ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ БАҚЫЛАНДЫ

Жылу маусымына дайындық – қаланың әлеуметтік тұрақтылығы мен тұрғындардың жайлы өмір сүруінің басты кепілі. Бұл әсіресе қыс мезгілінде жылумен үздіксіз қамтамасыз ету, инфрақұрылымның ақаусыз жұмыс істеуі үшін аса маңызды. Осы мақсатта Шымкент қалалық мәслихатынан құрылған уақытша комиссия қаланың жылу жүйелерін жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізуде.
Мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов, депутаттар Талғат Айтбаев, Муфтулла Қонақбаев, Бақытжан Позилов, Асқар Молдабек және бірқатар сала басшылары қатысқан жұмыс сапарында бірқатар маңызды нысандар араланды. Әкімшілік іскерлік орталығындағы қуаттылығы 160 Гкал жылыту қазандығының жағдайы, Күншығыс шағын ауданындағы №24 үй аумағындағы жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары, №16 шағын ауданындағы №41 үйдің жылу жүйесін жаңғырту барысы назарға алынды. Сондай-ақ, «Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы» МКҚК-дағы жөндеу жұмыстарының қарқыны тексерілді. Аралау барысында комиссия мүшелері орын алып жатқан жұмыстардың сапасына назар аударып, бірқатар сын-ескертпелер айтты. Әсіресе мерзімінде аяқтау, техникалық талаптарды қатаң сақтау және қауіпсіздік нормаларын қамтамасыз ету мәселелері ерекше аталды. Жөндеу және жаңғырту жұмыстары тек қысқа дайындық емес, ұзақ мерзімді сенімділік пен энергия тиімділігін арттыруды да қамтуы тиіс екендігі атап өтілді. Жылу маусымына дайындық тек қазандықтар мен құбырларды жөндеумен шектелмейді. Бұл – үйлер мен әлеуметтік нысандардың ішкі жүйелерінің толық тексерілуін, апаттық жағдайлардың алдын алуды және жауапты қызметтердің тәулік бойғы дайындық режимін қамтитын кешенді процесс. Сондықтан мұндай тексерулердің жүйелі түрде өткізілуі тұрғындардың қыс мезгіліндегі тұрмыс сапасын айтарлықтай жақсартады.
Комиссияның жұмыс форматы да назар аударарлық. Депутаттардың сала басшыларымен бірге нысандарға барып, жағдайды көзбен көруі – қабылданатын шешімдердің нақтылығын қамтамасыз етеді. Бұл тәсіл есепті қағаз жүзінде ғана емес, нақты жағдайда тексеруге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да депутаттар бұл бағыттағы бақылау жұмыстарын жалғастырып, анықталған кемшіліктердің жойылуын қадағалайды. Жылу маусымының табысты өтуі үшін уақытылы дайындық пен сапалы жөндеу жұмыстары – басты шарт. Шымкенттегі бұл шаралар қаланың инженерлік инфрақұрылымын нығайтып, тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.