СОЛТҮСТІККЕ ҚОНЫС АУДАРУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ШАРТТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

26
0

Солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен солтүстік аймақтарына ерікті түрде қоныс аударуды ынталандыру мақсатында жүзеге асырылуда. Бұл бастама жұмыс күші артық аймақтардан еңбек ресурстары тапшы өңірлерге халықты тарту арқылы елдің демографиялық және экономикалық теңгерімін қамтамасыз етуді көздейді. Бағдарламаның негізгі мақсаттары — оңтүстік аймақтардағы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, солтүстік өңірлердегі кадр тапшылығын жою, солтүстік облыстардағы халық санын арттыру арқылы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдау. Бағдарлама аясында қоныс аударушыларға келесі қолдау түрлері ұсынылады. Отбасының әрбір мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде біржолғы төлем беріледі. 2024 жылы бұл сома 241 500 теңгені құрайды. Қоныс аударушыларға тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығындарын жабу үшін бір жыл бойы ай сайынғы төлемдер қарастырылған. Төлем мөлшері қалаға немесе ауылдық жерге қоныс аударуға байланысты өзгереді. Қоныс аударушыларға жұмыс орындары ұсынылып, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары көрсетіледі.

2024 жылдың басынан бері Солтүстік Қазақстан облысына 412 отбасы немесе 1242 азамат қоныс аударды.  Дегенмен, кейбір өңірлерде халық санының азаюы байқалады. Мысалы, соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысында халық саны 22,43 пайызға төмендеген. Бастама Қазақстанның өңірлік дамуы мен демографиялық теңгерімін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бағдарламаның тиімділігін арттыру үшін қолдау шараларын жетілдіріп, қоныс аударушылардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізу қажет. Осы орайда, жуырда Солтүстік Қазақстан облысынан Шымкент қаласына арнайы делегат келді. Мақсаттары Шымкент қаласының тұрғындарына ерікті қоныс аудару бағдарламасының артықшылықтары мен мүмкіндіктерін таныстыру болатын. Негізі  бұл бағдарлама Қазақстанның еңбек ресурстарын тең бөлу, солтүстік өңірлердегі халық санын арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында жүзеге асырылуда.Кездесу барысында қонақтар  Солтүстік Қазақстан облысындағы тұрмыс жағдайлары, мемлекет тарапынан ұсынылатын жеңілдіктер мен қолдаулар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Оның ішінде: тұрғын үймен қамтамасыз етілетіндігі, жеке үй немесе пәтер алу үшін субсидиялар берілетіндігі де айтылды. Нақтырақайтқанда баспана алғанға дейін 12 ай тұрғын үйді жалдау ақысы мен коммуналды төлемдер субсидияланады. Ал жұмысқа орналасу бойынша еңбек мобильділігі орталығы әртүрлі саладағы бос жұмыс орындары туралы ақпарат ұсынылып, жұмысқа орналасуға көмектеседі.  Кәсіпкерлікпен айналысатындар үшін    қаржылық және кеңестік қолдау көрсетілетіндігі де атап өтілді.  Сондай-ақ, көшіп барғандар үшін білім беру саласы бойынша мектепке дейінгі мекемелер мен мектептерде орындар қарастырылған. Жиын барысында Шымкент тұрғындары бағдарламаның шарттары мен ұсынылған мүмкіндіктерімен танысып шыққандықтан, ұсыныстарға  үлкен қызығушылық танытты. Айта кетейік, солтүстіктен келген делегаттар арасында   2016 жылы Шымкенттен  солтүстіктің  Мағжан Жұмабаев ауданына ерікті қоныс аударған ұстаз Нұржамал Тамбаева да келген. Тұрғындармен кездесу барысында еліміздің солтүстік өңірі шымкенттіктердің бар әлеуетін ашатынын жеткізді. “Мамандығым – еңбек пәнінің мұғалімі. 2016 жылы Мағжан Жұмабаев ауданына өз еркіммен қоныс аударып едім. Жұмысқа орналасуда еш қиындық болған жоқ. Шымкентте қарапайым мұғалім болсам, маған ол жақта директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін ұсынды. Кейіннен, аудандық білім бөлімінде басшылық қызметтерді атқардым. Зейнетке шыққан соң да, аудандағы елді мекеннің біріндегі мектепте директор қызметін ұсынып еді, қабыл алдым. Жалпы, Солтүстік Қазақстан жұмыс істеуге ниетті азамттың барлығына керемет мүмкіндік” — деді Нұржамал Мәметқызы. Еске салатын жайт,  бағдарламаға қатысу үшін қала тұрғындары аудандық мансап орталықтарына жүгініп,  толық ақпарат ала алады. Айта кету керек, 2024 жылдағы жағдай бойынша 8 758 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 137,1 мың этникалық қазақ оралды. Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (49,5%) Қытайдан, 34,7% – Өзбекстаннан, 5,9% – Түрікменстаннан, 5,3% – Моңғолиядан, 3,3% – Ресейден және 1,3% басқа елдерден келген. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті. 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар 59%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,1%-ды және зейнеткерлер 9,9%-ды құрайды. «Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17%-ы жоғары білімді, 23,2%-ы орта кәсіби білімді, 55,2%-ы жалпы орта білімді, және 4,6%-ының білім жоқ», — делінген хабарламада. Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 433 адамды құрайды. 2024 жылғы 1 шілдеге жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1891 қандас қоныс аударды. «Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады — бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге — бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде беріледі», — деп хабарлады ведомстводан. Жыл басынан бері 1579 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 456 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,28 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді. 2023 жылдан бастап пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылды. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Бүгінгі таңда этникалық қазақтардан жаңа форматта 10 993 өтініш қабылданды. Ішкі көші-қон — елдің ішінде тұрғындардың тұрақты немесе уақытша қоныс аударуы. Қазақстанда ішкі көші-қон елдің экономикалық, әлеуметтік және демографиялық жағдайына үлкен әсер етеді. Бұл құбылыс, әсіресе, өңірлер арасындағы экономикалық айырмашылықтар, жұмыс іздеу, білім алу, отбасылық жағдайлар және табиғи ресурстарға қол жеткізу сияқты факторлармен тығыз байланысты. Қазақстанда ішкі көші-қонның ең көп таралған түрі — ауылдық жерлерден қалаға қоныс аудару. Бұл көбінесе жұмыс іздеу, өмір сапасын жақсарту және жоғары білім алу мақсатында жасалады. Ауылдан қалаға көшу елдің урбанизация деңгейін арттырып, ауыл шаруашылығында еңбек ресурстарының азаюына әкеледі. Оңтүстік өңірлерден солтүстік және орталық өңірлерге көші-қон да жиі кездеседі. Бұл үрдіс жұмыс күші жетіспейтін аймақтардағы еңбек ресурстарын толықтыру мақсатында мемлекеттік бағдарламалар арқылы ынталандырылады. Мысалы, «Солтүстікке қоныс аудару» бағдарламасы — еңбек күші артық өңірлерден тапшы өңірлерге ерікті түрде көшуге арналған бағдарлама. Көптеген азаматтар маусымдық жұмыс немесе уақытша еңбек шарттары бойынша басқа өңірлерге көшіп барады. Бұл әсіресе құрылыс, ауыл шаруашылығы немесе басқа маусымдық кәсіптерде жиі байқалады. Жұмыс орындарының жетіспеушілігі, табыс деңгейінің айырмашылығы сияқты факторлар азаматтардың қоныс аударуына басты себеп болып табылады. Қалада жақсы жұмыс мүмкіндіктері мен жоғары табыс деңгейі ауыл тұрғындарын тартатын негізгі факторлардың бірі. Жастардың үлкен қалаларға көшіп, жоғары оқу орындарына түсуі де көші-қонның бір түрі болып табылады. Ауылдық жерде жоғары білім алуға мүмкіндік шектеулі болғандықтан, жастардың қалаға қоныс аударуы кең таралған құбылыс. Кейбір азаматтар өз өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатында басқа өңірлерге көшуді қалайды. Мысалы, экологиялық жағдайы нашар аймақтардан денсаулыққа пайдалырақ өңірлерге қоныс аудару. Ішкі көші-қон еңбек күші жетіспейтін өңірлерге жұмысшылардың келуіне ықпал етіп, экономиканың дамуына септігін тигізеді. Ішкі көші-қон қалалардың өсуіне, олардың инфрақұрылымын дамытуды қажет етуіне, сонымен қатар, заманауи қызметтер мен технологиялардың таралуына әсер етеді. Ішкі көші-қон Қазақстанның дамуы мен қоғам өміріне үлкен әсер етеді. Ол еңбек ресурстарын теңгеруге, урбанизация үдерісіне ықпал етумен қатар, әлеуметтік және экономикалық мәселелерді де туындатуы мүмкін. Мемлекет ішкі көші-қон үдерістерін реттеп, халықтың қоныстану тепе-теңдігін қамтамасыз ету үшін арнайы бағдарламалар мен қолдау шараларын енгізуі қажет. Тек осындай теңгерімді саясат арқылы ғана елдің барлық өңірлері бірдей дамып, азаматтардың өмір сапасы жақсара алады.