ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ КЕЛІСІМШАРТЫ ЭЛЕКТРОНДЫ ЖҮЙЕГЕ КӨШТІ

84
0

Цифрлық жүйенің қоғам өміріне дендеп енуі – заман талабы. Бұл уақытты ғана емес, жалпы адам еңбегін де үнемдейді. Бүгінде жаһан алпауыттары аталған жүйенің игілігін көріп келеді. Десе де елімізде де қолға алынған жұмыстар жоқ емес. Аталған саланың әлеуеті күн санап артып келе жатыр. Қазіргі уақытта көптеген салалардағы қызмет көрсету ісі цифрлық жүйеге көшіп жатыр. Осының арқасында түрлі заңбұзушылық фактілеріне тоқтау салынуда. Жуырда Шымкенттегі газ жабдықтарына қызмет көрсету келісімшарттары электронды жүйеге көшті. Тарқата жазайық…

Шымкент қаласында 29 компания үй ішіндегі газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетуге тиісті аттестат алған. Талдау жұмыстарының нәтижесінде қалада бүгінде 13 компания қызмет атқарады. Ал мұржалар мен желдеткіш арналарын тазалайтын 7 мекеме бар. Олармен тиісті шарт жасалуын цифрландыру мақсатында «I-Shymkent» порталына 13 компанияның тиісті мәліметтері енгізіліп, іске қосылды. Осылайша техникалық қызмет көрсетуге келісімшартты электронды түрде жасауға мүмкіндік бар. Осыған байланысты жауапты мамандар қысқы мезгілде жылыту құралдарын пайдаланудың қауіпсіздігін сақтауға шақырады. Осыған орай қала тұрғындарына иіс газынан уланудың алдын алу үшін үйдегі газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуші мекемелермен келісімшарт жасау қажеттілігі түсіндірілуде.

Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының мамандары қала әкімінің тапсырмаларына сәйкес тұрғындар арасында газды пайдалануда қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша үгіт-насихат жүргізіп келеді. Жыл басынан бері тұрғындарға 42 мыңнан астам жадынама таратылды. Сонымен қатар БАҚ беттерінде видеороликтер, мақалалар жарияланып, арнайы мамандандырылған мекемелердің басшыларының қатысуымен 2 тікелей эфир өткізілді. Мұндағы мақсат – жылыту маусымында қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан туындайтын улану жағдайларын болдырмау.