ДАРИҒА НАЗАРБАЕВАНЫҢ САЯСИ АМБИЦИЯСЫ ҚАНДАЙ?

392
0

Мәжiлiс депутаты, Әлеуметтiк-мәдени даму комитетiнiң төрайымы, мемлекет басшысының қызы Дариға Назарбаева тағы да оппозициялық басылымдардың бiрiншi бетiнен түспей тұр. Сәуегейлердiң болжамдарында шек жоқ. Олардың пайымдауынша, Ақ Орданың келесi қожайыны Д.Нұрсұлтанқызы болатын көрiнедi. Нақтырақ айтсақ, ол «араб көктемiнiң» сценариiн дайындап қойыпты. Халық көтерiлiсiнiң басы-қасында жүрiп, ел тiзгiнiн өз қолына алады-мыс. Мұны бiр деңiз. Екiншiсi, Үкiмет жетекшiсi Кәрiм Мәсiмовтi отставкаға кетiруде де Елбасының қызы басты рөлде ойнамақ. Яғни Парламент қабырғасында мәселе көтерiп, оны әрiптестерi қолдап, Премьер-министр «өз еркiмен» лауазымынан босайды. Сөйтiп, Дариға ханым елдегi саяси өзгерiстердiң ұйытқысына айналмақ. Ал, бұл жорамалдар қаншалықты шындыққа жанасатынын бiлмек мақсатта аузы дуалы саясаттанушыларға хабарласып, пiкiрлерiн бiлгендi жөн санадық.

Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:

– «Билiк басына келуге Дариға Назарбаева қамданып жатыр» деген тұрғыда түрлi жорамалдар жасалып, болжамдардың көрiгi қызып тұрғаны рас. Соңғы уақытта бұл жөнiнде бiрқатар мақалалар мен сараптаулар жарық көруде. Менiң ойымша, Дариға Нұрсұлтанқызы билiк басына келетiндей жағдайда емес. Әрине, Мәжiлiс депутаты болып сайланғалы берi оның  саяси салмағы өсуi әбден ықтимал.

Шын мәнiсiнде соңғы 2-3 жылда елдегi iшкi саяси жағдай бiрталай шиеленiсiп отыр. Бұның жай-жапсарына тоқталмай-ақ қояйын. Мәселен, жаңа Парламенттiң құрылуы, Жаңаөзендегi жағдай, лаңкестiк әрекеттер, көптеген коррупциялық жанжалдар дегендей… Және қоғамда iшкi қайшылықтардың төбесi қылтиып тұрғаны аңғарылады. Ауылда да, қалада да билiк органдарына деген сыни көзқарас барын жоққа шығаруға болмас. «Қоғамда өзгерiстер болуы керек!» дегендей талаптар бiршама күшейiп отыр. Менiңше, мұны билiк те байқап, сезiп отыр. Сондықтан күздiгүнi бiрқатар саяси қадамдар жасалуы ықтимал. Мәселен, жаңа Үкiмет жасақталып, елiмiздегi бiрқатар азулы шенеунiктер жемқорлық әрекеттерiне байланысты әшкереленуi ғажап емес. Мысалы, қазiргi таңда Атырау облысының бұрынғы әкiмiнiң үстiнен қылмыстық iс қозғалғаны сөз болуда. Менiңше, осындай әңгiмелердiң тиегi ағытылатын секiлдi. Әйтсе де олар шын мәнiсiндегi реформалар емес, саяси бетбұрысты күту қиын. Көбiне косметикалық өзгерiстер орын алады. Бұл жұршылықтың назарын басқа жаққа аудару үшiн қажет. Осындай жағдайда қазiргi саяси жүйе айтарлықтай өзгере қоймайды. Және Дариға Назарбаева сияқты жекелеген тұлғалардың саяси салмағы өссе де, олар сол iрi өзгерiстердi енгiзе қоймайды. Әсiресе, жүйелiк тұрғыдан. Бүгiнгi жағдайда билiктiң өзi iрi саяси реформаларға дайын емес деп ойлаймын. Ондай өзгерiстерге бару билiктiң 20 жыл бойына өзi құрған жүйенi құртумен бiрдей. Жалпы алғанда, Дариға Назарбаеваның ел тiзгiнiн қолына алу мүмкiндiгi көп емес.

 

Әзiмбай ҒАЛИ, саясаттанушы:

– Жалпы, қазiргi билеушi элита Нұрсұлтан Назарбаевтан кейiн немесе ол кiсiнiң көзi тiрiсiнде кез келген адамды президенттiкке ұсынуы, қоюы және оған көмектесуi мүмкiн. Алайда мемлекеттi басқаратын келесi адам елдi дәл Назарбаевтай билей алмайды. Қазақтар да қырғыздар секiлдi ол президентке пәлендей құлақ аспайтын болады. Элита да бағынбай қояды. Бiреулер «Назарбаев өзiнiң iзбасары етiп кiмдi таңдаса, сол таққа отырады» немесе «Ақша ресурсы арқылы халықты бағындыруға болады…» дегендей сан қилы болжамдар жасауда. Жоқ. Ендi бiзде диктатор да, авторитарлық билеушi де болмайды. Бола қалған жағдайда, қазақтар оны атынан қайта-қайта аударып тастайды. Қазақты оқпен де, өтiрiкпен де тоқтата алмайсыз. Азын-аулақ ақша берiп те алдарқату қиын. Тағы бiр назар аударар жайт, демократияландыру 3-4 кезеңге созылмақ. Және әр кезең сайын демократия күшiне мiне түседi. Яғни Назарбаевтың дәуiрi өткеннен кейiн жаңа демократиялық кезең туады. Сол кезде қазақ қоғамы толық пiсiп, демократиялық үрдiстердi қауiп төндiрмей орнықтыратын жағдайға келедi.

