«ҚҰРЫЛЫСТЫ БАСТАМАС БҰРЫН АҚЫЛДЫ АЛҒА САЛУ КЕРЕК»

388
0


Орталығы үшінші мегаполиске айналған Оңтүстік Қазақстанда соңғы жылдары құрылыстың ерекше қарқын алғаны белгілі. Аймақта туған жерді түлету мақсатында түрлі нысандар бой көтеріп, көп қабатты тұрғын үйлер құрылысы да арта түсті. Мәдениет пен өнердің дамуына тың серпін беретін түрлі орталықтар мен ойын-сауық алаңдары да бой көтерді. Қаншама барыс-келістің берекесін келтірген асфальт жолдар төселді. Айналаны әсем етіп, төңіректі түлеткен тірліктердің барлығы жергілікті халықты ерекше қанаттандырып, қуанышқа бөлегені анық. Мұндай көңіл-күйдің баянды болуына ОҚО Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы да өзіндік үлесін қоса білді. Аталған басқарма облыста үлкен маңызға ие құрылыстың сапалы, әрі заң талаптарына сай жүргізілуін бақылап, оған бағдар жасап отыратын, анықталған кемшіліктер бойынша нақты шараларды қарастыратын міндеті ауқымды мекеме. Жуырда оның басшысы Құттыбек Жамашевпен сұхбаттасудың орайы келген еді. Әңгіме барысында оның құрылыстағы түйіткілдердің оябын табу туралы ойлары көкейге қонды.

– Құттыбек Рахматуллаұлы, жауапты жұмысты жүргізетін басқармаға басшылық жасап жүргеніңізге бірнеше жыл болды. Құрылыс жұмыстарының сапалы және қауіпсіз болуына қырағылық танытқан талай тірліктерді орындадыңыздар. Сұхбатымызды өткен жылдағы жұмыстарыңызды бір шолып өтуден бастасаңыз…

– Сөзіміз асылық болмасын, Оңтүстік Қазақстан – адам ресурстарына бай облыс. Халық саны еселей түскен аймақта құрылыс артпаса, кемімесі анық. Мәселен, Тәуелсіздік жылдарында 1491 балабақша, 491 мектеп, 347 денсаулық сақтау нысаны бой көтерген. Бұдан бөлек ел мәдениеті мен экономиканың барлық саласын дамытуға мүмкіндік беретін өзге құрылыс нысандары қаншама десеңізші?! Аймақта жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын сапалы әрі жүйелі жүргізу – үлкен міндет екені белгілі. Өкінішке орай осындай маңызды істі өз мойнына алғанда көптеген жандар құрылыс ережелеріне қайшы келетін қадамдарға барып жатады. Сондай олқылықтарды анықтау, алдын алу және реттеу бағытын үйлестіретін біздің басқарма 2016 жылы 1379 құрылыс нысанын бақылауға алған. Оның 585-нің қабырғасы қазынадағы қаржы есебінен қаланған. Бұл нысандарға 2000-нан астам тексеру жүргізілген. Анықталған кемшіліктер бойынша 756 нұсқама беріліп (2015 ж. — 527), онда көрсетілген талаптар орындалмаған нысандарға 588 тексеру тағайындалды. Әкімшілік шаралар көрілді. Әкімшілік айыппұл салынған қаулылардың саны – 412-ге жетті. Оның сомасы 99, 135 млн. теңгені құрады. Бүгінде оның 72 пайызы өндірілді. Ал әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 2015 жылы 71, 064 млн.теңге болған. Былтыр басқарма тарапынан 100-ден аса мердігер мекемеге 164 рет, 21 жобалаушыға – 29 рет әкімшілік шара көрілді. Соның негізінде 6 лицензия жойылды. 3 лицензия тоқтатылып, 52 техникалық қадағалаушының аттестаттары жарты жыл мерзімге тоқтатылды.
Заң талаптарын белден басқан азаматтардың басқаруымен салынған 169 нысанға 42,7 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Әкімшілік және азаматтық кодекстерге сәйкес басқарма тарапынан 153 нысан сотқа жолданды.
Оның 97-сі нысанды бұзу туралы мазмұнда болған. Соған сәйкес 47 нысанды бұзу, 33 нысанға айыппұл салу туралы сот шешімі шықса, кейбірі қысқартылып, қалған 7-уі сотта қаралуда. Құрылысты бастау туралы хабарламаны басқармаға тіркемей, жұмысын жүйесіз бастап кеткен жандарға да сот шешімімен айыппұлдар тағылды. Құрылысты бұзу туралы сотқа жолданған істердің басым көпшілігі (46-сы) Шымкент қаласына тиесілі болып отыр.

