МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ ӨЗЕГІ

1
0

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Бұл – жай ғана ресми норма емес, елдің болашағына бағытталған ұлттық тұғыр, қоғамдық келісімнің іргетасы. Сондықтан мемлекеттік қызметтегі әрбір азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі – тек міндет емес, елге деген құрмет пен жауапкершіліктің көрінісі. Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері үшін бұл қағида формальді ұстаным емес, нақты әрекетке негізделген ұстанымға айналды.

Жуырда облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері қазақ тілінің В1 деңгейіндегі курсын табысты аяқтап, арнайы сертификаттарға ие болды. Бұл курс мемлекеттік тілді жүйелі меңгеруге арналған нақты қадамдардың бірі болды. Оқыту курсын Түркістан қаласының Тілдерді оқыту орталығы ұйымдастырды. Бүгінде мемлекеттік тілді үйрету ісі бұрынғыдай тек теориямен шектелмейді. Заманауи әдістемелер, интерактивті оқыту, сөйлесу жаттығулары және практикалық тапсырмалар арқылы тыңдаушылардың күнделікті қызметінде қазақ тілін еркін әрі сауатты қолдану дағдысын қалыптастыру басты мақсат ретінде қойылған. Бұл ретте оқу процесін ұйымдастырушы – қазақ тілі пәнінің оқытушысы Жұмабай Айгерім мемлекеттік қызметкерлердің сөйлеу мәдениетін жетілдіруге, ресми құжаттармен жұмыс жасауына, лексикалық қорын байытуға және грамматикалық құрылымдарды дұрыс қолдануына ерекше назар аударды. Сабақтарда тілді меңгертумен қатар, патриоттық тәрбие, ұлттық болмыс және қоғам алдындағы жауапкершілік мәселелері де қаперге алынды. Себебі мемлекеттік тілді игеру – азаматтың тілдік сауаты мен біліктілігі ғана емес, мемлекетпен байланысының тереңдігін білдіретін рухани көрсеткіш.

Құқық қорғау органдары – халықпен тікелей байланыста жұмыс істейтін құрылым. Полицейдің сөзі – елдің заң алдындағы сенімінің бейнесі. Егер тәртіп сақшысы азаматпен тіл табыса алмаса, бұл – құқықтық мәдениеттің де, мемлекеттік беделдің де төмендеуіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан полиция қызметкерлерінің қазақ тілін меңгеруі – құқықтық қызметтің сапасын арттыратын маңызды фактор. Екіншіден, Конституцияға сәйкес қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, әрі мемлекеттік органдардағы іс-қағаздар да осы тілде жүргізілуі тиіс. Бұл заңдық талапты орындау үшін қызметкердің тілді еркін қолдана алуы – күнделікті тәжірибеде аса қажет. Үшіншіден, бұл қадам – тілдік теңсіздік пен тілдік ортадағы кедергілерді жоюға бағытталған нақты шешім. Көп жылдар бойы өзге тілде білім алып, кәсіби тәжірибе жинаған қызметкерлер үшін қазақ тілін меңгеру оңай шаруа емес. Алайда, ниет пен жүйелі әдіс болса, кез келген салада нәтижеге қол жеткізуге болады. Түркістандық полиция қызметкерлерінің мысалы – осы сөздің дәлелі. Курс барысында интерактивті және практикалық сабақтарға басымдық берілді. Тыңдаушыларға келесідей бағыттарда арнайы сабақтар өткізілді. Сөйлеу мәдениетін дамыту – күнделікті қарым-қатынаста қолданылатын тіркестер мен стильдік ерекшеліктер. Ресми-іскери тілдің құрылымы – хат, баяндама, өтініш, қызметтік жазба үлгілері. Грамматикалық жүйелілік – негізгі ережелер мен сөйлем құрау машығы. Лексикалық қорды байыту – мемлекеттік және құқықтық терминдер, тіркестер. Әсіресе, «жедел ауысымда қолданылатын қазақша сөйлеу үлгілері», құжат толтырудағы терминдермен жұмыс, құқықтық мәтіндерді аудару және түсіну сияқты бөлімдерге ерекше мән берілді. Бұл – тіл курстарының формальді емес, қызметтік қажеттілікке бағытталған нақты оқытуға айналғанын көрсетеді.

Оқыту нәтижесінде курсқа қатысқан полиция қызметкерлері мемлекеттік тілде сенімді сөйлеуге, құжаттарды жазуға және түсінуге, азаматтармен жылы, іскерлік қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік алды. Сертификатқа ие болған қызметкерлер тек тілдік дағды емес, моральдық жауапкершілікті де сезіне бастады. Өйткені мемлекеттік тілді білу – елге қызмет етудің негізгі шарты. Қазақ тілін үйрету тек кәсіби қажеттілікпен шектелмейді. Бұл – ұлттық бірігудің, мәдени сабақтастықтың, тарихи тамырдан ажырамаудың жолы. Полицейлердің мемлекеттік тілді меңгеруі – қоғамда мемлекеттік тілдің рөлін арттыруға бағытталған оң бастама. Бұл арқылы тіл саясаты нақты өмірге енгізіліп, ұлттық идеологияға айналып келеді. Бұдан бөлек, мұндай бастамалар қызметкерлердің психологиялық бейімделуіне, командалық рухының нығаюына, және ең бастысы, халықпен тіл табысу әлеуетінің артуына үлкен сеп болады.

Түркістан облысы Полиция департаментінің бастамасымен жүзеге асқан бұл тіл курсы – мемлекеттік тілге деген құрмет пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Бұл – ішкі істер органдарында тіл саясатының дұрыс бағытта қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.