«Батыл, батыр, тәуекелшіл – бүгінгі қазақ кәсіпкерінің имиджі осындай»
Қайнар АБАСОВ, ОҚО мәслихаттың депутаты:
Заңның кемшіліктері өте көп
– Абасовтар дегенде көз алдымызға мақта елестейтінін несіне жасырайық?! Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен сонау бір қиын жылдары жұрт ала дорба арқалап базар жағалап кеткенде, Сіздер мақтаны қолға алдыңыздар. Ешкімге керек болмай қалған мақта шаруашылығын қолға алуға қалай ғана тәуекелдеріңіз жетті?
– Қазақстанда мақта тек Оңтүстік Қазақстан облысында өсетіні белгілі. Мақта күнделікті тұрмысқа аса қажет дүние, сондықтан қай кезең болмасын, оған деген сұраныс тоқтаған емес. Расы керек, мақтадан жасалған дүниелер бізге әлі шетелден келеді. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау заманында біздегі тоқыма фабрикалары жабылып, мақта шикізат ретінде ешкімге керек болмай қалды. Шаруалар мақта талшығын қайда өткізерін білмей абдырап қалды. Сол кезде біздің елдің алдында мақтаны экспорттаудан басқа амал қалмаған еді. Біз сол жұмыспен айналыстық. Біртіндеп сол кезеңнен өтіп, бертін келе оны өзімізде тереңдетіп өңдеуді қолға алуды мақсат етіп қойдық. Бүгінде сол мақсатқа да қол жеткізгендейміз.
Әрине, әр нәрсені бастар кезде қобалжисың, жүрексінесің. Бірақ, сол кезде бізге жігер берген шаруалардың еңбекке деген құлшынысы еді. Ол кезде жан-жақты қиындыққа тап болып жаттық. Әлемдік нарықта мақта бағасы төмен, қаржы жоқ, техника тапшы болды. Бірақ, соған қарамай біз шаруаларға қолдан келгенше көмек бердік. Егер олардың еңбегі болмаса бүгінгі жетістікке жету қиын еді.
– Бізде «Мақта саласын дамыту туралы» заң бар, ал мақта тек Оңтүстікте өсетіндіктен, бұл заң тек Оңтүстік жұртының төл заңы іспеттес. Алайда, «бұл заң мақта саласын дамытудың орнына шаруашылықты кері кетірді» деп жүргендер көп. Осы саланың білгір маманы ретінде Сіз мұндай пікірге не дер едіңіз?
– Әрине, құқықтық елдің азаматы ретінде біздің бәріміз заңға мойынсұнуымыз керек. Алайда, демократиялық мемлекет ретінде әркімнің өз пікірін айтуына да құқы бар. Әу баста бұл заң мақта шаруашылығын дамытуға, шаруаларға көмегі тиеді деп қабылданған. Бірақ, кәсіби тұрғыдан келгенде заңның кемшіліктері өте көп. Сол кемшіліктер бүгінде мақта шаруашылығына кесірін тигізіп жатыр деп тіке айтуға болады.
Бүгінгі таңда жергілікті мақта өндірушілер, бизнес ассоциациялары осыны түсініп, ауыл шаруашылығы министрлігіне және Парламентке заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізу үшін хат жолдады. Жаңадан ашылған Ұлттық кәсіпкерлік палатасы да мұны қолдап отыр. Осыған орай аталмыш заңға қатысты мәселе жақын арада қарастырылуы мүмкін.
Статистикаға сүйенсек, осы заң қабылданғанға дейін, яғни 2004 жылы 470 мың тонна, 2005 жылы 400 мың тонна шитті мақта жиналса, бүгінгі таңда 200-250 мың тонна көлемінде ғана жиналып отыр. Осының өзі барлық сұрақтарға жауап береді деп ойлаймын.
Әрине, қиындықтардың бәрін заңға аудара салу дұрыс емес, қолдан келгенше жұмыс істеп жатырмыз. Егер заңға тиісті өзгертулер енгізсе, ол шаруаларға көмектессе, мұның мақта шаруашылығына жаңаша серпін беретініне мен кәміл сенемін.
