МИНИСТР ШЫМКЕНТТІҢ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫНА ОҢ БАҒАСЫН БЕРДІ

122
0
Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Жастар ресурстық орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Uakit.kz.
Қазір Шымкент қаласында 248 178 жас бар. Бұл мегаполис халқының 20,7 пайызын құрайды. Жастарға ақпараттық қолдау мен бағыт-бағдар беруде Жастар ресурстық орталығының алар орны айрықша. Қаладан шалғайда орналасқан елді мекендердегі жастарды орталыққа жұмылдыру мақсатында 2021 жылы Шымкент қаласы әкімінің бастамасымен 4 ауданда Жастар орталығының филиалы ашылды. Осы орталықтар күніне 800-ге жуық жасқа қызмет көрсетеді.
Жастарға арналған орталықтың ұйымдастыру жұмысына оң бағасын берген Дархан Қуандықұлы мемлекет тарапынан әрбір жастың тың жобасын қолдауға дайын екенін айтып, әділетті Қазақстанды құруда жастардың қоғамдағы белсенділігі маңызды екенін жеткізді.
«Шымкент қаласының әкімдігі жастарға көп жағдай жасағанының куәсі болып отырмын. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, елдің дамуына арналған кез келген тың жобаларыңызды ұсынып, бар ынтамен еңбек етуге, ізденуге шақырамын. Әділетті Қазақстанды құруда сіздердің де белсенділіктеріңіз өте маңызды», -деді ол.
Жастар ресурстық орталығымен 10-нан астам волонтер ұйымы, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында 4 мыңнан астам белсенді ерікті тығыз байланыста жұмыс істейді. Министрдің сөзінше, Мемлекет басшысы 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялауында үлкен мән жатыр. Өйткені ерікті болу халқымызда ежелден қалыптасқан үрдіс.
«Ерікті болу, ізгі бастамаларға қолдау көрсету, қайырымдылық істерге атсалысу қазақ халқының қанына сіңген қасиет. «Шымкент –қайырымды қала» деп аталуы да тегін емес. Қайырымдылық тек кітапта жазылатын дүние емес, әр қазақтың жан-дүниесінде бар ұғым. Ерікті болуға талпынған жастарға қолдау көрсету де біздің міндетіміз», — деді Дархан Қыдырәлі.