ҮШ АЛЫП ЖӘНЕ ОҢАЛБАЙ

466
0

2-1Аяшевты қабылдамайтындар бар. Мен де солардың қатарында сияқтымын. Бірақ қабылдау, қабылдамау дегендей пышақкесті көзқарас журналистерде бола да бермейді. Қалам ұстағандардың проблемасы басқада – кейіпкерінің жан дүниесін ашатын кілтті таба білуде. Ал Оңалбай ондай кілтін оңайлықпен қолға ұстататын жан емес.
* * *
Жетісайға талай рет барып жүріп, осы жолы Сырдарияны алғаш көргендей болдым. Жарықтық Мырзашөлдің алтын белбеуі сияқты екен-ау өзі. Неткен сиқырлы сұлулық десеңізші. Телегей-теңіз су толқи, толықси, еркінси, еркелей ағады. Бір-бірімен жарысқан мың-миллион толқындар кенет бір нәрсені өзара бөлісе алмағандай, бір жерде топырласып, үйіріліп, иіріліп, дүрдиісіп, бір-бірін тереңге тартып, иірім ойнатып, ендігі бір сәтте су бетін шым-шым қайнатып, артынша қайта қалыптарына түсіп, жарыса жөңкіп, алға асығады.

Дарияның бойы ен тоғай, он-сан көлшік. Ұшып қонып, қонып ұшқан құстар. Белуардан су кешкен жылқылар судың тұнығына бас қойған. Тәуелсіздік адам-ның ғана емес, табиғаттың да бағын ашады екен ғой. Социализм кезінде мақта мен күріштің соқасына аяусыз жегіліп, оман арыққа айналған дария соңғы жылдары қайтадан сұлу Сыр кейпіне еніпті.
Дариядан бастау алған көтеріңкі көңіл — күй сол күні кешке дейін Сүгірдің қоңыр домбырасындай күмбірледі де тұрды. Көп адамдармен кездесіп, мол әсерлер алдым. Сенесіз бе, осында, Жетісайда Сәкенмен жүздескендей, Тұрармен тілдескендей, Өзбекәлімен сырласқандай күй кештім. Есенкүлді жаңа қырынан таныдым. Ол басқалардың да қыр-сырын ашуыма көмектесті, яғни күні бойы жолбасшы бола жүріп, «Сырдария» университетін аралатты. Көргенімнің бәрін айтып тауыса алмаспын, көңілге түйгендерім турасында ғана аз-кем сыр суыртпақтаумен шектелсем деймін бұ жолы.
Қызық, басқасы басқа, мені Аяшевтың жұмыс кабинеті қатты қызықтырды. Иесі жоқ болса да, мына кабинет оның кім екенін аңғартып-ақ тұр. Талай мықтылардың жұмыс орнын көрген едік: Кіріп барғанда төрде отыр-ған басекең әрең көрінетін ат-шаптырым кабинет. Екі баланың алаңсыз доп тебуіне жарайтындай үлкен үстел үстінде түрлі телефондар самсаған кабинет. Табалдырықтан аттаған сәтте «Мен осы жиһаз дүкеніне тап болдым — ау» дегендей ойға жетелейтін ағаш толы кабинет. Ұсақ-түйек байғазылар көрмесіне ұқсайтын кабинет… Қайсы-бірін айтайық. Ал мына кабинет басқа-ша. Алаңсыз жұмыс істеуге ыңғайлы. Бір жағынан күн сәулесі молынан құйылып тұр. Екінші жақ қабырға тұтасқан кітап сөрелері, қалаған қажет дүниең қол созымда. Арқа жақ – тұтас қалың қабырға. Бұл да алаңсыз болуыңа өз септігін тигізсе керек. Келушілерге қиғаш та, теріс те отырмайсың, бетпе-бет келесің…