Мақтаның кеміп кету інің ең басты себебі қаржы мәселесіне келіп тіреледі. Бүгінге дейін мақта тек жеке капитал есебінен қаржыландырылып келеді. Бұрындары мақта заводтары өздері табыс табу үшін шаруаларды қаржыландырып, көмектесіп тұратын. Ал, жаңа заң заводтардың басқа жұмыстармен айналысуына шектеу салды әрі лицензия алуды талап етті. Осының салдарынан шаруалар қаржы көзінен айрылып, өз беттерінше жеке қимылдауға мәжбүр болды. Бұл оған дейін кредит алып шаруаларға тарататын, өңдеген мақтаны экспортқа шығарып азды-көпті пайда көріп жүрген заводтар үшін тиімсіз болып шықты.
Елбасының алға қойған тапсырмаларының бірі — мақта кластерін дамыту. Осыған орай Оңтүстік Қазақстан облысында осы тапсырманы жүзеге асыру мақсатында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы ашылып, кәсіпкерлерге зор мүмкіндіктер беріліп жатыр. Бірақ, заң дұрыс шешілмегендіктен, мақта өндірісі аздап тоқырауға ұшырап тұр.
Бүгінгі ақпараттарға сенсек, мақта алқаптарының көлемі жыл санап кеміп жатыр. 2004 жылы 207 мың га жерге мақта егіліп, содан 500 мың тонна мақта алынған екен. Ал, биылғы статистикалық мәліметке жүгінсек, мақта 130 мың гектардай жерге егіліпті.
Екінші мәселе, соңғы жылдары суды аз қажет ететін бау-бақша егу керек дейтін пікір айтылып жүр. Бұл, әрине, жаңсақ пікір. Менің пікірімше, мақта шаруашылығын дамыту үшін аса көп қаражат қажет емес. Өйткені, негізгі база бар.Тек озық технологияларды енгізе отырып, жоғары өнімділікке қол жеткізуге мүмкіндік көп. Мәселен, биыл төрт қатарлы мақта жинау комбайнының келуінің өзі осыған мысал бола алады, осының өзі шаруаларға үлкен көмек болып отыр. Осы секілді технологияларды біртіндеп енгізе берсек, мол өнім, жақсы көрсеткіштерге жете беретініміз анық. Мәселен, мақта шаруашылығы қатты дамыған Израиль мен Қытайда осындай технологиялардың арқасында бір гектар алқаптан 5-6 тонна мақта алса, бізде қазір гектарына 1,5-2 тоннадан аспайды.
– Мақта өндірушілер арасында қазақ мақтасының сапасы нашар деген пікір де көп айтылады, расымен солай ма?
– Мұның себебі көп, бастысы кімнің қалай және не екенінде болып тұр. 2004 жылы біз Израильден екінші типтегі мақта сортын әкеліп ектік және одан жоғары сапалы өнім алдық. Ал, бізде бүгін төртінші не бесінші типтегі өнімдер де кездеседі. Бір анығы, қазақ мақтасының сапасы нашар деп жерге ұруға болмайды. Біздің шикізаттан да халыққа қажетті, сапасы жоғары өнім шығаруға мүмкіндік бар. Оған бүгінде бізде ашылып жатқан фабрикалардың күш-қуаты жетеді. Атап өтерлігі, Оңтүстік өңірдегі шаруалар да, кәсіпкерлер де нарыққа икемделгіш. Егер сапалы мақтаға сұраныс болып, мақта бағасы жоғарыласа, шаруа оның тиімді екенін көре алса, онда олар сондай мақта өндіруге дайын, оған мен кәміл сенемін.
Расы керек, қазір мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек орасан, соны жеке капиталмен біріктіре отырып, жұдырықтай жұмылдырып, мақта шаруашылығы саласына жұмсайтын болсақ, ол өз нәтижесін берері сөзсіз.
