Тест теріс тірлік пе?

427
0

Еліміздің мектептерінде оқу жылы аяқталып, бітіруші түлектер ҰБТ сынақтарын тапсыруға кірісіп кетті, қазір бұл шара мәреге таяп та қалды. Биыл бірер өзгерістер енгені болмаса, негізінен  бұрынғы ережелер сақталып қалған.

Біздің мақсатымыз осынау білім додасы туралы пәлендей бір мәселе көтеру емес. Ол  туралы қоғамда әлі талай-талай бағалар беріле жатар. Бұл заңды құбылыс. Қазірге, ҰБТ-ның сегізінші күнінде, Шымкент қаласы бойынша 89 жалпы орта мектебінің 65-і тапсырып үлгерді. «Алтын белгіге» ұсынылған 80 оқушының 38-і өз білімдерін қорғап шықты. Үздік аттестатқа ұсынылған 57 шәкірттің 18-і үмітті ақтап отыр.
Әңгімеміздің әлқисасы жалпы осы тест сынағына деген көпшіліктің көзқарасы туралы.
Алғашқыда ҰБТ туралы қоғамда түрлі кереғар пікірлер айтылғанымен, қазір оны бүкіл қоғам мойындап болды деп жүргенбіз.
Өкінішке орай, биыл ҰБТ сынағы елде басталар-басталмастан тест туралы ескі таласты қайта бастап жатқандарды естіп таңданбасқа лажымыз қалмады. Мәселең, кейбір ғалымдар осы мәселе бойынша тест сынағын өндірістен алып тастау туралы емес, оны жетілдіру бағытында ойларын ортаға салды. Мұны түсінуге болады. Әркім еркін ойдың иесі болғанына не жетсін!
Мақаланы дайындау барысында Шымкент қалалық білім бөлімінің бастығы Жанат Арысбекқызы Тәжиевамен хабарластық. Ол кісі тест сынағын өмірде қажет екенін қолдай отырып, оны дайындау, ұйымдастыру, өткізу барысында орын алған кемшіліктерге тоқталды. Алдымен мемлекеттік сынаққа енген кейбір сұрауларға таңданысын жасырған жоқ. Айталық дарынды баланы айқындау үшін Елбасымыздың аяқ киімінің өлшемі, Абылай ханның итінің аты соншалықты қажет болғаны ма? Кейбір сұрауларда нақтылықтан гөрі ауа жайылып кетушілік орын алыпты. Мысалы, қазақ тілінен берілген бір сұрау толық грамматикалық талдауға айналып кеткен.
Мұндай теориялық, практикалық дәлсіздіктерді Білім және ғылым  министрлігіндегі ғалымдар, мамандар келешекте жөндей жатар деп сенелік.
Ал енді еліміздің осы құзіретті мекемесінің атынан өкілдік арқалап келген кейбір әріптестеріміздің іс-әрекетіне қарнымыз ашты. Рас, олар тәртіп орнату үшін, әділдік үшін жіберілді. Оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Сынақ өтетін жерге кірерде түрлі әдістемелермен әбден тексерді. Дұрыс-ақ. Залда толып отырған шәкірттердің жанына жүгіріп барып, оларды жұлқылап, айқай-шу шығарғанын қалай ақтайсыз. Мұндай дөрекі қылық, сөз жоқ шәкірттерге кері әсер етті. Психологиялық тұрғыдан да, моральдық тұрғыдан да…
Оқушыларға жауапты сәтте жасалған тамаша жұмыс ахуалы осылай бұзылды. Басқаны қойғанда, бұны заңдылық тұрғыдан алып қарасақ та дұрыс емес. Ойымызға дана халқымыздың «шаш ал десе, бас алған» деген данышпандығы түсіп, тілімізді тістеп тұрдық.
Азды-көпті тәжірибемізге сүйене отырып, оқырманмен ой бөліспекпіз. Алдымен теске тойтарыс бергісі келетіндердің уәждеріне келейік. Екі жыл бойы бітіруші психологиялық қысым ахуалында жүреді, денсаулығына зиян болады дегенді алға тартады. 16-17 жастағы жасөспірім психологиялық қысымға осы кезде түспегенде қашан түспек?! Болашағы туралы, біліміндегі олқылықтар туралы осы сәтте ойланбағанда қашан ойланбақ?!. Қазақ «он үште отау иесі» деп тегін айтпаған болар.