Кабинеттің басты байлығы кітаптар, әрине. Соларды көзбен шолып, кейбірін парақтап, айналсоқтап жүргенімде есіме Сәкен түсті. Кабинетке оның да қатысы бардай. Кабинет иесі сұлу қазақтың қыр-сырына қанық сияқты. Оңалбайдың да Сейфуллин Сәдуақасты жақсы көретін болғаны ғой. Бәсе, Жетісайда білім ошағын ашумен шектелмей, тіпті раушан гүлдерін көптеп өсіруге де көңіл бөліп келе жатқаны тегін деймісіз. Айтпақшы, Есенкүл сөз арасында ертең Астанаға жүргелі отырғанын айтып қалды. Серіктің (кіші ұлдары) келіншегі ұл туыпты. Көптен күткен немересіне Омекең «Өзбекәлі» деген ат беріпті. Шыны керек, мен одан бұны күтпеген едім. Өзбекәлі менің ғана, мен сияқтылардың ғана жүрегінде сақталатын тұлға деп ойлайтынмын. Сөйтсем… Бұл Аяшев Тұрар Рысқұловтың да парасатты биік ойларын Жетісайда қайта жандандырып жүр екен. Ол ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты кезінде берген бір сұхбатында Мақтарал ауданын түбегейлі дамыту үшін 300 мың халқы бар бұл аймаққа темір жол желісін тарту керектігін айтыпты.
…1922-1924 жылдары Тұрар Рысқұлов Түркістан республикасын басқарып, дүрілдеп тұрды. Ташкентте алшаңдап жүрді. Қазақтың игі жақсыларын сонда жинауға бел шеше кірісті. Ұлы Түрік мемлекетін құру туралы идеяларын жарыққа шығара бастады. Болашақ ұлы елдің іргетасын қалауды қолға алды. Бұл, әрине, Кремльге ұнаған жоқ. Оны Рысқұлов та білді. Біле тұра ұлттық идеясынан бас тартпады. Сол тұста астанасы Орынбор болған екінші қазақ мемлекеті – Қырғыз (қазақ) советтік социалистік автономиялық республика-сы үкіметінің басшысы Сәкен Сейфуллин де қазақты ұшпаққа шығару жайын ойламады деймісіз! Бірақ оның саяси, мемлекетшілдік тәжірибесі Тұрарға қа-рағанда аздау еді. Ол Рысқұлов сияқты қаршадайынан түрме атмосферасында шынықпаған болатын. Сәкен даланың нағыз серісі-тін. Рысқұлов Германияға бір топ жасты оқуға жіберсе, Сейфул-лин сол Германиядан «Опель» автокөлігін алдыртады. Тұрар шетелде білім алып жүрген студенттердің жай-күйін байқау үшін неміс еліне сапар шегіп, сол сапарынан соң «Правда Востока» газетіне арнайы мақала жазса, кезекті еңбек демалысын алған Сейфуллин қазақ даласын атпен аралап кетеді де, демалыс уақыты бітсе де, Орынбордағы ұлық қызметіне орала алмай, кешігетіні туралы жұмыс орнына телеграмма жібереді. Бұны да түсінуге болады. Ол кабинетте отырып іс бітіретін заман емес-ті. Халық әлі жаңа үкіметті түсін-бейтін, заман ағымын да анық аңғара алмайтын-ды. Үкімет басшысының ауылдарды аралауы «іздегенге – сұрағанның» дәл келуі емес пе. Бұның үсті-не Сәкендей көркем, өнерлі жігітті қай нәрсеге де сусап, шөліркеп оты-ратын қазақ ауылдары оңайлықпен жібере қойсын ба орыстанған Орын-борға. Сол тұста ғой Қазақ үкіметінің жалындаған жас мүшесі Смағұл Сәдуақасовтың «Орынбор даланы, дала Орынборды түсінбейді. Сондықтан астананы қазағы қалың орта-ға, ішкері қарай көшіру керек» деген оймен астана болардай қаланы із-деуді бастағаны, ондай қала таппай, Акмолинск стансасының «келешек-те қазақ елінің бас қаласы болуы мүмкін екенін» болжайтыны…