– Біз өзіміз мақта өсіреміз, оны өңдейтін фабрикалар да салынып жатыр, алайда, қазақ әлі қырғыз бен қытай киімдерін киіп жүр. Біздің өзімізде барды ұқсата алмай жатқанымыз қалай? Өз мақтамыздың игілігін қашан көреміз, әлде бұған бізде өндіріліп жатқан өнім аздық ете ме?
– Мемлекет отандық өнімді өз игілігімізге жарату үшін қолдау танытып-ақ жатыр, бірақ осы нәрсе не кәсіпкерлердің жадына жетпейді, не қолдары жетпейді. Әйтеуір, бос ұран күйінде қалып жатыр. Жалпы, осы мәселе бойынша мемлекет ірі фабрикаларға тапсырыс беріп жатыр, ал бұл әлемдік мақта өндірушілермен бәсекелесе алатын өнім өндіруге мүмкіндік беріп отыр. Осы орайда арнайы экономикалық аймақ ашылып, «Ютекс.кз», «Окситекстайл» секілді тоқыма фабрикаларының өнімдері экспортқа кетіп жатыр. Сондықтан бізде шығарылып жатқан өнімдерді нашар деп айтуға болмайды.
– Cіз айтып отырған фабрикалардың жұмыс істегенінен тоқтап тұратын кезі көп қой…
– Бұл жерде «біздің бәсекелестеріміз кімдер?» деген мәселені дұрыс түсінуіміз керек. Біздің негізгі бәсекелестеріміз саналатын Ресей текстилінің тарихы екі жүз жылдан асады, Батыс Европа текстилінің тарихы да сондай. Одан бөлек бізге бір жарым миллиард халқы бар Қытай текстилімен бәсекелесуге тура келеді. Оны айтпағанда, көрші Өзбекстанды алыңыздар. Ол жақта тоқыма өндірісі жүз пайыз мемлекет қолдауымен дамып жатыр. Сондықтан, қазақ текстиліне осындай елдермен бәсекелесуге тура келеді.
Нарықта түрлі жағдайлар болып жатады, кейде өнімнің өтуі қиын болады, кейде нарықта баға төмендеп кетеді, ал осындай жағдайда бізде мақта өндірушілерді қорғайтын буфер жоқ. Өзбекстанда мақта өндірісі жүз пайыз мемлекет қолдауымен дамып жатыр, Қытайда экспортты ынталандыратын арнайы бағдарламалар бар. Бізде соның бірі де жоқ. Жуырда кәсіпкерлерге қолдау танытып, құқын қорғайтын Ұлттық палата ашылды, кәсіпкерлер бұған дән риза, алдағы уақытта кәсіпті дамытуға зор мүмкіндіктер ашылады деген үлкен сенім бар.
Егер біз осы салаларды қолдауға бағытталған бағдарламаларды жасауға қатысып, өз ұсыныстарымызды енгізе алсақ, кәсіпкерлер сіз айтып отырғандай қиындықтарға тап болмас еді.
Бұл айналып келгенде кластерлік дамуға келіп тіреледі. Шаруаның өнімі әуелі мақта өңдеушіге, одан тоқымашыға, тоқымашыдан кәсіпкерге, одан тігіншіге дейін жетіп, осы тізбекті реттесек, бүкіл қосымша құн өзімізде қалар еді, міне, сол кезде тізбектегі әрбір мүше ақшасыз қалмас еді. Онда шаруа мақтасын көбейтуге, ал тоқымашы мен басқалары әлемдік сапамен бәсекелсу үшін сапалы өнім шығаруға мүдделі болар еді. Сөйтіп, біз өз-өзімізді де ынталандырып отыратын едік.
Мақта аз, несие жоқ деп айту — ең оңай нәрсе. Мүмкіндікті дер кезінде пайдалана алсақ, әркетіміз қолдаусыз қалмайды. Өз басым мақта шаруашылығына қатысты мәселені түбегейлі шешуге болады деп ойлаймын.
