250-ДЕН АСА ӨТІНІШ ҚАРАЛДЫ
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр. Бүгінде еліміздің барлық өңірінде облыс пен қала, қала берді аудан әкімдері азаматтарды тұрақты түрде қабылдап, мәселелерінің шешілуіне атсалысып келе жатыр. Бұл тұрғыдан келгенше, Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстар аз емес. Күні бүгінге дейін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков шаһарға қарасты шағынаудандар мен елдімекендерге арнайы ат басын бұрып, атқарылған жұмыстарды саралап, сонымен қатар тұрғындардың талап-тілегін тыңдап келеді.
Бұл ғана емес, әкімдікте де әлеуметтің мәселесін шешуге бағытталған бірқатар бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асуда. Мәселен, жуырда қала әкімдігінде мегаполис басшысы, оның орынбасарлары, сондай-ақ аудан әкімдері мен басқарма басшылары азаматтарды кезекті қабылдауды өткізді. Тұрғындар түрлі, атап айтқанда, абаттандыру және коммуналдық-шаруашылық, бизнес жүргізу, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, автомобиль жолдары, жер қатынастары және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін қарастырды. Қала әкімі әрбір өтінішті егжей-тегжейлі қарап, барлық шешімдер заң шеңберінде қабылданатынын атап өтті. Айта кету керек, көптеген сұрақтарға егжей-тегжейлі түсініктемелер берілді. Жалпы мемлекеттік қызметшілерден 250 адам консультациялар, көмектер және кеңестер алды. Мұндай қабылдаулар жергілікті атқарушы органдарға туындаған мәселелерге жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Осыған байланысты Ғабит Сыздықбеков жауапты тұлғаларға халықпен кері байланысты күшейтуді, ал туындаған мәселелерді шешу кезінде азаматтардың ұсыныстары мен талаптарын ескеруді тапсырды.
Айта кетейік, ұлттық құрылыстың қазіргі кезеңінде Қазақстан Республикасы қарқынды саяси өзгерістер кезеңін бастан кешіп жатыр. Саяси модернизацияның тұжырымдамалық фрейміне «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» моделі арқау болды. Бұл — үкіметтің азаматтармен өзара әрекеттесу, оларды толғандыратын мәселелер мен қажеттіліктерін түсіну бойынша белсенді күш-жігеріне баса назар аударатын мемлекеттік саясат тұжырымдамасы. Бұл тұжырымдама үкімет пен қоғам арасындағы ашық әрі айқын байланыс арналарын құруды көздеп, шешімдерді әзірлеу және қабылдау процесінде азаматтардың дауысын естуге және ескеруге бағытталған. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тәсілі ақпаратты жай ғана тарату немесе «жоғарыдан төменге» саясатын жүзеге асыруға қарағанда, тиімді басқару бұдан да көп нәрсені қажет ететінін көрсетеді. Яғни кері байланыс, идеялар мен қоғамдық пікірді белсенді іздеудің маңызын мойындайды. Бұған қол жеткізуге жәрдемдесетін түрлі құралдар бар. Олар — қоғаммен кеңесу, сауалнамалар, жалпы жиналыстар, онлайн форумдар және басқа да қатысу тетіктері.