Тұрар индустрияландыруды қолға алса, Сәкен қазақ тілін мемлекет-тік деңгейге көтеруге жанын салды. Тұрар мемлекетшілдік қырынан танылса, Сәкен жүрген жерінде ісімен де, поэзиясымен де сұлулық, серілік, қазақылық дәнін сеуіп жүрді. Егер осы екі тұлға тізе қоса, ой біріктіре еңбек етер болса… Жо-жоқ, Кремль оған өлсе жібермес. Ұзамай Сейфуллинді қызметтен босатады. Кремль Рысқұловтың түрікшілдігінен қатты қорқатын. Бірақ оны қызметсіз қалдыра алмайды. Ондай тұлғаға қазақ даласы ғана емес, ормандай орыс елі – алып Ресейдің өзі сусап отырған-ды. Кремль басқа амалы болмағандықтан, оны Мәскеуге шақырып, РСФСР-дің бір тізгінін қолына ұста-тады. Ресей күшейе түссе, Түркістан бірден әлсіреп, қожырап қалады. Сонда ғой Кремль қожайындарының «Бір Рысқұловтың атқарғанын кейінгі жүз басшы орындай алмайды» деп, сан соғатындары. Кремльдің мақсаты – Тұрарды тамырынан, қазағынан алыстату болатын. Бірақ бұл ойлары жүзеге аспайды. Рысқұлов Ресей басшылығында жүріп те ұлтына жақсылық жасап, ұлтының тағдырына алаң күй кешеді, Сталинмен «жаға жыртысуға» дейін барады. Оны шыбықтай ию, тіпті темірдей балқытып барып та майыстыру мүмкін еместігін түсінген қандықол билік өз қолын өзі кесіп (Тұрардай кадрдан айрылу Кремль үшін өз қолын өзі кесуден оңай болмағаны анық), атып тынады. Шовинизм солай елдің болашағын (Қазақстанның ғана емес, Ресейдің де) Сталиннің жан тыныштығы, амбициясы жолында құрбандыққа шалады. Сәкен де кетеді атылып… Бірақ арада қанша-ма жылдар өтсе де «Сәкен отыз жетіде атылмаған екен» деген әңгіме-аңыз үзілмей, жалғасып келеді. Шын сияқты. Сұлу Сәкенді кісінің көзі қиып ата қоюы қиын шығар. Солай ғой, бірақ отыз жетінші жылдары биліктің тізгіні санасын шайтан ба, ібіліс пе, әйтеуір сондай бір жын-перілер жайлаған пенделердің қолында болды емес пе.
Біз Тұрарды да, Сәкенді де көрген жоқпыз. Қалың елдің ішінде солардан қалған жалғыз-жарым жұрнақтармен ғана дидарласа алдық. Соның өзі бақыт еді білген адамға. Мысалы, мына өзіміздің Отырардан шыққан Өзбекәлі Жәнібековтың бойында Алаш арыстарынан өткен халықшыл қасиеттер бар болса керек-ті. Кейінгі, бейбіт замандағы бос-белбеу биліктің өзі Жәнібековты тұсап ұстады. Алысқа ұзатпады. Қызметін де шектеп отырды. Бірақ, бір жақсы жері, «керегің жоқ» деп, лақтырып та тастай алмады. Билік пен халықты жалғастыратын көпірдің бәрін өрттеп тастаудың соңы өздеріне қиын тиерін сезген шығар. Бәлкім, бүтін бір халықтың басын ноқтадан босатып алмас үшін де осындай шегіністерге барған болар. Иә, Жәнібеков сынды тұлғаларға қызмет беруінің өзі биліктің негізігі мақсатынан аздап ауытқуы десе болады. Ал ол қолында пәлендей құзыреті-құдіреті жоқ қызметте отырып-ақ ұлтына ұстын бола білді. Ол қазақ мәдениетінің соңғы үміті еді. Соны өзі сезген сияқты.