– Әкімшілік айыппұл есебінен бюджетке түскен қаржы жыл сайын артып отыр. Анықталған заңсыз құрылыстар саны да азаяр емес. Мұның себебі неде? Бұл жауапты тұлғалардың құрылыс салу кезінде заңға мойынсұнбағаны ма, әлде одан хабарсыз болғаны ма?

– Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда елдің тұрмысын түзеу – алға қойған негізгі мақсатымыз болды. Соған орай ел қамын жеген Елбасымыз «Ең алдымен – экономика, содан соң – саясат» формуласына жүгініп жұмыс істеуді жолға қойды. Кәсіпкерлікті қолдау мен қалыптастыру экономиканы көтеруге жол ашатынын да алға тартты. Соған сәйкес бизнес субъектілерін тексеруге мараторий жарияланды. Бұдан бөлек, заң талаптарын сақтамай салынған құрылыс нысандарын жария ету жолында да екі рет рақымшылық акциясының өткені белгілі. Мемлекет берген осы мүмкіндіктердің игілігі көп болды, әрине. Дегенмен, бақылау мен тексерудің біршама уақыт тоқтатылуы талап деңгейінен табылмайтын құрылыстың көбеюіне ықпал етті. Сонымен қатар 2002-2012 жылдар аралығында облысымызда аудан, қала әкімдіктері мен оның құрылымдық бөлімдері тарапынан заңнамада белгіленген талаптар сақталмай, құрылыс нысандарын салу бойынша 200 000 мың жер телімдері бөлініп, таратылған.
Мәселен, құрылыс нысандарын салу үшін Шымкентте (2004 және 2012 жылдары бекітілген Бас жоспарға сәйкес Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандарынан енген аумақтарды қоса алғанда) – 70000, Түркістанда – 30000, Кентауда – 14000, Сайрамда – 26000, Түлкібаста – 16000, Ордабасыда –14000, Сарыағашта –12000, Мақтаралда –10000, Арыста – 8000 жер телімі бөлінген. Мұның барлығы да азаматтарға заңнамада белгіленген нормалар мен талаптар сақталмай үлестірілген. Орын алған бұл олқылықтарды жою мақсатында Елбасымыздың Ұлт Жоспары реформасының 46, 47, 48, 49 қадамдары бойынша нақты жұмыстар атқарылуда.

– Құттыбек мырза, Оңтүстік Қазақстан облысында қызыл сызыққа түскен құрылыс өте көп. Бұл қанша жылдан бері көтеріліп келе жатқан күрмеуі қиын мәселеге айналды. Ол әсіресе облыс орталығы Шымкентте белең алған. Бұл мәселені шешудің қисынды жолы не деп ойлайсыз?

