ШЫМКЕНТТЕ ЖҮЗЕГЕ АСЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ЖЕМІСТІ ЖҰМЫСТАР КӨП

Шымкент — еліміздегі халық саны миллионнан асатын үш мегаполистің бірі. Облыстан іргесін бөлектеп, республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғанына да біршама уақыт болды. Әрине, осы уақыт ішінде шаһарда бір емес бірнеше әкім ауысты. Әр шендінің қала тарихында қалдырған қолтаңбасы тағы бар. Қазір қала тізгіні Ғабит Сыздықбековтың қолында. Бас қаладан келген кадрдың Шымкенттің әкімі атанғанына да біршама уақыт болып қалды. Осы орайда, жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен көшпелі есеп беру кездесуінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, атқарылған жұмыстардың жай-жапсарын тарқата баяндаған еді. Газетіміздің бүгінгі санында дәл осы жиында айтылған деректерді саралауды жөн санадық…
Шымкент бүгінде шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына айрықша көңіл бөліп отырған өңірлердің бірі десек, артық айтпаған болар едік. Ресми дерекке сенсек, биылғы жылдың 10 айында Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Осы кезеңде қала экономикасының өсімі 12 пайызды құрап, бюджет көлемі 779 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 123 млрд теңгеге көп. Қала берді, қалада бірқатар жаңа өндіріс орындары жұмысын бастап жатыр. Бұл туралы Ғабит Әбдімәжитұлы “Президент Қазақстан халқына Жолдауында өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін 1,5 есе және еңбек өнімділігін арттыру міндетін қойды. Осы бағытта биыл 16 жобаның 12-сі іске асырылды. Олардың жалпы құны – 78,2 млрд теңге. 67,1 млрд теңге инвестиция тартылып, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, «Coca-Cola İçecek» зауыты іске қосылып, 100 тұрақты жұмыс орны құрылды, сондай-ақ «Wan Sheng Ceramic» керамикалық плиталар шығаратын кәсіпорын ашылып, 350 адам жұмыспен қамтылды» деп атап өтті. Қала басшысының сөзінше, өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында жалпы аумағы 438 гектарды алатын екі жаңа индустриялық аймақ іске қосылды. Оның қатарында «Жұлдыз» индустриялық аймағы бар. Мұнда құны шамамен 166 млрд теңге болатын 46 ірі заманауи кәсіпорын шоғырланады. Ал «Бозарық» азық-түлік өнеркәсібі индустриялық аймағында құны 44 млрд теңге болатын 25 жоба жүзеге асырылып, 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Бұл жобалар Шымкенттің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, қала экономикасының дамуына жаңа серпін береді. Сонымен қатар, инвесторлар үшін тартымды жағдай жасап, халықты жұмыспен қамту деңгейін айтарлықтай жақсартпақ. Жалпы қаладағы экономиканың өсуі — қуантарлық жайт. Дегенмен әлеуметтің әлеуетіне де назар аудару аса қажет. Жасыратыны жоқ, газетіміздің бірнеше жыл бұрынғы сандарында жалақының аздығына қатысты мәселелерді тізбектеп жазған едік. Әйткенмен естір құлақтың болмағаны белгілі. Дегенмен қазіргі қала басшысы келгелі сең қозғалған тәрізді. Жуырда өткен жиында бұл тақырып турасында Ғабит Әбдіжәжитұлы “Біз төмен жалақы алатын 15 мыңға жуық азаматтық қызметкердің жалақысын 50 мың теңгеге арттырдық. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 10 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде, жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын мекемелерде ең төменгі жалақы 140 мың теңгеден асты. Қазіргі уақытта қаланың орташа жалақы мөлшері 12,5 пайызға өсіп, 304 мың теңгені құрады” деді. Мегаполис басшысы жұмыс орындарын құру және халықтың табысын тұрақтандыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын да жеткізді. Қалада белсенді жұмыс істейтін азаматтар саны 468 мыңнан асып жығылады. Жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында биыл 45 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту шараларымен қамту жоспарланған. Оның ішінде 32 мың адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жұмыспен қамту және мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 30 пайызға қысқарды, ал өткен жылмен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға дейін төмендеді. Білім мен денсаулық сақтау саласында да іргелі өзгерістер бар. Мәселен, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Шымкентте 18 мектеп салу жоспарланған. Қазіргі уақытта олардың ішінде 3200 орынға арналған 2 мектеп іске қосылды. Білім инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен 3 мектептің құрылысына 7,9 млрд теңге бөлінді, ал инвесторлар қаражаты есебінен 5 мектеп пайдалануға берілді. Оларда 2800 орын бар. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша Тұран шағынауданында 500 орындық «Оқушылар сарайы» салынып жатыр. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталды. Сонымен қатар, жастардың сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында жергілікті бюджеттен 285 грант бөлінді. Бұған қоса, технологиялық кәсіпкерлікті насихаттау және технологиялық стартаптарды құру мақсатында өңірлік IT-орталық «Shymkent HUB» іске қосылды. Бүгінде қала тұрғындарының 42 пайызы бұқаралық спортпен айналысады. Биыл Шымкент спортшылары Қазақстан, Азия және әлем чемпионаттарына қатысып, жалпы 768 алтын, 642 күміс және 724 қола медаль жеңіп алды. Бұл — тамаша жетістік. Осы орайда, жиын барысында “Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз халықаралық деңгейдегі 35 мың орындық жаңа заманауи стадионның құрылысын бастадық. Сонымен қатар жеке инвестиция есебінен 1 000 адамға арналған «Еламан» спорт кешені пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін қалада 500 адамға арналған «SPORT LIFE» шағын футбол орталығының құрылысы аяқталады” деді Ғабит Сыздықбеков. Сонымен қатар, әкім денсаулық сақтау саласындағы қызметтердің сапасын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Қазіргі уақытта медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасының жаңарту деңгейі 86,5 пайызды құрайды. Биыл 46 дәрігер Ресей мен Түркия клиникаларында біліктілігін арттырды, жыл соңына дейін тағы 29 дәрігер біліктілігін жетілдіреді. Бұдан бөлек, алғаш рет балалар ауруханасы мен перинаталдық орталықта госпитальдық фармация бөлімшелері ашылды. Жыл соңына дейін тағы бес осындай бөлімше, сондай-ақ балалар кардиохирургиялық орталығы ашылады. Жедел жәрдем қызметтерінің сапасын арттыру мақсатында 23 арнайы көлік сатып алынды.