Айтпақшы, Жетісайға барған сапарымда қарапайым көпшіліктің кедейленіп кеткенін көріп, жаным ауырды. Есесіне тақыр жерде пайда болған Сырдария университеті сыздаған жүрегіме шипа болардай үміттер сыйлады. Көрші мемлекеттің жеріне сұғына еніп тұрған ауданда, о жақтың да, бұ жақтың да жастарын аясына ала білген осы оқу орны болмаса, Өзбекстандағы бауырлар да, Мақтарал өңірі де кәдімгідей жетімсіреп қалар еді. Қазір біз көші-қон, квота туралы көп айтамыз. Оралман-дардың елге келу-қайту жолы осыған ғана тіреліп тұрғандай көреміз. Әдетте көп халықтарда, әсіресе қазақта отба-сының көшіп-қонуы ұл-қыздарына бай-ланысты. Бұрын Кеңестер одағы кезінде өзбекстандық қыз-жігіттер Қазақстандағы бір оқу орнын бітіріп, осында бір-жола қалып қоятын. Сөйтіп жақсы орналасқан жас маманның артынан оның іні-қарындастары, соңырақ әке-шешесі бері өтетін. Соңғы жылдары көштің осы түрі тығырыққа тірелгендей еді, Сырдария университеті әзірге дем беріп тұр. Ал жалпы Аяшевтің университетін, студенттерін ойша көшіріп көрсең, Жетісай қаласының өзіндік сән-салтанатынан бір демде айрылып қалатынын сезінесің…
Бүгінде Жетісайда Тұрар, Сәкен, Өзбекәлілердің рухы жүр. Рухы ғана емес, әрине. Кішкентай Өзбекәлілер дүниеге келе бастапты. Солардың бірі, бәлкім, алғашқысы ма екен, Аяшевтар отбасында туылыпты. Омекең көптен күткен немересіне ат қоярда қазір жер-жерде кең тарап тұрған сәнге ұрынбап-ты, әйгілі Жәнібековтың есімін құп көріпті. Бұның астарында көп сыр жатса керек. Бұрын қанша араласып-құраласып жүріп, оның Өзбекәліні соншалықты жанына жақын балайтынын білмеппіз. Омекеңнің кезінде Рысқұлов айтқан ой-идеяларды да алға апаруға-орындауға атсалысып жүргенін енді аңғарып отырмыз. Тұрар Рысқұлов Ташкентте Орта Азия, Алматыда Қазақ ұлттық университетін ашуға мұрындық болды. Білім мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Аяшев та осы бағытта аянып қалмапты. Басқасын айтпағанда, бір өзі бір университетті керек кезінде керек жерден аша білді. Мәжіліс депу-таты болған кезіңде ол спорт, білім беру саласымен шектелмей, мемлекеттік мәселелерге де ден қойды. Алыста, Астанада жүргенде Жетісайды бір сәт те естен шығармады. Мақтарал өңіріне өткен 70-80 жылда қаншама басшы келіп-кетпеді дейсіз. Солардың ішінде мақтаның қозапаясынан биіктетіп ой айтқаны бар ма, сірә. Аяшев бір сұх-батында «Мақтарал өңірін түбегейлі өзгертіп, өркендету үшін теміржол керек» дегенді ерекше екпінмен, мән бере айтыпты. Осыны оқып отырғанда менің есіме тағы да Рысқұлов түсті. Оның