– Жоғарыда айтып өткен заңсыз құрылыстардың жаппай соғылуы салдарынан аумақтардың инфрақұрылымы, керекті әлеуметтік нысандар, соның ішінде мектеп, балабақша ғимараттары, инженерлік коммуникациялар дамымай қалуда. Әңгімені әріден бастасақ Шымкент қаласының Бас жоспарына 2004-2012 жылдары өзгерістер енгізілген болатын. 2004 жылы бекітілген Бас жоспарға сәйкес 2004-2007 жылдары аралығында Шымкент аумағына іргелес жатқан Сайрам ауданынан ауылшаруашылық мақсаттағы жерлер енген болатын. Бірақ Сайрам аудандық, ауылдық әкімдіктері сол ауылшаруашылық мақсаттағы жерлерді (нысаналы мақсатына қарамастан) жеке тұрғын үй, жеке қосалқы шаруашылық және басқа да мақсаттағы құрылыс нысандарын салу үшін жеке және заңды тұлғаларға таратқан. Ол жерлердің барлығы да 2007 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен қала әкімдігінің әкімшілік басқаруына берілген.
Мәселен, бекітілген Бас жоспарға сәйкес қөп қабатты түрғын үйлер ауданы жоспарланған аймақтар «Мирас», «Нұртас», «Тұран» және т.б. шағын ауданында жер телімдері 800 шаршы метрден бөлініп, жер актілерінде «ірі қара мал фермасы, әкімшілік ғимарат, тұрғын үй, сауда нысандары, жеке қосалқы шаруашылық және т.б. нысаналы мақсаттар үшін» деп көрсетілген. Қалаға енген басқа да есептік аумақтар осындай ізбен таратылған. Мұндай келеңсіз жағдайлар Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан да орын алған. Мәселен, «Ақ ниет», «Қошқар ата» «Қатынкөпір» ӨК-не ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру бағытында бөлінген жер телімдері азаматтарға 800 шаршы метрден жеке тұрғын үй және басқа да коммерциялық құрылыс объектілерін салуға үлестірілген.
Сонымен қатар, «Асар-2» шағын ауданында нысаналы мақсаты ірі қоғамдық тұрғын кешен құрылысы үшін деп берілген 500 гектар, нысаналы мақсаты автожанармай құю станциясы, дәмхана, сауда орталығы деп көрсетілген 800 гектар жер учаскелері қала құрылыс жобалары жасақталмай 800 шаршы метрден жеке тұрғын үй құрылысына таратылған. Бірақ мемлекеттік актілерде әубастағы нысаналы мақсаты көрсетілгенмен, азаматтар баспана соққан.
2012 жылы бекітілген Шымкент қаласының Бас жоспары негізінде қаланың көлемі 117 мың гектарға ұлғайып, оған іргелес аумақтар (бұған дейін Сайрам, Ордабасы, Төлеби аудандарына қарасты жерлер) қала құрамына енгізілді. Аудандардан қосылған жалпы 73 491 гектар жердің 4000 гектарға жуық ауыл шаруашылығына арналған жерлері (қала құрылыс жобалары жасақталмай) тұрғындарға 8-10 соттықтан бөлініп, оның 30 пайыздан астамына жеке тұрғын үйлер, қора-қопсылар салынған. Мысалы, Сайрам ауданынан өткен Қызылжар, Ынтымақ, Жиделі шағын аудандарында әуежайдың қорғау аймақтарындағы ауылшаруашылық жерлер жеке тұрғын үй салу мақсатына таратылған.
Сонымен қатар, қала аумағына қосылған ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер, қаланың шығыс бағытындағы Сайрам елді мекеніне қарасты 150 га жер — 1000 учаскеге, оңтүстік бағытындағы Бадам елді мекеніндегі 150 га жер — 1500, оңтүстік шығыс бағытындағы Жұлдыз елді мекеніндегі 130 га жер — 1300, солтүстік бағыттаға Бозарық елді мекеніндегі 120 га жер — 1500, солтүстік батыс бағытындағы «Қайнар бұлақ» елді мекеніндегі 650 га жер — 2500, батыс бағыттағы Ынтымақ елді мекеніндегі 220 га — 2100 жер теліміне құрылыс нысандарын салуға (қала құрылыс жобалары жасақталмай) бөлініп игерілуде.
Бүгінде пайдаланудағы тұрғын үйлердің нысаналы мақсаттарын коммерциялық етіп өзгертіп, қайта құру арқылы құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.

– Жоғарыда анықталған кемшіліктер мен орын алған заңсыздықтарды атап өттіңіз. Мыңдаған келеңсіздікке тосқауыл қоюда Сіздерге артылған жауапкершілік өте жоғары. Жалпы қол астыңыздағы инспекторларыңыз үлкен жұмыс ауқымымен бетпе-бет келіп отырған жайы бар. Олар өз міндеттерін орындауға үлгеріп, талап үдесінен табылып жатыр ма?

– Бізге артылған міндеттің ауқымды екенін өзіңіз де байқаған боларсыз. Облысымызда соңғы жылдары бюджет есебінен және инвесторлардың қолдауымен соғылып жатқан құрылыс санының еселеп артуына қарамастан штаттағы қызметкерлердің құрылымы 2010 жылдан бері 49-дан 29-ға кеміген. Басқармадағы бөлім саны да азайды. Бізде қазіргі таңда бас-аяғы 15 құрылыс инспекторы бар. Олардың 7-уі аймақтағы аудан, қалаларда, қалған 8-і Шымкентте жұмыс атқарады. Жұмыс ауқымы жыл сайын арта түскеніне қарамастан, тындырылған тірліктер өткен жылдармен салыстырғанда анағұрлым көп. Оған жоғарыда айтып өткен құрылыс нысаны бойынша салынған айыппұлдар, сотқа жолданған материалдар көрсеткіштері арқылы көз жеткізуге болады. Дегенмен де «ауруын жасырған өледі» деген. Мамандар санын азайту нысандарды бақылау сапасын толымды етіп орындауға кері әсерін туғызып жатыр. Әр инспекторға екі ауданды қадағалау моральдық тұрғыдан ауыр деп түсінемін.

