі күні «№781975: Шымкент қаласының көшелері бойындағы жаяу жүргіншілер жолын ағымдағы жөндеуден өткізу туралы» мемлекеттік сатып алу конкурстарын жариялады. Бейресми мәліметтерге қарағанда, аталған конкурсқа 16 жеке серіктестік қатысқан. 03.06.2015 жылғы мәлімет бойынша конкурстың жеңімпазы анықталмаған және мердігерлермен келісім-шарт жасалынбаған. Бірақ, бұл мәліметті Шымкент қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан «ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 12-бап, 7-тармағын бұзу арқылы қасақана таратпай отырды. Соған қарамастан, мемлекеттік сатып алу конкурсына қойылған тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолын ағымдағы жөндеуден өткізу және абаттандыру жұмыстарының басым көбі тендер жарияланып, жеңімпазы танылып қойғанға дейін «Север-Юг универсал» ЖШС-мен жүргізіліп қойылған.
Қызығы сол, жұмыс аяқталып қойған соң тағайындалған тендерге 16 серіктестік қатысады да, 2015 жылдың 19-маусымы күні тендер жеңімпазы болып жұмысты тендер жарияланбай тұрып жасап қойған «Север-Юг универсал» ЖШС-і жеңімпаз болып танылады. Сонда қалған 15 серіктестік тоқалдан туылған болып шықты ма?

Тағы бір сорақысы – ол кезде Шымкент қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарып Т.Қасымбеков деген азамат қызметте отырған еді. Жоғарыдағы шу басталысымен Т.Қасымбековтің «қарасы көрінбей» кетіп еді, биылғы жылы иесіз тұрған креслоға бастық болып кетті. Сонда бұған не деуге болады? «ЖКХ» Жанбосыновтың жекеменшігіне айналып кеткен бе, қалай? Елбасы: «Тендерде мердігерді таңдау кезінде төрешілдік пен ысырапшылдық басталады, бақылаушы органдар мұндайға қалай жол береді?» деп кейіп еді. Сонда Елбасының сөзі де, өзі де өтпейтін халге жеткен бе?
Жоғарыдағылар аздай, Б.Жанбосыновтың тұсында Шымкент қаласы өзінің тарихына пара-пар құнды жәдігерлерінен айрылып отыр. Сан жылдар бойына қала тұрғындарының сауық, көңіл көтеретін орнына айналған «Самолет» демалыс орны қазір қайда? Бұл сұрақты Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары мәслихат хатшысынан бастап осы күнге дейін Б.Жанбосынов пен ол кураторлық ететін сала мамандарына қойып келеді. Өкінішке орай, жауап жоқ. Шымкент қаласының атышулы әкімдерінің бірі болған Ғ.Жұмжаевтың кезінде Әл-Фараби атындағы Орталық алаңнан «курант сағат» бой көтерген еді. Өкінішке қарай, бұл сағат та түп-тамырымен жоқ болып кетті. Әкімдіктегілер сағат жұмыс істемей қалған соң орын ауыстырмақ болғанда, бұзу кезінде шашылып қалғанға ұқсайды. Бірақ, бұл мәселе актіленіп немесе құжат жүзінде рәсімделмеген… Нәтижесінде тағы да сол курантты салуға кеткен миллиондар желге ұшты…

А.Асқаровтың тұсында балалар үшін сыйлық ретінде салынған балалар темір жолының қандай күй кешіп тұрғанына іші ашитын азаматтардың қарасы қалың. 2015 жылы М.Мұхамбетжанның атсалысуымен жаз кезінде ілдәлап қызмет көрсеткен темір көліктер биыл тіптен қарасын көрсеткен жоқ.
Облыс әкімінің шырылдап жүрген жасыл желегіне де жауапты мекеме – Б.Жанбосыновтың кураторлық ететін саласына қарасты. Өкінішке қарай, осы жағын мақтанып айта ма деп жүргенбіз, сынға ілініп, «сылқ» етті. Ғ.Әбдірахымов келгенде «қала сыртынан заманауи «Шымкент- Мall» сауда орын саламыз, қала ішін жабайы базарлардан арылтамыз» деп ұрандағандардың үні жоқ. «Мall»-базардың» мәселесі бүгін «тал» «базарына» айналды. Амал не?! Әр әкім келеді, әрқайсысы Шымкентке жаны ашып келеді, мүмкін қарны ашып келеді, ақырында бюджетті шашып кетеді. Мүмкін Ж.Қансейітұлының айтпағы да осы болған шығар…
«Айтып-айтпай немене, өкінумен өтті ғой, Махамбеттің көп күні» дегендей, Шымкентті шырайландыру үшін аш ішегі майланған, асқазаны жайланған адамдарды басшылыққа жетелеп әкелу керек сияқты. Әйтпесе, Ташкент пен Таразға қарап телміріп, ауыздан судың құрығаны құрыған…

Р.ОРДАБАЙ.