ЖҰМЫСШЫ МАМАНДАР ДАЯРЛАЙТЫН КОЛЛЕДЖ ӨКІЛДЕРІ ҚЫТАЙДА ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

37
0

Бүгінгі жаһандану дәуірінде ауыл шаруашылығы саласында заманауи білім мен инновациялық технологиялардың маңызы бұрынғыдан да артып келеді. Осы ретте Түркістан облысы Қытай Халық Республикасымен аграрлық саладағы ынтымақтастықты күшейту арқылы өңірлік агроөнеркәсіп кешенінің сапалық дамуына жол ашып отыр. Жуырда Түркістан облысының 8 агроном-оқытушысы Шэньси провинциясындағы Вэйнань қаласында өткен халықаралық аграрлық оқыту курсына қатысып, тәжірибе алмасудың тың мүмкіндігіне ие болды.

Бұл сапар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей қолдауымен жүзеге асқанын атап өткен жөн. Өңір басшысының бұл қадамы агроиндустрия саласындағы мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру мен білім беру жүйесінің жаһандық трендтерге бейімделуіне ықпал етеді. Қытай бүгінде әлемдік ауыл шаруашылығы нарығында жоғары өнімділік пен технологиялық тиімділікті ұштастыра отырып көш бастап келе жатқан елдердің бірі. Бұл елдің тәжірибесін үйрену – агроөнеркәсіп кешені дамыған мемлекеттермен терезесі тең болуға ұмтылған Түркістан облысы үшін аса маңызды қадам. Халықаралық оқыту курсы Қытайдың жетекші аграрлық университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарының ұйымдастыруымен өтті. Бағдарлама Орталық Азия елдерінің нақты климаттық және өндірістік жағдайларын ескере отырып арнайы бейімделген. Бұл – оқыту курсының ерекше құндылығы. Курс барысында қатысушылар ауыл шаруашылығында қолданылатын мынадай заманауи бағыттар бойынша білім алды. Олар — органикалық егіншілік негіздері, су үнемдеу технологиялары және тиімді ирригация жүйелері, агроинновациялар мен «ақылды» фермерлік, сапалы тұқым шаруашылығын ұйымдастыру, цифрлық ауыл шаруашылығы мен смарт-ферма үлгілері, агробизнес және экспортқа бағытталған өндіріс моделі. Бұл тақырыптар қазіргі ауыл шаруашылығының стратегиялық келешегін анықтайтын бағыттар екені анық. Түркістан өңіріндегі мамандардың бұл білімді меңгеруі – алдағы уақытта өңірлік агросаясатта сапалық серпіліс жасауға мүмкіндік береді.

Айта кетерлік маңызды жайт, 2024 жылғы 7 шілдеде Вэйнань мен Түркістан қалалары арасында достық, алмасу және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат – ҚХР бас хатшысы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында халықаралық байланысты нығайтудың нақты көрінісі. Бұл меморандумның практикалық нәтижесі ретінде Вэйнань қаласының сыртқы экономикалық және техникалық ынтымақтастық бюросының бастамасымен оқыту курстары ұйымдастырылды. Алдағы уақытта да мұндай тәжірибе алмасу жобалары тұрақты түрде өткізіліп, екі ел арасындағы аграрлық білім мен технология айналымы арта түсетіні күтілуде.

Түркістан облысы – еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерін негізгі өндіруші өңірлердің бірі. Облыстағы жалпы өнімнің 13 пайызы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Әсіресе экспортқа бағытталған өнім көлемін арттыру мен су тапшылығына қарсы шаралар – күн тәртібіндегі басты мәселелер. Міне, сондықтан аграрлық колледж оқытушыларының халықаралық деңгейдегі кәсіби біліктілігін арттыруы, олар үйренген тәжірибені студенттерге, ал студенттер арқылы нақты өндіріске жеткізуі – үлкен жүйелі жұмыстың бастамасы саналады. Түркістан облысының агроном мамандарының Қытайдан алған білімі – бір реттік шара емес, ұзақ мерзімді серіктестіктің алғашқы баспалдағы. Бұл сапар Түркістан мен Вэйнань арасындағы аграрлық, білім беру және технологиялық байланысты тереңдетіп, өңірлік ауыл шаруашылығының инновациялық жолмен дамуына серпін береді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров ұстанған білікті маман – сапалы өнім – тұрақты табыс формуласы алдағы уақытта да аймақтың агроөнеркәсіптік кешенінде нақты іске асатын болады. Бұл жол – тек Түркістанның ғана емес, бүкіл Қазақстанның агросаладағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз қалайды.