Түркісіб жолын салдыруға басшы-лық еткені, қазақ елі үшін өте тиімді осы істі атқаруға жанын салғаны көпшілікке тарихтан белгілі. Ал Түркістан республикасын басқарған кезінде теміржол салдыруды қолға алғанын бірен-саран тарихшылар ғана біліпті. Бұл құрылыс өте қарқынды басталған және Қазақстанды жайлаған алапат аштықпен тұспа-тұс келген. Шымкенттің тау тарап жағындағы Атбұлақ аулының дәл іргесінде сол «шойын жолдың» бір үзігі әлі жатыр…
Бұл кісі қызық өзі. Кейде оны түсіне де бермеймін. Ал осыған керісінше мен оның тұңғышы Алтайдың жанын айтқызбай-ақ ұғатынмын. Жас алшақтығымыз көзге ұрып тұрса да, біз Алтай екеуміз кәдімгідей дос едік. Ол студент кезінде Алматыға келіп тұратын. Мәскеудің атақты Патрис Лумумба атындағы халықаралық қатынастар институтында оқиды. Бір сүйкімді жігіт. Бас қосқан әртүрлі жиындарда мен Алтайды сөйлеткенді жақсы көретін едім. «Аға, сіз сөйлей беріңізші» дейтін ол. «Мәскеуді тыңдайық та, – деймін мен. – Алматыға кезек содан соң келеді». Болашақ елші төгілтіп айтады. Даусы сондай жағымды. Ең бастысы сөзі дәмді, мәнді шығатын. Іштей «Халықаралық институттың аты халықаралық қой» деп ойлайтынмын. Қарап отырсақ, тамыр-таныстық ауруы сол кезде-ақ оқу орындарында етек жайып кеткен екен ғой. Бірақ Патрис Лумумбаға кіре алмағандай. Сол тұста басшылардың ұл-қыздары осы оқу орнына қатты қызығатын-ды. Түсе алмайтын. Оқу орнының талабы қатал еді. Көпшіліктің арасында жүрсем де сонда оқитын не қазақтың, не орыстың баласын кездестірген емеспін. Қатардағы оқытушының от-басында туып-өскен Алтай ондай беделді институтқа қалай түсіп жүр? Бұның сыры Оңалбайда жатқан болып шықты. Сол тұста ол ғылым қуалап, Мәскеуде аспирантурада оқыды. Аспиранттарды білесіз ғой. Қолында – портфель, көзінде – көзілдірік. Кітапханаға кетіп бара жатады. Кітапханадан қайтып келе жатады. Жан-жағына мойын бұра алмайды. Тамақ үстінде де кітап парақ-тап отырады. Аяшев басқаша аспирант болды. Өзімен бірге Мәскеуге үлкен ұлы Алтайды ала кетіп, сондағы мықты мектептердің біріне оқуға берді. Бұны қазақ «Бір оқпен екі қоян ату» дейді. Жалпы жасында қиыншылықпен бетпе-бет келіп, ерте ширағандықтан ба, Оңалбай балаларының тәрбиесіне ерекше қарады, ұл-қызды Есенкүлге тапсырып қойып, ғылыммен, қызметпен кеткен жоқ. Мәскеуде білім алу мүмкін-дігін өзі ғана пайдаланбай, сондай жағдайды тұңғышына да жасады. Оңайға түспегені айтпаса да түсінікті. Менің ойымша, Омекеңнің өзін Мәскеудің атақты, асқақ ғылыми ортасында мойындатуы өз алдына бөлек әңгіменің желісі.
