ЖАҢА ӨНЕРКӘСІПТІК ПАРКТІҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ

Мақтаарал ауданында өңдеу өнеркәсібінің жаңа кезеңін бастайтын ірі жоба жүзеге аса бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында өнеркәсіптік әлеуетті арттыру, шетелдік инвестиция тарту және халықаралық серіктестікті нығайту бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Соның айқын дәлелі ретінде Атакент кеден бекеті маңында орналасқан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының (ХӨКО) аумағында жаңа өнеркәсіптік парктің іргетасы қаланды.
Бұл бастама – тек бір ауданның емес, тұтас өңірдің экономикалық болашағын айқындайтын маңызды қадам. Өнеркәсіптік парктің жалпы инвестициялық құны 123 миллиард теңгені құрайды. Жоба толық іске асқан кезде 3 000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл Мақтаарал және көршілес аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор серпін бермек. Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, индустриалды парк құрылысымен танысты және жоба қатысушыларына табыс тіледі. Облыс басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмаларының өңірде жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударды. Осы бағытта өңірімізде жаңа өнеркәсіптік аймақтар құрылып, шетелдік инвесторлар тартылуда. Бүгін біз «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығында қытайлық инвесторлардың қатысуымен іске асатын жаңа индустриалды парктің іргетасын қаладық. Бұл жерде электр энергиясын тарату жабдықтары, төмен вольтты электр жүйелері, автоматтандыру жүйелері мен пилотсыз ұшу аппараттарын өндіру жоспарланған. Мұндай жобалар облыстың экономикалық тәуелсіздігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашады. Сондай-ақ өңірдің республикалық бюджетке тәуелділігі азайып, салық түсімі ұлғаяды» деді аймақ басшысы.
Жаңа индустриалды парк шетелдік және отандық инвесторлардың күшін біріктіретін заманауи өндіріс алаңына айналмақ. Қазірдің өзінде орталық аумағында онға жуық жергілікті кәсіпкерлер өз жобаларын бастаған. Жобаға Қытайдың халықаралық инвестицияларды қолдау қауымдастығының Экономикалық комитеті және Вэньчжоу қаласының Сауда департаменті секілді серіктестер атсалысуда. Қытайлық инвесторлар атынан сөз сөйлеген Лю Цинфэн мен Юй Лицин екі елдің стратегиялық әріптестігі аясында өңдеу өнеркәсібі саласында бірлескен жобаларды жүзеге асырудың маңызын атап өтті. Олар Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңге көтерілгенін және жоспарланған кәсіпорындардың құрылысын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауға бар күш салатындарын айтты. Жобаның аясында төмен вольтті электр жабдықтарын өндіру, инверторлар мен өнеркәсіптік автоматтандыру жүйелерін жасау, сондай-ақ пилотсыз ұшу аппараттары мен жаңартылатын энергия көздеріне арналған құрылғыларды шығару көзделіп отыр. Бұл бағыттар өңірді инновациялық-индустриялық кластерге айналдыруға мүмкіндік береді. «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы – тек өндіріс орны емес, ол Орталық Азия елдері арасындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдететін стратегиялық хаб болмақ. Орталықтың логистикалық әлеуеті жоғары: ол «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі аясында жүк тасымалының негізгі торабы ретінде қызмет атқарып, Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан нарықтарын өзара байланыстырады.
2027 жылға қарай орталық аумағында 60-тан астам ірі жоба іске қосылып, шамамен 13 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бұл аймақ тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, Түркістан облысын еліміздің өңдеу өнеркәсібінің жаңа орталығына айналдырады. Сонымен қатар жаңа зауыттар мен өндіріс орындарынан түсетін салық көлемі едәуір ұлғайып, жергілікті бюджет кірісін арттырады. Жоба толық іске қосылғаннан кейін өңірде цифрлық өндіріс, автоматтандыру және жасанды интеллект элементтері енгізіледі. Бұл өз кезегінде жаңа буын мамандарды даярлауға, кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіруге жол ашады. Сонымен қатар өндірістік және қоймалық инфрақұрылым дамып, логистикалық жүйелер жеңілдейді. «Орталық Азия» өнеркәсіптік паркі — Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының жаңа кезеңінің символына айналмақ. Ол тек инвестиция мен өндірісті тарту құралы емес, сонымен қатар өңірдің әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық өрлеуінің кепілі болмақ.