ТЕКСЕРУСІЗ САТЫЛҒАН МАЛ ӨНІМІ МӘСЕЛЕ ТУДЫРАДЫ
Санитариялық тексерусіз сатылған мал өнімдері түрлі жұқпалы аурулардың таралуына жол ашып, тұрақсыз эпидемиологиялық ахуал тудыруы әбден мүмкін. Мал өнімдері (сүт, ет, тағы басқалар) арқылы адамдарға жұғатын індетті ауруларға топалаң, туберкулез, бруцеллез, аусыл, құтыру, қойдың жыбырлағы (брадзот), қозының анаэробты дизентериясы, шошқа тұмауы, некробактериоз, тулеремия, хламидиоз, түйе обасы, маңқа және тағы басқалар жатады. Мұндай жағдайды алдын алу үшін ең әуелі малды мал сою алаңдарында сою керек.
Мал сою алаңдарынан тыс жеке үй-жайларда мал сойып сататын азаматтардың қоғамға қандай зардаптары бар?
Бұл сұраққа «Ветеринариялық қызмет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны Түркістан қалалық филиалының ветеринар маманы С.Есіркепұлы төмендегіше жауап береді.
Түркістан қаласы бойынша жануарлардан алынатын (ет, сүт, айран, қымыран, қымыз, т.б) өнімдердің таза әрі сапалы болуы кез келген жергілікті тұрғындар мен қаламызға келуші қонақтарымызды да алаңдатары сөзсіз. Қаламыздың әр сауда орындары мен дүңгіршектеріндегі саудаға түсетін жануарлары ветеринариялық мал дәрігерінің тексеруінен өтуі керек. Бұл жөнінде: «Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі №339 Заңының 22 бабының 1 тармағына сәйкес, Ішкі сауда объектілеріндегі (көпшілік тамақтанатын орындар: мейрамханалар, ресторандар, кафелер, ет өңдеу кәсіпорындары, сою пункттері мен алаңшалары, азық-түлік базарлары, тамақ өнімдерін сақтауға және сатуға, дайындауға арналған үй-жайлар, ет сататын дүкендер, сүт және сүт өнімдері, құс және құс өнімдері) мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау міндетті болып табылады» — делінген.
Себебі, сатылымға түсетін жануарлар мал дәрігерлері тарапынан компьютерлік базаға тіркелген тиісті құжаты мен аса қауіпті ауруларының профилактикасы бойынша егу жұмыстары және серологиялық тексеруден толық өтуі шарт. Азаматтар өз меншігіндегі малын сойып сату үшін малды қаламыздағы арнайы салынған 2 мал сою алаңдарындағы мал дәрігердің қатысуымен соя алады. Сойылған мал туралы құжат алып, еттің сыртына оның арнайы орында сойылғандығы туралы мөр басылуы шарт.
Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі №339 Заңының 22 бабының 5 тармағына сәйкес, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттарды ветеринариялық-санитариялық сараптамасыз сатуға тыйым салынады.
Жануарлардан алынатын өнім, (ет және ет өнімдері, сүт және сүт өнімдері) балық және балық өнімдерін өткізу кезінде ветеринариялық ережелерді, талаптарды, және ветеринариялық нормативтерді сақтамағаны үшін яғни алынған өнімдер мен шикізаттарды (ет, сүт, айран, қымыран, қымыз өнімдер) ветеринариялық-санитариялық сараптамасыз өткізу, сату көпшілік тамақтанатын орындарда пайдаланғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 406 бабы, 2-тармағының 1-бөлімі бойынша жеке тұлғаларға -20, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға — 50, орта кәсіпкерлік субъектілеріне -200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу қаралғанын ескертеміз.
Бірдейленіп құжаттандырылмаған малдар (нақты мал иесі екендігін анықтайтын құжаты болмаса) мал ұрлығына жол ашады деп болжасақ, санитариялық талаптарға сай емес орындарда (жеке үй-жайларда) сойған малдар аса қауіпті жұқпалы ауруларды тасымалдаушыға айналуы мүмкін. Ал сойылған еттер, сүттер, т.б мал өнімдерін ветеринариялық-санитариялық сараптамасыз көпшілік тамақтанатын орындарға пайдаланса арты адам өміріне қауіпті болып түрлі зардаптарға апаруы мүмкін.
Бұл жерде қасапшылар мен ет, сүт өнімдерін тасымалдаушы, сатушы азаматтарға үлкен жауапкершілік артылады. Қала тұрғындарының денсаулығына зиян тигізбейтін құжаттандырылған, мал өнімдерін көпшілік тамақтанатын орындарға ветеринариялық-санитариялық талаптарды орындап, заң аясында халыққа қызмет етсеңіздер құба-құп болар еді. Мұндай азаматтардың еңбегі еш кетпей, кәсібі берекелі болатыны аян.
Ал керісінше белгісіз жерден алынған, малдың ауру-сауына мән бермейтін, ол өлген малдың еті, не болмаса қауіпті індет жұқтырған малдың еті ма, мұздатқышсыз, ашық-шашық, санитарлық гигиена нормалары сақталмай көлікпен тасылған етпе олар қасапшы мен тасымалдаушының өзіне аян. Мұндай азаматтардың қиянаты, зардабы көпшілік жұртқа тиері анық.
Құрметті қала тұрғындары!
Мал өнімін тұтынушы Сіз бен біз. Кез-келген мал өнімін сатып аларда тиісті құжаты мен ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өткен өнім екендігіне аса мән беруіңізді сұраймыз.