– Облысымызда үлкен жұмыс ауқымын алып, бірақ артылған сенімді ақтамай, қандай да бір олқылықтарға жол беріп жатқан мердігер компаниялардың атын атап, түсін түстей аласыз ба?

– Ондай компаниялардың тобы бір шоғыр. Біздің мамандарымыз тексеру жүргізу кезінде «Жалғас Құрылыс», «Versal Enjiniring», «СиноХайдроКорпорация» АҚ-ы сынды мердігер компаниялардың құрылыс саласындағы заңнамалардың нормалары мен талаптарын өрескел бұзғаны анықталды. Олардың бұл кемшіліктеріне көз жұма қарау, мәртебемізді аласартып қана қоймай, халықтың жергілікті билікке деген сенімін селкеу тартқызатыны сөзсіз. Кемшіліктерге жол бергені үшін оларды лицензиясынан айыру туралы іс-материалы сотқа жолданды. Нәтижесінде аталған мердігер компаниялардың лицензияларының күші жойылды.

– Сіз журналистерге берген кезекті бір мәлімдемеңізде мердігер компанияның бiр мезетте бiрнеше нысанның құрылысын жүргiзуiн құптамайтыныңызды айтқан едіңіз. Қолдан келсе неге бір емес, бірнеше жұмысты атқармасқа. Әлде Сіз біздің облыста қатарынан бірнеше жұмысты алып жүретін компаниялар жоққа тән деп есептейсіз бе?

– Бір мезетте бірнеше жұмысты алып жүретін мердігер мекемелер, сапалы жұмыстарымен сенімді ақтаған болса, мен мұндай мәлімдеме жасамас едім. Демек, оған негіз бар. Тым алысқа кетпей-ақ қоялық. Өткен жылдың өзінде 14 мердігер компания бірнеше нысанға құрылыс монтаж жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде олардың ісінен бір емес бірнеше рет шалағайлық байқалған. Яғни, құрылыс саласындағы заңды бұзған. Талап үдесінен табыла алмаған. Аз болса да, саз болуы қажет. Әркім «көрпесіне қарай көсілгені» дұрыс қой.

– Облысымызда тыңғылықты тірлігімен көңіл марқайтатын құрылыс компанияларын атап бере аласыз ба?

– Әрине кез келген жұмысты бастамас бұрын, ақылын алға салатын, істің тетігін таба білетін құрылыс компаниялары бар. Олардың қатарына «Отау Құрылыс», «Корпорация Ақ ордасы», «РСУ-1», «Қаржан Тау» ЖШС-тері компанияларын қосатын едім.

– Аға, осы біздің облыста халықтың басым бөлігі жер үйлерде қоныстанған. Көпшілігі үйлерін өзі соғып, үй іргелік жерлеріне де құрылыстар жүргізеді. Бірақ кейбірінің жасаған жұмыстары көзге қораш көрінеді. Тіпті көшеге дейін жалғасқан жайлар салып тастайтын адамдарды жиі байқаймыз. Халық арасында болып жатқан мұндай бассыздыққа тосқауыл қоюға бола ма? Жалпы жергілікті халықтың құрылыс жүргізу мәдениеті жайында не айтасыз?

– Жеке тұрғын үйлердің құрылысы шаруашылық әдіспен жүргізілетіндіктен жоғарыдағыдай кемшіліктер орын алуда. Жалпы тұрғын үй құрылыстарын сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен жобалау құжаттамасын жасатып құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу барысында мұндай жағдайлар кемиді деп үлкен сеніммен айта аламын. Алдағы уақытта бұл жұмыс бір ізге қойылады үміттенемін. Мысалы, 2015 жылы біздің басқармаға жеке тұрғын үй құрылыстарын бастау туралы 107 хабарлама жолданса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 385 – ке дейін артып отыр.

