ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫНДА НӘТИЖЕЛІ ІСТЕР КӨП
Шымкентте 5 жылда денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасымен жарақтандыруға 19 млрд.теңге бағытталып, қамту деңгейі 67 пайыздан 79 пайызға артты. Соңғы 4 жылда 12 жеке емханалар ашылып, мемлекеттік емханалардың жүктемесі 30 пайызға азайды.
Өткен жылы қалада жеке инвестор есебінен ПЭТ/КТ сәулелі терапия орталығы ашылып, қатерлі ісік ауруын бастапқы сатысында анықтап, алдын ала емдеуге мүмкіндік беруде. Биыл жеке инвесторлар есебінен 3 жаңа емхана ашылды. Осы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан жалпы өлім көрсеткіші 8%-ға (2022ж. – 1741; 2023ж. – 1604), нәресте өлімі 20,6% — ға төмендеді (2022ж. – 122; 2023ж. – 97). Ана өлімі тіркелмеген (2022ж. – 7,9; 2023ж. — 0). Сонымен бірге 2025 жылға дейін жаңа заманауи перзентхана мен жеке инвесторлардың есебінен 800 орындық клиниканың құрылысы және 6 медициналық орталық ашу жоспарлануда. Айта кету керек, Шымкентте 2023 жылдың 5 айында нәресте өлімі 20,6%-ға төмендеген. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында өткен брифингте Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков мәлімдеді. Өз сөзінде «Шымкент қаласында жалпы өлім көрсеткіші 8%-ға және нәресте өлімі 20,6%-ға төмендеді. Жыл басына бері қалада Ана өлімі тіркелмеді. Ал туберкулезден болатын өлім-жітім 66%-ға төмендесе, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 6,5%-ға төмендеді», — деді спикер. Спикердің айтуынша, сонымен қатар халыққа сапалы, уақтылы медициналық қызмет көрсету мақсатында 10 медициналық ұйым аккредиттеуден өтті. Осы жылға 17 медициналық ұйымда аккредиттеуді жүргізу жоспарда бар. Жалпы Шымкентте балаларды оңалту қызметі дамып келеді. Жыл басынан бері «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесінде 162 бала қалпына келтіру және оңалту емінен өтті. Бұл туралы басқарма басшысы «Биыл сәуір айында неврологиялық және басқа да патологиясы бар 3 жасқа дейінгі балаларға арналған №2 оңалту орталығының базасында «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесі ашылды. Ол жерде барлығы 162 бала қалпына келтіру және оңалту емінен өтті. Балаларға медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мақсатында қалалық клиникалық балалар ауруханасында 180 төсектік жаңа корпус ашылды. Төсек саны 315-тен 495-ке дейін ұлғайтылды» деп атап өтті.