ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ӘЛЕМДІК ҚАУЫМҒА НАСИХАТТАУ БОЙЫНША МАҢЫЗДЫ ШАРА ӨТТІ

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Шымкент қаласында өткен ғылыми тағылымдама елдің білім мен ғылым саласындағы стратегиялық бағыттарын айқындайтын маңызды алаң болды. «Гуманитарлық саладағы жаңа ғылыми-әдістемелік жобалар: білім саласына ықпалы» тақырыбында ұйымдастырылған семинарға отандық және шетелдік ғалымдар қатысып, ұлттық құндылықтарды жаңғырту, тарихи сананы қалыптастыру және мемлекеттік бағдарламалардың білім саласына ықпалы туралы пікір алмасты.
Аталмыш жиынның ерекшелігі – оның бастамашысы әрі ұйымдастырушысы ретінде М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың «Тарих және этнология» ғылыми орталығының басшысы, докторант, «QAZAQTANÝ» журналының жауапты редакторы және «Жас ғалымдар» клубының жетекшісі Шолпан Торғаутованың жетекшілік етуінде. Ғалымның бастамасы гуманитарлық саладағы зерттеулерді тереңдетіп, олардың қоғам дамуына тікелей әсерін көрсетуді мақсат тұтты. Семинар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған ғылым мен білімді ұлттық идеологияның өзегіне айналдыру міндетімен үндесті. Президенттің «ұлт денсаулығы мен ұлттық сананы ғылымға, технологияға және мәдениетке негіздей отырып дамытуымыз қажет» деген сөзі шара барысында бірнеше рет еске алынды. Осы тұрғыдан алғанда, ғылыми тағылымдаманың білім беру жүйесіндегі орны ерекше. 2025 жылы атап өтілетін тарихи мерейтойлар да семинар тақырыбының өзегіне айналды. Шоқан Уалихановтың 190 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Қарамола ережесінің қабылданғанына 140 жыл және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – барлығы да ұлттық сана мен тарихи жадыны жаңғыртудың басты факторлары ретінде қарастырылды. Семинар барысында Өзбекстанның Джизақ политехникалық университетінің профессорлары да пікір білдіріп, тарих, философия және дін саласындағы тәжірибелерімен бөлісті. Бұл халықаралық ғылыми байланыстардың нығая түскенін көрсетеді.
Шолпан Торғаутова өз баяндамасында 2025 жылы жарық көретін «Почетный казах – Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы: «Положение Қарамола» 1885 год (перевод и научный анализ)» атты монографияға тоқталды. Еңбекте Қарамола ережесінің 74 бабы әлеуметтік-саяси және этносаралық келісім тұрғысынан талданып, жаңа тарихи деректер ұсынылған. Бұл зерттеу ұлттық идеологияның маңызды құрамдасы болып табылатын тарихи сананы қалыптастыруға ықпал ететіні сөзсіз. Сонымен қатар, жиын аясында «QAZAQTANÝ» журналының гуманитарлық бағыттағы рубрикалары – «Қазіргі Қазақстанның этносаяси және этномәдени үрдістері», «Тарих», «Этнология», «Тұлғатану», «Әлеуметтану» – аясында жас ғалымдар мен зерттеушілерді белсенді жарияланымдарға шақыру мәселесі көтерілді. Бұл жас буынның ғылыми ортаға еркін енуіне және халықаралық деңгейде таныла түсуіне жол ашады. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған бұл шара мемлекет пен ғылымның, тарих пен заманауи ойлаудың тоғысқан тұсы болды. Ұлттық тарихты жаңаша пайымдау мен ғылыми зерттеулердің нәтижелерін білім беру жүйесіне енгізу – ел болашағы үшін стратегиялық міндет. Осылайша, Шымкентте өткен ғылыми тағылымдама – гуманитарлық ғылымдардағы жаңа идеялардың, жас ғалымдардың бастамалары мен халықаралық ынтымақтастықтың тоғысқан алаңы ретінде ел тарихында өз орнын алатыны анық.