ТЕҢ ҚҰҚЫҒЫМЫЗДЫҢ КЕПІЛІ

146
0

Еліміз діттеген мақсатқа, көздеген нысанға, алға қойған межеге жету үшін саяси жүйенің заңнамалық тұғырын жасап, оның құқықтық негізін құру керек еді. Осылайша әбден кемеліне келген тұғырлы заңнама – Конституция дүниеге келіп, ол 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданды.
Ата заң – халқымыздың ғасырлар бойы тәуелсіз ел болу жөніндегі арманын жүзеге асырған, мақсат-мүддесін құқықтық мемлекет ретінде заң тілінде өрнектеген, дүние жүзі мемлекеттеріне, бүкіл адамзатқа жер бетінде берік те нық Қазақстан деген мемлекет бар екенін жария еткен заңды күші бар құжат.
Сан жылдар бойы қалыптасып, жалпыға міндетті ережелерді қамтыған ең жоғары заңдық күші бар Қазақстан Республикасының Конституциясы өмір талабына сай жасақталды. Шынында да дала заңынан бастау алып, әділеттік-құқықтық жүйенің мәдени және демократиялық дәстүрлеріне негізделген Ата Заңды дайындау үшін қыруар жұмыстар атқарылғаны, қажырлы ізденістер жасалып, қаншама талқылаулардың өткені, заңгерлеріміз бен білікті саясаткерлердің де заңды жазуға қатысқаны белгілі. Елдің игілігіне қызмет етуге тиіс, мемлекеттің болашағына бағыт беруді мақсат еткен заңды әзірлеу жұмыс тобына үлкен жауапкершілік жүктеді. Қазақы болмысты сақтай отырып, дамыған елдердің тәжірибелерін арқау еткен Ата Заңымыздың мемлекетіміздің болашағы үшін ұзақ жылдар қызмет ететіні сөзсіз.
Мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы және сот билігі болып бөлініп, олардың конституциялық міндеттері шегеленді. Сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі өз қызметтерінде Республикада сот билігінің мемлекеттік билік тармағы ретінде басқа заң шығарушы және атқарушы билік тармақтарымен тежемелік әрі тепе-теңдік жүйелері арқылы өзара іс-қимыл жасайды.
Әрине, қай кезеңде болсын қоғамдағы түрлі саяси және әлеуметтік күштер, азаматтық өлшемдер басым жағдайда негізгі заңның мәні мен мазмұнын айқындайды. Қоғамдық келісім және елдегі саяси тұрақтылық, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және рухани өлшемдер Ата Заңда көрініс тауып, еліміздің дамуына сара жол ашты. Еліміздің өтпелі кезеңі ішінде Конституция қоғамның күрделі де серпінді күшіне айналып, әлеуметтік, демократиялық реформаларды тереңдете түсті. Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған құқықтық нормалар бекітілді. Ата Заңымыздың 1-бабында оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екендігі баян етілді. Бұл ұстаным – жеке адамның құқықтары мен бостандығының басымдығы, азаматтық қоғам құрудың басты кепілі болып отырғандығын айғақтайды.
Ермек ҚАРАҚҰЛОВ,
аудандық сот төрағасы.
65