Алтай Аяшев елші дипломын алып, Алматыға келгенде алып империядан жаңа мемлекеттер бөлініп шығып жатқан. Бұрын Сыртқы істер министрлігі шартты түрде ғана жұмыс істеген Қазақстан тәуелсіздік алған соң жұмыр жердегі елеулі елдердің бәрінде өз елшілігін аша бастады. Сыртқы істер министрлігі елдің белді бір мекемесіне айналды. Мен іштей «Алтайдың желі оңынан тұрды ғой» деп ойлап жүрдім. Ақын да, әкім де елші болып кетіп жатқанда арнайы білімі бар азаматты күндіз қолдарына шырақ алып іздейтін шығар. Бірақ, неге екенін қайдам, олай болмады. Баланың тәрбиесі мен түбе-гейлі білім алуына соншалықты көп күш-қайрат жұмсаған Омекең оны қыз-метке орналастыруға келгенде құлшынбады. Әрекетсіз жатып алды. Ол кезде Жетісайда университет ашып, жұмысы шынында да басынан асып жатқан. Бірақ гәп онда емес-ау… Иә, әкені түсінуге болар. Мәскеуде, жалпы Ресейде білім алғандарды желпілдетіп, құзырлы қызметтерге шетінен тағайындап жатқан билік өкілдерінің Алтайға көңіл бөлмегеніне таңдандым. Елшіліктерге қызметке кетіп жатқандардың сиқын көргенде өкіндім де. Қашанғы күтсін, Алтай басқа салаға ауысып кетті. Аяшевтың осы бір мінезі менің есіме тағы да екі тұлғаны түсіріп отыр. Бұл Аяшев Сейфуллин мен Рысқұлов сияқты таяқ та жеп жүр. Биліктен емес. Бақайесепшілерден. Депутаттыққа түсіп, «өтпей қалғанда», кейін Мәжіліс депутаты болып сайланғанда бұған анық көз жеткізді. Біз де байқадық. Әсіресе қаптаған саржағал газеттер шиебөрідей шуылдап, жан-жақтан жабылды. Сынбады. Сынбаған-мен өрге тартып келе жатқан карьерасы тасқа тірелді. Бұзып өтіп, Шымкент мемлекеттік педагогикалық институтына ректор болып оралды. Жергілікті саржағалдар тағы да етегіне жармасқан. Тез басылды. Аяшевтың Астанадан биіктеп оралған тұлғасын танып, айылдарын жинап ала қойысты. Шамасы, мінезі барын байқады. Атақты М. Фрунзе 20-жылдары пролетариаттың ұлы көсемі В. Ленинге арнайы хат жазып, Рысқұловқа мінездеме берген екен. «Жергілікті кадрлар арасынан Рысқұлов пен Ходжаевтың орны бөлек, бұқара халық осы екеуінің соңынан ереді, – дейді ол. – Бірақ Рысқұлов ақылды ғана емес, оның тарпаң мінезі де бар». «Абайлаңыз» деп ескерткені ғой. Ал енді Жетісайда тұратын жазушы Н. Қадырбаев «Өзіңнің кім екеніңді білгің келсе, Аяшевпен бірге жұмыс істеп көр» депті. Бұл тұжырым бүгінде қанатты сөзге айналып кеткен.
Жалпы журналистикада көп іс тыңдыра қоймаған әрі қарапайым-дау замандастар туралы жазу оңайырақ. Жетістігін тізбелеп шығасың, жылы-жылы сөздермен тұздықтайсың сосын. Адам жайында жазу социализм тұсында қиындық туғызбаушы еді. Көбіміз, шыны керек қой, бір-бірімізге инкубатордың балапандарындай ұқсайтынбыз. Капитализм тамыр жайғалы адамдар күрделеніп кетті, себебі іс-әрекет ету, ойлау және армандау аясы барынша кеңіді, ой-қиялға шектеу жоқ, төрткүл дүниені тұмшалаған перделер сырылды, қақпалар ашылды… Енді мықты болсаң, сан қырлы, болмысы күрделі кейіпкерлердің образын жасап көр. Ноқтаға басы сыймайтындар газеттің бетіне қалай сыйсын?! Көп нәрсені айта алмай, желдіртуге тура келеді.
Бала Оңалбай үлкен өмірге ерте ұмтылды. Кәмелеттік жасқа толар-толмас Қапланбек техникумын бітіріп, зоотехник мамандығын алып шықты. Бірақ спортқа құштарлығы оны Шымкент пединституына алып келді. Аталған оқу орнын үздік бітірген соң осында қызметке тұрды. Тоқсаныншы жылдары ол анық өрлеу жолына түсен еді. Осы тұста Тәжібаевтар әулетінің кенжесі Қайрат Алматы ауыл шаруашылығы институтын «ғалым-агроном» мамандығы бойынша бітіріп, туған ауылы Ленин жолға оралды. Алматының «алма жеп өскен әппақ қызы» Ғалияны ала келді. Екеуі қара шаңырақ отын қайта түтетті. Ғалия енесі Ажардың қазан-ошағына иелік етсе, Қайрат әкесі Сейілдің іздері сайрап жатқан егістік алқапты жаңаша игеруге кірісіп кетті. Талайды бастан кешкен Аяшев күндердің бір күнінде кіші қайнысы Қайратты жаңа көргендей таңданды: жігерлі, іскер, тынымсыз, уақыттың тамырын дәл баса біледі. Ауыл баласы туралы жақсы әңгімелер елге тарап жатты. Бұған, әрине, Омекең де үлес қосты.
