«ҮГІЛІП» БАРА ЖАТҚАН ҮЙЛЕР СҮРІЛІП, ЖАҢАСЫ САЛЫНАДЫ

282
0

Бұл жұмыстар үшін инвесторлар
тарту қолға алынды

Шымкентте апатты үйде тұратын тұрғындар бар. Бүгінде арысы 1934 жылы, берісі 1950-1960 жылдары салынған 45 ескі үй бар. Ал ондағы пәтерлер саны 470-ті құрайды. Алдағы уақытта ескірген бұл үйлер сүріліп, оның орнына жаңасы салынады. Бұл мақсатта «Shymkent» ӘКК» АҚ тарапынан инвесторлар тарту жұмыстары қолға алынған.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековтің төрағалығымен өткен мәжілісте айтылды.
Ескі үйлер тұрғындарға қауіп тудырып қана қоймай, оларды әуре-сарсаңға салып жатқаны да жасырын емес. Мысалы, тозығы жеткен 45 тұрғын үйдің арасында ішкі инженерлік желілердің істен шығуы да жиі кездеседі. Апатты нысандардың 18–і Т.Әлімқұлов көшесі бойындағы 2 қабатты үйлер болып табылады. Ерғали Білісбеков «үгіліп» бара жатқан үйлерге қайта жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселені түбегейлі шешпейтінін, дұрысы оларды сүріп тастап, жаңа тұрғын үй салу керектігін алға тартады.
– Бір жағынан бұл шаһардың сәулетін де аша түседі. Құрылыс жұмыстарын бастамас алдын әр тұрғынның пікірімен санасып, ойларына құлақ асатын боламыз. Және апатты үйдегі тұрғындар құрылыс кезінде уақытша баспанамен қамтылады немесе орнына тең пәтер қарастырылады,-деді қала әкімінің орынбасары Ерғали Дәулетбекұлы. Сондай-ақ, биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша республикалық бюджет есебінен қалада 35 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Айта кетейік, былтыр тамыз айында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2021 жылдан бастап инвесторлардың есебінен апатты үйлердің мәселесін шешу қолға алынатынын айтқан болатын. Қала басшысы апатты үйлердің орнына жаңадан көпқабатты үйлер салынса, бастапқы бірінші, екінші қабаттарына үйлері сүрілген тұрғындар орналастырылып, ал жоғары қабаттағы пәтерлерді сатуға шығару жолдары қарастырылатынын мәлімдеген.