ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІП ЕТЕГІН КЕҢГЕ ЖАЙЫП КЕЛЕДІ

110
0

Шымкентте жеңіл өнеркәсіп қарқынды дамып, ел экономикасына сүбелі үлесін қосуда, деп хабарлайды Uakit.kz.
Шымкентте жеңіл өнеркәсіпті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде, өйткені бұл саланың еңбекке қабілетті халықтың жоғары жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ететін айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық маңызы бар сала. Халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеруде жеңіл өнеркәсіптің игі ықпалы өлшеусіз. Осы мақсатта өңіріде бірқатар өндіріс орындары ашылып, өз кәсібін домалатып отырғандардың бірі «КazTexIndustry» компаниясы.
«КazTexIndustry» серіктестігі кез келген киім түрі және арнайы киім формаларын тігетін фабрика. Мұнда әуелде перзентханадағы нәрестелерге арналған киім-кешектер шығарылған. Қазіргі таңда фабрикада медициналық киімдерді де шығаруда. Медициналық формаларына басымдық берілгендіктен нәрсетелерге арналған киімдердің айына 2 мың данасы шығарылып жатыр. Алдағы уақытта өндіріс көлемін арттыруды көздеп отыр. Ал медициналық тауарлардың шығарылу көлемі айына 150 мың дана.
«Қазір медициналық маска, медициналық арнайы киім, нәрестелерге арналған киім-кешектерді тігудеміз. Мысалы мен күніне 300-ге жуық медициналық маска тігемін.  Шығарып отырған өніміміз өте сапалы, материалдары жақсы. Тапсырыс әр түрлі. Жұмысым жақсы, жалақы алып өз нәпақамды тауып отырмын»,-дейді тігінші Сымбат Жаңабай.
Медициналық арнайы қорғаныш формасы герметикалық материалдан тігіледі, сапасы жоғары, сол себептен де сұранысы көп.
«Нәрестелерге арналған киімдеріміздің сапасы жақсы. Жұмсақ әрі жұқа, балаларға ыңғайлы. Маталар Ресей және Түркиядан әкелінеді. Ал тігіліп жатқан медициналық киімдеріміз сертификатталған. Яғни қауіпсіз өнім. Сол себептен де сапалы деп толықтай айта аламыз», — дейді «КazTexIndustry» ЖШС директоры Наргиза Иманакунова.
«КazTexIndustry» компаниясы кез келген тапсырысты жылдам әрі сапалы орындап береді. Тұтынушылары дән риза. Қазақстанның барлық аймақтарында дистрибьюторы бар. Тауарды дер кезінде жеткізіп береді.