Мысалы, Египет халқы өтiрiк саясатпен басқарылды. «Израильдi жеңемiз, ол үшiн қарулану керек. Қарулану үшiн, қаржы керек. Қаржы табу үшiн, кедейлiкке сәл-пәл көндiгу керек… Бүгiн жеңемiз, ертең жеңемiз…» деп қалың бұқараны пәленбай жыл бойына алдап келген екен. Сөйтсе, Египет президентiнiң Израильмен де, АҚШ-пен де сәлемi түзу екен. Шындығында, елдiң саяси элитасы шетелдiк банктерге қаптап ақша жинай берген. Күндердiң күнiнде бұл қитұрқылықты халық бiлiп қойды да, Хосни Мүбәрәктi төңкерiп тастады. Бiр аптаның iшiнде Египет оянды, бiр аптаның iшiнде Ливия оянды. Сол секiлдi  қазақтың дүниетанымы да күрт өзгередi, «Мына егемендi елiмiзден айырылып қаламыз ғой, орыс пен қытай жерiмiздi тартып алады ғой, өзбектер де оңай шағылатын жаңғақ емес қой. Шыдайық…» демейдi келесi президенттiң кезiнде. Тым талапшыл бола бастайды.

 

Дос КӨШIМ, саясаттанушы:

– Қазақстанның келесi президентi болып кiм сайланса да, билiктiң бағыты жақын арада өзгермейдi. Дариға келсе де, басқа келсе де, менiң ойымша, билiк өзiнiң беталысынан ауытқымайды. Ауытқу үшiн күрделi бетбұрыс қажет. Мысалы, Ата заңға бiраз өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiп, сайлау заңы, саяси партиялар туралы заң өзгеруi керек. Жеке тұлға келiп, әрине, кiшiгiрiм реформа жасайды, бiрақ жүйе тұтастай сол күйi қалады. Сондықтан «Назарбаевтан кейiн Қазақстанды кiм басқарады?» деген сұраққа қызықпаймын. «Билiк басына Дариға келе ме, Құлыбаев келе ме?» деп тон пiшу баланың ойыны секiлдi. Жуық маңдағы 5 жылда қазақ қоғамынан үлкен серпiлiстi күту қиын.

Жалпы, Назарбаевтан кейiн жұртшылыққа беймәлiм адамның билiк тiзгiнiн қолына алуы да ғажап емес. Мәселен, Ресейде В.Путиндi президент болады деп ешкiм ойлаған жоқ. Себебi ол саясаткер болмады, саяси жұмыстармен айналыспады, саяси партияны басқармады. «Кенеттен» келдi де, таққа отырды. Сол сияқты бiздiң билiктiң басына да қалтарыста жүрген адам келе қалса, мен таңғалмаймын. Алайда бiр анығы, ол адам қазiргi билiк салып берген сүрлеуден шықпайды. Егер алда-жалда кездейсоқ адам билiк басына келе қалса, оған жұмыс iстеткiзбейдi. Себебi бүгiнгi билiк жүйесi – бiрiмен-бiрi жалғасып тұрған тұтас құрылым, оның бiр тiзбегi басқаша болып тұруы мүмкiн емес.

Қазақстанның келесi президентi өздерiмен пiкiрлес болуын Ресей де, Қытай да қалайды. Мен аспан асты елiне жиi-жиi сапар шегемiн. Сонда бақаймын, ол жақтағылар «Ендi президент кiм болады, Үкiмет басына кiм келедi?» деген сауалдарды көп қояды. Ресей саясаттанушылары да осы сұрақтардың төңiрегiнде бiздермен жиi пiкiрлеседi. Орайы келгенде айта кетейiн, аталмыш ықпалды мемлекеттер өздерiне жақын жүретiн, тiлiн алатын адамдардың билiк басына келуi үшiн тiптi аянбай атсалысады да. Ондай адамдарды «Ықпал ету агентi» (Агент влияния) деп атайды. Ықпал ету агентi дегенiмiз – шетел мемлекетi саясатының мақсаттарын жүзеге асыру үшiн жүйелi қызмет атқаратын және беделдi, сыйлы адам (немесе қоғам сенiм бiлдiрген тұлға). Олар қазақ топырағында жүргенiмен, басқа мемлекеттiң мүддесi үшiн қызмет етедi. Кейбiр мемлекеттерде сол агенттердiң тiптi Үкiметке жетекшiлiк еткендерi де болған. Мысалы, «ҚазАтомпромның» басшысы В.Школьниктi Ресейдiң «ықпал ету агентi» деп атайды бiлетiндер. Ол шама-шарқынша Ресей үшiн жұмыс iстеп жатыр. Ашықтан-ашық. Дегенмен «Сезiктi бұрын секiредi» демекшi, «Мен ешкiмнiң «ықпал ету агентi» емеспiн» деп баспасөз бетiнде сұхбат берiптi.

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.