Бүгінгі жастарда тәртіп жоқ
– Мақта – машақаты көп жүмыс. Ауылдарда мақтаны жастар емес, әлде де жасамыстар егіп жүр. Бүгінгі жастар үшін мақта еккеннен құрылысшы не даяршы болып ақша табу оңай. Тағы біраз жылдан соң мақтаны кім егеді деген ой Сізді мазаламай ма?
– Әрине, бұл ең өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан адам күшіне тәуелді болмау үшін мақта саласына да жаңа технологияларды енгізу керек деп отырғаным сол ғой. Жаңа технология – ол тамшылатып суару, егісті механикаландыру, агрохимияны пайдалану. Бүгінде мақта шабығы, суару мен терім дегеннің бәрі қол күшімен атқарылып жүр. Егер осы үш позицияны реттеп алсақ, қалғандарын интернет арқылы да атқаруға болады. Израильде 200 гектар жерді төрт-бес адам қарайды. Біз, мәселен, 600 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісін енгіздік, бұл суару процесіндегі жұмысымызды әлдеқайда жеңілдетті. Жуырда Мақтаарал ауданының әкімі мынадай қызық фактіні айтып еді, мақтаны қолмен теруге 4-5 миллиард теңге жұмсалады екен, ал комбайнмен терсе бұл шығын үш-төрт есе арзанға түседі екен. Ендеше, озық технологиялар енгізілсе, шаруалардың шығыны да азая түсер еді.
Мәселен, мақта шабығы кезінде әр гектарына 65-75 мың теңге жұмсаймыз, егер гербицид пен химияны пайдалансақ, шығын бұдан әлдеқайда аз болар еді.
Сіз жастар жайлы сұрадыңыз ғой, соған көшейін. Расы керек, бүгінгі жастарда тәртіп жоқ. Жұмыс істегісі келсе істейді, қаламаса шығып кетеді. Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген, алайда бүгінгі жастар тәртіпке бас исе құл болып қалатындай көреді. Ал, оларды бұрынғыдай заң жүзінде тәртіпке шақыратындай мүмкіндік жоқ. Шетелде мынадай тәжірибе бар, жұмыс беруші жұмысқа қабылдайтын кезде оның картотекасын тексереді. Ол дұрыс, кемшіліктері алдынан шығып отырса, оны кім алады дейсіз жұмысқа?!
Әрине, қайбір жас болмасын билікке жетуді, қалталы болуды қалайды. Бірақ, олар жерде тегін жатқан батпан құйрық жоқ екенін түсінулері тиіс. Егер мақта шаруашылығына, мен жоғарыда атап өткендей, озық технологияларды енгізсек, мақтаны қолмен емес, соңғы үлгідегі комбайнмен терсек, арам шөпті кетпенмен емес, дәрілеп өлтірсек, сөйте отырып одан әжептеуір пайда көрсек, жастар жағы мұны бағалайды, түсінеді, ауылға қайта оралады деп сенемін.
– Соңғы жылдары облыста жылыжай салу сәнге айналып, көкөніс егуге бетбұрыс жасалып кеткен сияқты. Сіздерді қайдам, өзіміз «мақта шаруашылығын дамытайық, мақта егейік» деп ұрандатып жүрген жан көрмейміз. Мұндай жағдайда мақта шаруашылығы мүлде тоқтап қалмай ма?
– Менің ойымша, бұл екі саланы мүлде салыстыруға болмайды. Бізде жері бау-бақша егуге қолайлы аудандар бар және мақта егуге қолайлы жері бар аудандар бар. Тек мал шаруашылығымен айналысатын аудандарды тағы қосыңыз. Мәселен, бір гектар баудан түсетін табысты қауын-қарбыздан не мақтадан түсетін табыспен салыстыруға әсте болмайды. Оның үстіне мақта секілді 200 мың гектарға қауын-қарбыз егуге тәуекел ете аласыз ба?! Ерте көктемнен тынбай еңбектеніп, қауын-қарбыз ектіңіз делік, 20 күнде бағаны ұстасаңыз пайда көресіз, үлгермесеңіз күйесіз. Сондай тәуекелге кім барар екен?!