Қайратты Аяшевтің шәкірті деуге келмес. Аяшевтің спорт пен ғылым-білімдегі төл шәкірттері жетерлік. Дегенмен қайнысына әсер-ықпалы болғаны талассыз. Екеуінің ұқсас тұстары көп. Біріншіден, екеуі де бағбан. Қайрат бау-бақша өсірсе, Оңалбай шәкірт тәрбиелейді. Екіншіден, екеуі де алған беттерінен қайтпайды. Қазір Қайрат та ғылым докторы. Омекең спортты ғылымға ұштастырса, Қайрекең егіншілікті ғылыммен байланыстыра білді. Үшінші-ден, екеуінде де «болдым-толдым» жоқ, бал жинайтын арадай дүниенің төрт бұрышын шарлайды да жүреді…
Адамның күреске толы өмірін бір-екі сөйлемге сыйғызуға болады: Қатардағы оқытушыдан ректорға дейінгі жолдан өткен. Кәсіби балуан. Ғылым докторы. Облыстық мәслихаттың депутаты.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты атанған . Қысқасы, нар түйеге жүк боларлықтай атақ-марапаттары жетерлік. Бірақ бұндай ауыз толтырар жетістіктерді оның місе тұтпауы да мүмкін. Содан шығар, тынымсыз. Ол аяқ басқан жер бұрқ-сарқ қайнап шыға келеді. Меніңше, мезгілінен бұрын қартая бастаған байырғы оқу орнының жолы болды. Жаңа ректор оның екінші тынысын ашты.
Институт аумағы қазір құмырсқаның илеуіне, араның ұясына ұқсайды. Мың — сан студенттер күні бойы келіп жатады, кетіп жатады. Бұл үйреншікті жай ғой. Аяшев Шымкенттің осы орамын екпінді құрылыс алаңына айналдырып жіберді. Ол ректор болған аз уақытта бұрын тозып, қаусай бастаған ғимараттар «қал-пақтары мен шапандарын» жаңалап, жыртық-тесіктері бүтінделіп, жырғап қалды. Қора-қопсы сияқты көрінетін жатаған ескі бірдеңелер болушы еді, олар мүлде сырылып, оқу корпустары мен жатақханалар тынысы ашыла түсті. Институттың сырты ғана емес, ішкі әлемі де жаңарып, жанғырғаны талассыз. Бұларды студенттер қауымы байқай да бермес. Есесіне көпті көрген тас ғимараттар рахмет жаудырып тұрғандай. Айтпақшы, институттың байырғы оқу корпусына қарама-қарсы бетте, ағаштардың саясындағы тас креслоға жайғасқан тас мүсін, яғни кезінде жоғары оқу орнын басқарған ғалым-академиктің ескерткіші «Апырай, осындай да тынымсыз, іскер ректор болады екен-ау» деп, таңданып отырғандай көрінеді кей-кейде. «Кезінде біздің қол-аяғымыз тұсаулы болды ғой» деп, өкінетіндей ме, қалай?
Тәуелсіздік кімнің кім екенін ашық көрсететін шарайна екен ғой.
Шынын айтқанда, бұл жолы бір нәрселерді тұспалдағанымыз болмаса, Омекеңді анау айтқандай мақтамадық та.
* * *
Аяшевты қабылдамайтындар бар.
Күні кеше ғана мен де солардың қатарында сияқты едім.
Бүгін ол туралы мақала жазып отырмын…

Захардин ҚЫСТАУБАЙҰЛЫ.