ШАМАДАН ТЫС ЖҮК 300 ШАҚЫРЫМ ЖОЛДЫ ЖАРАМСЫЗ ЕТТІ

Былтыр Түркістанда облыстық маңызы бар 300 шақырым асфальт жол жарамсыз күйге түскен. Тегіс жолдың бұлайша тозуына жүк көліктерінің шамадан тыс салмақпен жүріп өтуі себеп болып отыр. Бұл туралы Түркістан облысының аппарат мәжілісінде айтылды. Облыс әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметовтың төрағалығымен өткен жиында тиісті органға жолда ауыр жүк көліктерінің қозғалысын қадағалау тапсырылды.

Асфальт жолдардың жай-күйі сын көтермейтін ахуалға түспес үшін ауыр жүк көліктерінің салмағы 8 тоннадан аспауы тиіс. Жиында заңмен екшелген осы тәртіпке бағынбағандарға үлкен көлемдегі айыппұл төлеу күтіліп тұрғаны айтылды.

Бүгінде Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы  21 мың шақырымға жуықтайды. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі өткен жылы 74,1 пайызға жеткен. Билік аталған көрсеткішті биыл 80%-ға жеткізуді жоспарлауда.

uakit.kz

Сурет: ашық дереккөз