Ауыл шаруашылығы дамыған елдердің өзінен дәл осылайша жаппай қауын-қарбыз еккен совхоз не колхоз бұрын да болмаған, қазір де жоқ. Әрине, қауын-қарбыз екпесін демейміз, ексін, ол үшін логистикалық орталықтар да ашып жатыр. Бұл салада негізгі нарығымыз Ресей болып тұр, ал бұл орайда негізгі бәсекелес болып табылатын Өзбекстан мен Тәжікстаннан гөрі қазір Кедендік одаққа мүше Қазақстанның басымдығы зор. Қазақстан өнімдеріне сұраныс бар, дегенмен солай екен деп мақта алқаптарын қысқартып, бау-бақшаға айналдыруға тағы болмайды. Ара-тұра «мақта суды көп қажет етеді, орнына басқа нәрсе егу керек» деп пікір айтушылар кездесіп жүр ғой, өз басым оған қарсымын.
Жаңадан бау егіп, оны өңдейтін жаңа технологиялар енгізуге жұмсалатын қаржыға өзімізде бар мақтаны дамытып, озық технологияларды енгізу экономикалық тұрғыдан алғанда да әлдеқайда тиімді болар еді.
Біз 600 гектар жерге тамшылатып суару технологиясын енгіздік дедім ғой, ол, біріншіден, суды үнемдейді. Екіншіден, осы әдіс арқылы суарылған жердің бір гектарынан алдыңғы жылы 63 центнерден өнім жинасақ, биыл 40 центнер болды деп шамалап отырмыз. Бұл облыстық орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Үшіншіден, мақта сапасы да жоғары. Оның үстіне Ресейдің де, Шығыс Европаның да тоқыма фабрикалары Қазақстанмен жұмыс істеуге құмбыл. Сондықтан мақта алқаптарын қысқартып, басқа нәрсе егу үшін де жан-жақты сараптама керек, бұл орайда бір жақты шешім қабылдауға не пікір айтуға әсте болмайды.
– Қайбір жылдары Сіздер мақта целлюлозасын шығаратын кәіпорын аштыңыздар. Кәсіпорынның бүгінгі тағдыры не болды? Өнімдері қайда?
– Біз мақта шаруашылығын қолға алған кезде мақта саласын дамытудың кезеңдерін жоспарлағанбыз. Тоқсаныншы жылдардың басында біз банкротқа ұшыраған мақта заводтарын сатып алып, жұмысын жүргіздік. Содан кішкене қаражат жиналған соң арнайы экономикалық аймақтан қолайлы орын алып, завод аштық. Бұл жобаның құны 3,8 миллиард теңгеге түсті, оның 2 миллиард теңгеден астам қаржысына құрал-жабдықтар алынды. Бұл кешенде гигроскопиялық мақта, мақта целлюлозасы және техникалық карбоксиметилцеллюлоза шығаратын жеке-жеке үш кәсіпорын жұмыс істеп жатыр.
Мақта целлюлозасын 84 түрлі заттың шикізаты ретінде пайдалануға болады. Атап айтсақ, оны қымбат бағалы құнды қағаздар (ақша, облигация), жарылғыш заттар, автокөлік бояулары, мұнай өндірісінде қойылқыш есебінде пайдалануға болады. Медицинада оны жақпа май не крем, тамақ өнеркісібінде, тұрмыстық химияда тіс пастасы, кір жуу ұнтағы құрамында пайдаланады. Өкінішке қарай, Қазақстанда ондай өнімдер шығаратын өндірістер жоқ, сондықтан біз шығарып жатқан өнімге қазірше сұраныс аздау, қадамдарымыз қиындау болып тұр. Мұны ашық айту керек. Жоғарыда атап өткен заттардың бәрі де бізге түгелдей шетелден дайын өнім күйінде импортпен келіп жатыр. Біз шығарып жатқан өнім шетелдік өнімдермен сапасы жағынан бәсекелесе алғанымен, сервистік қызметті шетелдік компаниялар атқаратындықтан, қазірше ол да бізге қиынға соғып тұр. Жуырда біздің өнімдерге қатысты мәселе Үкіметте сөз болып, мұнай және газ министрлігіне тапсырма берілген болатын, бірақ, қазірше ол жақтан ешқандай нәтиже жоқ. Осындай кедергілерге байланысты завод толық қуатымен жұмыс істей алмай тұр, бірақ, тоқтап тұр деуге тағы болмайды. Қазір мақта целлюлозасын Ресейге экспортқа шығарып жатырмыз. Ресейдің ірі-ірі компаниялары біздің өнімнің сапасын жоғары бағалап, алдын-ала төрт-бес жылға келісім шарт жасасып қойды.