Рас, қиын болады, бірақ оған ата-ана, мектеп тарапынан дұрыс көмек көрсетілуі тиіс. Сонда ол білімін толықтырып, табыстарға жете бастайды. Бұл, керісінше, оның денсаулығына да пайдалы болары хақ.
Енді шеберлігі шыңдалмай қалады, сөз байлығы жұтаң тартып, тек фактілерді  жаттаумен шектеледі, жауаптарды «бал» ашып белгілей салады, деген уәждерге келейік. Сырт қарағанда аталған жәйттер бұлтартпас шындықтай көрінеді. Бұл шаруамен айналыспаған өзге саланың адамдары түгіл, өзін «педагог» санап жүрген бір сыпыра мектеп мұғалімдері де осылай ойлайды.
Шынын айту керек, ҰБТ сынағын енгізгенге дейін, әсіресе, 11 сынып оқушыларына, соңғы оқу жылында, мектеп ие болудан қала бастайтын. Себебі, олар мектепті қалай да бітіретінін білетін еді, әрі «бағалары» мектеп дәрежесінде ғана бағаланды, бүгінгідей мемлекеттік тұрғыдан әспеттелмеді. Осыдан барып олардың жалпы алғанда білімге деген ынтасы төмендейтіні шындық болды. Алдымен ҰБТ мектепті осы індеттен құтқарды. Енді, мынаған назар аударыңыз, кез келген ғылым фактілердің жиынтығы. Алуан түрлі фактілерді тақырыбына орай көп жинаған ғалым, өзінің объектісін тезірек ашып, мақсатына марқайып жетеді. Тап осы сияқты болашақ филологтар , тарихшылар тест арқылы мектепте неғұрлым деректі көп жинаса, өзінің туа біткен таланты арқылы осы жиған-тергендерінің арқасында құлашын кеңге сермеп, білім айдынына тереңдей түсерін өмір дәлелдеп отыр. Оның үстіне шығармашылық сынақ деген тағы барын ұмытпаңыз.
Шетелде ондай екен, мұндай екен деп сөз саптау осы күні сәнге айналды. Теске қарсы шыққандардың қайсы біреулері шетелде тек мүгедек балалардан ғана тест алады екен дейді. Солай болса, солай шығар, олардың ол өз ісі. Сонда кеңестік кезеңде жұрт жүргізушілерді дайындау курсында «шаблон» тапсыратын еді. Шаблонымыз 5 сұрау, бір дұрыс жауаптан тұратын бүгінгі тестің өзі екенін енді біліп жүрміз. Әлемге таралған осы әдіспен куәлікке ие болғандардың бәрі мүгедек болғаны ма?..
Өмір болған соң бәрі болады. Дұрыс жауапты «бал» ашып белгілейтіндерді жоққа шығара алмаймыз. Ал енді көзіміз көргендей болатын бала алдындағы 5 сұрауға жауапкершілікпен қарайды. Әр сұраудың жауабын іздейді, салыстырып көреді. Нәтижесінде ол шапшаңдыққа тәрбиеленеді, ғылым әлеміне тереңдеп, ғылымды игеру мәдениетіне машықтанады.
* * *
Тәжірбиеде шығармашылық сынаққа да осы тест арқылы келу пайдалы болатыны дәлелденді. Мәселен, шәкірт қазақ тілінен 25 сұрақтың 23-іне дұрыс жауап берді делік. Оған осы жауаптарынан 5-еуін негізге ала отырып шығарма жазуды ұсынса, көп нәрседен ұтатын боламыз.
Тест сынағын сан-саққа жүгіртіп қызу дау тұрғызуға құмарлардың түпкі мақсаты неде деген сұрау өзінен-өзі туындап отыр. Егер емтихандар бұрынғыдай мектеп қабырғасында ескі сүрлеумен жүргізілсе, онда ондай сынақтың аты ғана «мемлекеттік» болып қалады. Заты, яғни, билігі басшыларға, мұғалімдерге толық көшеді. Әрі қарай бәрі түсінікті… Сол кездерде бала үшін талай шығарма жазылып, талай есептер шығарылғанын білеміз.
Ал қазіргі таңда оқушының бағасы шын мәнінде мемлекеттің қолында тұр. Мемлекет жыл сайын түрлі тетіктер тауып, тәртіпті қатайтқан сайын білімі таяздар шулап қоя береді. Өздерімен өздері шулап жүрсе бір сәрі ғой, олар артына бұл шаруаны түсіне бермейтін ата-ананы, ең қауіптісі – шәкірттерді ертіп алатынында болып отыр. Сондықтан оларға тойтарыс беру – парыз іс.

Сайлау ҚҰЛЖАНОВ.