ӨЗБЕКСТАНДЫҚ ИНВЕСТОРЛАР ШЫМКЕНТТІҢ МҮМКІНДІГІМЕН ТАНЫСУДА
Биыл мамыр айында Қазақстан мен Өзбекстанның жеңіл өнеркәсіп кешенін бірлесе отырып дамыту мақсатында үкіметаралық келісімдер жасалған болатын. Осыған орай бүгін Шымкент қаласындағы «RAMADA» қонақ үйінде Өзбекстан Республикасынан келген арнайы делегация өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесуге қала әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек қатысып, көрші елден келген инвесторлар мен бизнес өкілдеріне өзара ынтымақтастықтың тиімді тұстары жайлы айтты. Сонымен қатар кездесуге ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриалды даму комитеті төрағасының орынбасары Олжас Сапарбеков те қатысты. Кездесу барысында Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпарациясы басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Сариев қаламыздың инвестициялық әлеуеті, инвесторларға көрсетілетін қолдау мен ұсынылатын жеңілдіктер туралы әңгімеледі.
–Шымкент – Қазақстандағы үшінші мегаполис және қазақстандық жеңіл өнеркәсіптің астанасы. 2022 жылдың қорытындысы бойынша қаланың сыртқы сауда айналымы 2,6 миллиард АҚШ долларын құрады. Оның ішінде 846 миллион доллары экспорттың үлесінде болса, қаламызға 1 миллиард 739 миллион доллардың тауары импортталған.
Жалпы, екі елдің Мемлекет басшылары өзара сауда айналымының көлемін 2025 жылға қарай 10 миллиард АҚШ долларына дейін жеткізу міндетін қойып отыр. 2022 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 3 миллиард 500 миллион долларды құрады. Соның ішінде Өзбекстан мен Шымкент қаласының арасындағы өзара сауда айналымы 370 миллион долларды құрады, – деді Ерболат Құлтасұлы. Е.Сариев өзбекстандық делегация мүшелеріне Шымкентте 3 индустриалды аймақ жұмыс істеп тұрғанын, тағы да жаңадан осындай 3 аймақ ашу бойынша жұмыс жүріп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, «Жұлдыз», «Бозарық» және «Стандарт» индустриалды аймақтарында жыл соңына дейін инфрақұрылым жүргізу жұмыстары толық аяқталып, онда бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі пайда болады.
–Өзбекстандық делегация мүшелерінің басым көпшілігі жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін бизнесмендер болғандықтан, Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының мүмкіндіктеріне кеңірек тоқталғым келеді. Бұл арнайы экономикалық аймақ 2005 жылы салына бастап, 2010 жылдан бері қарай нақты жұмыс істеп тұр. Қазақстандағы 2 кілем фабрикасының екеуі де, елдегі жалғыз шұлық фабрикасы мен жалғыз мақта целлюлозасын өндіретін кәсіпорын да осында орналасқан. Жалпы, қазіргі таңда бұл аймақта нақты жұмыс істеп тұрған 35 кәсіпорын бар. Онда 2500-ден астам адам еңбек етеді. Аймақтың негізгі бағыттарының бірі – жеңіл өнеркәсіп. Егер Сіздер осы арнайы экономикалық аймаққа инвестиция құйып, кәсіпорын ашсаңыздар бірқатар жеңілдіктерге ие боласыздар. Ең алдымен, мұнда инвесторға инфрақұрылым желісі тартылған дайын жер телімі тегін беріледі. Сондай-ақ, инвесторлар жер және мүлік салығынан босатылады. Оған қоса корпоративтік табыс салығы нөл пайыздық ставкамен есептеліп, құрылыс заттарын, өндірістік қондырғыларды және шикізатты иморттаған кезде кедекдік алымдар мен баж салығы да алынбайды, – деді Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпарациясы басқарма төрағасының орынбасары.