– Сөз соңында көкейде жүрген мәселеңізбен, ол туралы ойыңызды бізбен бөлісе кетсеңіз…

– Құрылыс саласындағы көп даудың басы – жобалық сметалық құжаттардың өз деңгейінде жасалынбауынан туындап жатады. Мысалы, жобаға тапсырысшы болып табылатын аудан, қала әкімдіктерінің бөлімдері жер телімін таңдауда, техникалық шарт алуда кемшіліктерге жол береді. Осы ретте құжатты басқармада зерделеуді, салынған нысандарды пайдаланушы мекемелердің келісімін алу артықтық етпейді деп түсінемін. Жобалар қажетті деңгейде бақыланбайды. Артық олжаға кенелу мақсатында бас мердігер, тапсырысшы және жобалаушы мекемелерінің келісімімен ЖСҚ-ға өзгерістер енгізу қалыптасқан «үрдіске» айналуда. Бұл келеңсіздікті біржола шешу үшін жобаға өзгерістер енгізу туындаған жағдайда тапсырыс беруші мекемелер тек техникалық мәжіліс хаттамасымен өзгертуін және бұл мәжіліске мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау мекемесінің маманы мен «Мемсараптама» сарапшысын қатыстырған жөн сияқты. Әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары кезінде балабақша меңгерушілері, бас дәрігер сынды құрылыстың ұңғыл-шұңғылын біле бермейтін адамдар тапсырысшы ретінде рәсімделуде. Бұл нысанды қабылдау кезінде қандай да бір кемшіліктердің көлеңкеде қалып қоюына үлкен жол ашады. Тапсырысшы ретінде аудан, қалалардың құрылыс бөлімдерінің белгіленуі көкейге қонымды сияқты. Құрылысқа қолданылатын материалдарға да мән беріле бермейді. Салдарынан шетелдік және жергілікті шағын кәсіпорындарда өндірілетін сапасы төмен материалдардың көптеп қолданылуы орын алуда. Сол үшін жобаға отандық құрылыс материалдарын, оның ішінде облысымызда өндірілетін өнімдерді пайдалануды енгізсек ұтылмайтынымыз анық. Сөз орайы келгенде айта кетейін, аймақтағы Түркістан қаласы мен Созақ, Отырар, Бәйдібек аудандарында жаңадан пайдалануға берілген бірқатар әлеуметтік нысандарының шатырлары ондағы жиі болатын қатты желге шыдас бермей, олай-бұлай ұшып кеткен жағдайлар жиі орын алуда. Мұндай табиғат құбылысына облысымызда өндіріліп жатқан шатыр жабындарын қолдануды ұсынар едім. Құрамы керамика, асбесть, пластик және т.б материалдардан тұратын оның салмағы ауыр әрі желге төзімді келеді. Жалпы облыста құрылыс материалдарын өндіретін 88 өндіріс орны бар екенін де ескеріп, ондағы өнімдерді тиімді пайдалану тетіктерін қарастыру күн тәртібіндегі мәселенің бірі деп білемін. Тыңдар құлақ, көрер көз болса айтылар ұсыныс та, алға тартатын мәселе де жетерлік. «Келісіп пішкен тонның келте болмайтыны» сынды, құрылысты бастамас бұрын кеңесіп, ақылды алға салып жұмыс істеу нұр үстіне нұр болар еді.

– Сіздің салаңыз бойынша сөз қозғасақ ағытыла кететін мәселелер өте көп. Дегенмен де тобықтай түйін жасай кетсеңіз…

–Бүгінгі таңда Шымкентте құрылыс қарқын алуда. Талайлардың ішегін тартқызар сәулетті сарай, әсем ғимараттар араға апта салып бой көтеріп жатыр. Мұның барлығы бізді қуантады. Бірақ сол ғимараттарды соғу кезінде қандай да бір құрылыс нормасы орындалмай қалса, ол нысанның ертелі-кеш іргесі опырылатыны анық. Сонда бізге халық «тиісті адамдар қайда қарап отырған деп?» реніш айтатыны анық. Сол үшін өзімізге сын көзбен қарап қызмет етуіміз қажет.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Алдан САТЫБАЛДЫ.

(«Уақыт» газеті №4 (223).