ЖОЛДАУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ — БАРШАМЫЗДЫҢ МІНДЕТІМІЗ
ҚР Президентінің биылғы Жолдауын іске асыру бойынша «Петроказахстан» компаниясының қызметкерлерімен жиын өтті. Жиында қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі, жеке кәсіпкер Ербол Жолбарысов Жолдаудың мән-маңызына тоқталып өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экономикалық және әлеуметтік салаға көңіл аударды. Соның бірі – ең төменгі жалақы мөлшері 2023 жылдан бастап 70 мың теңге болады. Қазіргі таңда экономиканың негізгі қозғаушы күші саналатын шикізатқа тәуелділіктен біртіндеп арылып, шағын және орта кәсіпті дамыту маңызды болып тұр. Оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің орны бөлек. Көптеген жұмыс орны осы жоба аясында іске асырылуда. Ал әлеуметтік даму дегенде ойға, ең алдымен, денсаулық сақтау саласын дамыту, әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасының өсуіне мораторий жариялау, бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы мерзімін 1 жылдан 1,5 жылға ұзартылды. Бұл ел игілігі үшін жасалып отырған нақты қадамдар» — деді жиын барысында Е.Жолбарысов.
«Петроказахстан» компаниясы еліміздегі ірі мұнай өңдеуші зауыттың бірі. Жақында ғана Президент Шымкентке жасаған сапарында аталған компанияның жұмысшыларымен кездескен болатын. Жиын соңында компания қызметкерлері Мемлекет басшысының Жолдауын бірауыздан қолдайтынын жеткізді.
Жуырда осы мақсатты көздейтін жиын Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен ұйымдастырылды. AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалы Саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Ербол Байқонысов аудан тұрғындарына жаңа экономикалық саясат, адам капиталын дамыту, мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, саяси реформаларды жан-жақты түсіндіріп берді. «Мемлекет басшысы өз Жолдауында ел дамуының алдағы басым бағыттарын жүйелі түрде белгілеп берді. Қазіргі таңда жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі бойынша жұмысты жандандыру қажет. Қала және аудандық деңгейде қоғамдық қабылдаулар жүргізілуде. Халықтың талап-тілегін басты назарға алып, тұрғындардың әлеуметтік мәселелелерін шешу міндеті тұр. Қандай мәселе болса да біз тыңдауға дайынбыз» – деді Ербол Рәбілұлы. Ербол Байқонысов ендігі кезекте «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстанып, Әділетті Қазақстанды құруға өз үлесімізді қосуға шақырды. Аудан тұрғындарының көкейдегі сауалдарына жауап берді. Жалпы маңызды құжатта айтылған бастамалар жайын терең зерделеу мен халыққа түсіндіру мақсатында үшінші мегаполисте біраздан бері аудан тұрғындарымен жиындар өткізіліп келе жатыр. Онда тұрғындар өз ойларын ортаға салып, пікір алмасуда. Еліміздің дамуына атсалысу – әрбір азаматтың желкесіне жүктелген жауапкершілік. Осы орайда, жарқын болашаққа бірлесе қадам басқанда ғана қоғам дамиды. Яғни Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыруда бірлік пен ынтымақ керек.