«Таң қалуларсыз Шымкент» және «үрейлі дорба»

328
0

0_25599_71c47f0d_LҚазақстан Баспасөз клубынан қоңырау шалынып, Назгүл деген қарындасымыз хабарласты. «Сәуірдің 16-ы күні сағат 11-00 де Шымкент қаласында «Қызыл Ай қоғамы қала тұрғындарын жер  сілкінісіне әзірлеу жобасының аралық қорытындысын шығарады» атты тақырыпта баспасөз мәжілісін өткізеді, соған қатысыңыздар» деді. Алматыдан шақыру түсіп жатқан соң әрі өткізілетін іс-шараның маңыздылығына орай баратын болып келістік. Белгіленген уақытта елден бұрын жетіп бардық.


Баспасөз мәжілісіне ҚР «Қызыл Ай қоғамының ОҚО  бөлімшесінің директоры Мәлика Жүсіпова, Шымкент қаласы ТЖ жөніндегі басқармасының бастығы Батырғали Сопбеков, «Сілкініссіз Орталық  Азия» жобасының ұлттық үйлестірушісі  Айнұр Бастаубаева, Шымкент қаласындағы жаттықтыру жөніндегі үйлестірушісі Ақылбек Маужанов және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиынды Мәлика Әбдірашқызы ашқаннан-ақ, екпіндеп келген көңіліміз сап басылғандай  болғанын несіне жасырайық. Ортамыздағы бір орыс ұлтының өкіліне бола ма, әлде басқалай себебі бар ма, ресми тілде бастаған оның сөзін басқалары іліп әкетті. Мәжіліс осылай жалғаса  берер ме еді, оның ауанын полковник  Батырғали Сәрсенбекұлы мен әріптесіміз Нұрлан Құлбек өзгертпегенде. Түсініксіз тілде басталған жиын енді қалыпқа түсіп келе жатқанда көңіл-күйіміз тағы да нілдей бұзылмасы бар емес пе? Қолымызға берілген баспасөз мәліметіне көз жүгірте отырып, апам да аң-таң, мен де аң-таң халге түскеніміз-ай!

«Шымкент таң қалуларсыз», «Үй ішіне арналған үрейлі қол дорба» деген тақырыппен берілген бұл анықтамалық миымызды атала қылып жіберді.Өздеріңіз көріңіздерші: «Берілген осы комплектідегі қор немесе қол дорба төтенше жағдайда үйде және қажетті заттармен  қамтамасыз етуге шақырады. Төменде көрсетілген тізім сіздің қол дорбаны құрастыру үшін маңызды. Мұндай комплект үшін арнаулы стандарттар дегенмен болмайды. Сондықтан сіз керек  деп санасаңыз бұл тізімді толықтыра аласыз. Үрейлі қол дорбаңыз төтенше жағдайлардан кейін 3-10 күнге дейін сізді керек жарағыңызбен қамтамасыз етуі керек». Бірдеңе түсіндіңіз бе? Түсінбесеңіз, әрмен қарай кеттік.
«Ең аз мөлшерде сменалық киімнің бір комплект және әрбір адамға аяқ киім», … «Қол шам және ауыстырылым батереялар», «консервтік пышақ», «тез уақытта дайындалатын консервтер», «стресске қарсы тағам», «пакеттелген шәй», «қолға арналған антисептикалық гель», «тәтті мюсли», «Көңіл көтеру үшін: кітап және ойын» …
Осылай кете береді. Мәні де, мағынасы да кем бұл керекті кеңестегі заттар егер Шымкентте жер сілкінісі орын алған жағдайда әрбір тұрғынның қаперінде болып, «үрейлі» қол дорбасының түбінде жатуы керек екен. Бірақ, бір түсінбейтініміз, онсыз да үрей құшағында болатын халыққа «үрейлі» дорбаны арқалау мүмкін бе? «Бұл не қылған «үрейлі қол дорба», «Шымкент таң қалуларсыз» деген нені білдіреді» деп қанша бас қатырғанымызбен, түсініп жарытпадық. Орыс тіліндегі анықтамалықты көргенде ғана мәселенің мәнісін аңғарғандай болдық-ау!
«Шымкент без потрясении», «Тревожный чемоданчик для дома» дегенді біздің қайсыбір білгіштер әлгіндей «үрейлі» сөздерге аударып жіберген ғой. Жарты сағатқа созылған жиыннан не ұқтық? Меніңше, бұл жерде жер сілкінісі орын алғанда Шымкенттің тұрғындары  не істеу керек, оларға алғашқы көмек қалай көрсетілуі тиіс, үрейленген жұртты қандай сабырға шақыру жолдары бар? Баспасөз мәжілісі қосарланған қос тілде өтті дегенімізбен, бірде-бір көрнекі құрал, ақпараттық анықтамалықтар көрсетілмеді. Тек, әлгі бір, «Үй ішіне арналған үрейлі қол дорба» болмаса…

Е.СӘРСЕНБИН.