Отандық тұтынушылар алмай қойды екен деп қарап отырған біз жоқ, өнімімізді өткізудің басқа да амалдарын қарастырып жатырмыз. Сәтін салса, бір жылға жетер-жетпес уақытта бұл мәселелер шешіліп, завод толық қуатымен жұмыс істейді деп сеніп отырмыз. Өз есебіміз бойынша, сол кезде заводта 300-400 адам жұмыс істейтін болады.
Мен қандаймын, солай қабылдасын…
– Сіз – облыстық мәслихаттың депутатысыз, ендеше Сізге мақта туралы ғана емес, басқа мәселелер төңірегінде қойылар сұрақ та көп. Мәселен, осыдан үш-төрт жыл алдын «Оңтүстік» ӘКК қоян өсіруді қолға алды. Жоба авторлары сол кезде бізді таяу арада қоян етін жеп, қоян ішік киетін боламыз деп сендірген еді. Содан беріде не қоян етін жемедік, не қоян ішік кимедік. Облыс бюджетінен қаржы бөлінбегенмен, жоба біздің аймақта жүзеге асты. Қазір бұл туралы бәрі ұмытып кеткен сияқты. Және бұл Оңтүстікте аяқсыз қалып жатқан жалғыз жоба емес. Сіздер облыс билігінен осындай жобалардың нәтижесі туралы сұрастырасыздар ма?
– Менің білуімше, бұған облыс бюджетінен қаржы бөлінген емес, бірақ, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарлама ішінде осы секілді қызық жобалар көп. «Қалауын тапса, қар жанады» деген, егер көзін тапса, содан пайда табатынына сенімді болса, ондай жобаларды қолдауға әбден болады. Кәсіппен айналысу кейбіреулер ойлағандай оңай емес. Ал, сіз айтып отырған қоян шаруашылығы туралы естігенім болмаса, қызығушылық танытпаппын.
– Біздің анықтауымызша, кезінде 25 мың теңгеден сатып алынған қояндардан түк те пайда болмаған. Соның басы-қасында жүрген азаматтар бізден «қазақтар қоян етін жемейді» екен деп құтылды. Бір сөзбен айтқанда, пәленбай миллиондық жоба құнын ақтаған жоқ, есіл қаржының өтемін кімнен сұраймыз?
– Расы керек, мен бұл шаруадан мүлде хабарсыз екенмін… Жобаны жүзеге асырған азаматтарға сауал жолдап, жауабын алсам, алдымен өздеріңізді хабардар етуге сөз берейін…
– Сіз Ордабасы ауданынан сайландыңыз, қалаға жақын дегенмен, Ордабасының да проблемасы шаш-етектен. Қазір шешімін таппай тұрған ең өзекті мәселе ретінде қайсысын атар едіңіз?
– Біз Ордабасыдан екі азамат сайланғанбыз. Әріптесім екеуміз бүгінде аудан елдімекендерін газдандыру, жолдарын жөндеу секілді мәселелердің шешімін табуына ықпал етіп жатырмыз. Облыс әкімінің орынбасары Е.Садыр мырзаға өз ұсыныстарымызды тапсырғанбыз, ол кісі біз ұсынған мәселелерді қабылдап, шешімін табатынына сендірді.
