Өміріміз шын мәнінде «тәтті» ме?
Мен мына жайтты ашық айта аламын: күні бүгінге дейін елімізде қалыптасып отырған ахуалға қатысты нағыз шындықты бәріміз де- бай да, кедей де жақсы білеміз. Ол шындық- иллюзияға беріліп, сағым қуалап жүргеніміз.Иә-Иә, солай. Өзімізді-өзіміз алдап күн кешудеміз. Өзіңіз ойлап көріңізші, шын мәнінде біздің ел әлемдегі ең озық 50 мемлекеттік қатарына ене алды ма? Енген болса, еліміздегі мектептердің барлығы неге түгелдей дерлік интернет жүйесіне қосылмаған.
Ауылдарымыз не себепті ауызсумен, «көгілдір отынмен» қамтамассыз етілмей отыр. Неге ауруханалар мен мектептер жетіспейді?
Кеңес үкіметі тұсында идеология сарбаздары саналатын жазушыларымыздың жай-күйі кісі қызығарлықтай-ақ еді. Жазған кітаптары жүз мың данаға жуық тиражбен жыл сайын жарық көріп, аса қомақты қаламақыны шытырлатып тұрып санап алып жататын. Бұған тағы шет тілдеріне аударылған туындылары үшін төленетін салмақты сомаларды да қосып қойғайсыз. Шығармашылық іс-сапар үшін деп жазушылар одағынан алатын «жол кірелері» және бар. Жылына екі-үш дүркін тегін жолдамамен курорттарға бармаса көңілдері көншімейтінін де біліп қойғайсыз. Олар мұнан өзге де толып жатқан игіліктерге ие-тін. Ал, бүгін соның бәрі де көрген түс сияқты.
«Түйенің арқалағаны алтын болса да, жегені жантақ» деген қанатты қағида осыларға қарата айтылған ба дегендейсіз. Жазған шығармасын жарыққа шығару үшін демеуші іздеп жүрген де, оны тарата алмай жүрген де жазушы деген жазған. Ең сорақысы сол, көзмайын тауысып, айлап-жылдап жазған туындысының таралымы екі мыңнан да аспайтын болды. Енді бұған не дерсіз? Денсаулығы сыр беріп, төсек тартып жатып қалса, іздеп жатқан жан және жоқ.
Мәнеки, бүгінгі күні руханият саласының майталмандары осылайша өгей баланың күйін кешуде. Қадірменді оқырман, алға тартып отырған өзекті мәселеге орай өнер мен әдебиет саласы өкілдерінің бүгінгі өмір-тіршілігін шама-шарқымызша өбектегендейміз. Ал енді қарапайым қара халықтың хал-күйі қалай? Енді сол төңіректе әңгіме өрбітелік. Бұл тұрғыда үшбу жазбамыздың бас шенінде аз-кем сөз ете кеткенбіз-ді. Бүгінгі күні ат төбеліндей ғана байшыкештер болмаса, халқымыздың басым бөлігі грек мифіндегі Танталдың тақсыретін бастан кешіп отыр. Тантал кеңірдегінен келіп тұрса да су іше алмай, төбесінен салбырап тұрса да мәуені жей алмай қиналған екен.
Біз бұл мифті неге мысалға келтіріп отырмыз. Енді соған тоқтала кетелік. Аллаға шүкір делік, біздің ұлан-ғайыр жеріміздің қойнауы кенге бай-ақ. Мұнай, мыс, мырыш, алтын, күмістерімізбен қалай мақтансақ та жарасқандай. Алайда осынау игіліктердің рахатын өзіміз емес, өзгелер көріп отыр. Олар- Владими Ким, Олег Новачук, Лакшми Миттал, Александр Машкевич, Патох Шодиев, Алиджан Ибрагимовтар. Осы аттары аталған алпауыттар өзімізге тиесілі несібені аузымыздан жырып жеуде. Ал есесіне мына біздер «Үрерге итіміз, сығарға битіміз» болмай, кедейшіліктің шегіне жетіп отырмыз. Осындай ащы ақиқатқа негізделген мысалдардан кейін «50 мемлекеттің қатарына ендік», өміріміз «тәтті» деп айта аламыз ба? Енді мынаған қараңыз, осыншама қыруар қазынамыз бола тұра, шет елдік банктерге шаш-етектен қарызбыз. Ол қарыздарды жүз жылда да қайтара алмайтын көрінеміз. Сонда әлі дүниеге келмеген ұрпақтарымыз да біз құсап құлдық қамытын киіп өмір сүрмек пе?
Қыдыр ҚАЛИЕВ.