ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ӘКІМНІҢ ЕСЕБІН ТЫҢДАДЫ

94
0
Бүгін Шымкент қалалық мәслихатының кезекті жиырма екінші сессиясы өтті, деп хабарлайды Uakit.kz.
Онда депутаттар Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің 2022 жылдың 10 айында атқарған жұмыстары туралы есебін тыңдады. Қала әкімінің айтуынша, Шымкент қаласында биылғы жылдың 10 айында экономиканың негізгі салаларында өсім байқалған.
«Өнеркәсіп өнімінің көлемі 750,3 млрд. теңгеге жетіп, 6 пайызға өсті. Ал, инвестиция көлемі 18 пайызға, құрылыс жұмыстары 39 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 26 пайызға, бөлшек сауда көлемі 12 пайызға артты. Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін дамыту және импортты алмастыру жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде экономикаға тартылған инвестиция көлемі тұрақты түрде артып келеді», – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Оның айтуынша, өткен 4 жылдың ішінде қала экономикасына 1,5 трилиион теңге инвестиция тартылған болса, алдағы бесжылдықта 6 триллион инвестиция тарту жоспарланған. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін нақты жоспар жасалған.
Халық қалаулылары қала әкімінің атқарған жұмыстарына оң баға берді. Сессия барысында депутаттар Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мұнан өзге де бірқатар мәселелерді қарап, тиісті шешімдерді қабылдады.
Сессияда мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов төрағалық етіп, күн тәртібіне ұсынылған 7 мәселені қарады.
Олар:
1. «2022-2024 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджеті туралы» 2021 жылғы 13 желтоқсандағы №12/92-VII Шымкент қаласы мәслихатының шешіміне өзгерістер енгізу туралы;
2. «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» 2018 жылғы 26 қарашадағы №41/329-6с Шымкент қаласы мәслихатының шешіміне өзгерістер енгізу туралы;
3. «Шымкент қаласындағы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы» 2019 жылғы 11 желтоқсандағы №58/505-6с Шымкент қаласы мәслихатының шешiмiне өзгерістер енгізу туралы;
4. Шымкент қаласы мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы;
5. «Шымкент қаласы мәслихатының 2022 жылға арналған жұмыс жоспары туралы» 2021 жылғы 13 желтоқсандағы №12/103-VII Шымкент қаласы мәслихатының шешіміне өзгеріс енгізу туралы;
6. Шымкент қаласы әкімінің оған жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есебі;
7. Шымкент қаласы мәслихатының кезекті сессиясының өткізілуін жоспарлау туралы.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті сала басшылары баяндама жасады. Өз кезегінде депутаттар бірқатар сауалдар қойып, тиісті шешімдер қабылдады. Күн тәртібі бойынша Шымкент қаласы әкімінің оған жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есебі тыңдалды.