Проблеманың үлкен-кішісі болмайды, соның бірі – аудандағы білім ошақтарын күрделі жөндеуден өткізу, жаңа мектептер салу. Бірақ, оның бәріне уақыт керек. Билік пен халық арасындағы дәнекер болғандықтар, елдің көкейіндегі проблемалардың шешілуіне барынша ат салысып жүрміз. Біздің ісімізге бағаны халық береді, көңілдерінен шықсақ басымыздан сипайтын да – сол халық, дұрыс жұмыс істемесек сыбап алатын алатын да – сол халық.
– Сіз – кәсіпкерсіз, қазақтың қолынан да кәсіпкерлікпен айналысу келетінін дәлелдеген азаматсыз. Мәселен, басқа елдерде кәсіпкерінің имиджі қалыптасып қойған, неміс кәсіпкері – сөзге берік, нақтылықты сүйеді, түрік кәсіпкері – епті дегендей… Ал, қазақ кәсіпкерінің имиджі қандай?
– Меніңше, қазақ кәсіпкерінің имиджі әлі де қалыптасу үстінде. Байқағаным, мейлі оңтүстік, мейлі солтүстік, батыс не шығыс кәсіпкерлеріне ортақ бір мінез бар – ол ашықтық, шешім қабылдауда тәуекелшіл. Қазақтың қанында бар мінезден болса керек, біздің кәсіпкерлер көбіне батыл шешім қабылдайды, көз жұма тәуекелге бара салады. Осының кесірінен көпшілігі қиындықтарға ұрынып жатады. Әрине, олар жаман болсын деп ойламайды ғой. Батыл, батыр, тәуекелшіл – бүгінгі қазақ кәсіпкерін мен осылай сипаттар едім. Әлі біраз жылда басқалар керісінше қазақ кәсіпкерлерін де үлгі тұтатынына өзім сенемін.
– Кәсіпкерлік дегеннен шығады, бізде кәсіпкерлік әліппесін үйрететін шетелдік әдебиеттер өте көп. Басқасын айтпағанда, кәсіпкердің хатшы қызының шайды қалай және қандай ыдысқа құюы керектігін де сондай кітаптардан үйреніп жүрміз. Кеңсеге келген қонақты қазақы дәстүрмен күтсе, кәсіптен береке кетіп қала ма?
– Меніңше, бұл әр басшының еркіндегі дүние. Егер оның идеалы батыстық кәсіпкер болып, соларға еліктесе, келген қонақты солай қарсы алады. Әрине, кітапта не жазылса, солай істеу шарт емес, жақсысын, керегін алуға болады. Біз қазірше шетелдіктердің нарығына тәуелді болып отырғандықтан, солардың тәртібін қабылдауға тиіспіз. Олармен келіссөз жүргізу әдістерін сондай кітаптар арқылы үйреніп алғанымыз өзімізге жақсы.
Ал, енді қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыздың өз-өзін ұстауы, шай құю этикеті, менің ойымша, әр басшының еркіндегі шаруа. Өз басым ондай нәрселерге мән бермеймін. Мені осы арқылы сынаған адамның әрі қарай жұмыс істесуі де екіталай болар. Шын серіктес болғысы келген адам мен қандаймын, солай қабылдасын. Сондықтан мен Қазақстанға келген қонақтарды ұлттық салт-дәстүрмен қарсы аламын, қазақтың дархандығын, жерінің байлығын көрсетемін. Мұным біреулерге ерсі көрінер, бірақ, ұлтшылдығымды, ұлтжандылығымды, отансүйгіштігімді көрсетуден мен ұялмаймын. «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген, өзімізді өзіміз сыйламасақ, өзгелер бізді қалай сыйламақ?! Жалпы, бүгінде шетелдіктердің Қазақстан дегенде көзқарастары өте жоғары.
Сұхбаттасқан
Гүлжамал МҰСАЕВА