«Турасын айтсаң туғаныңа жақпайсың»

389
0
001

Пернебек РАЙЫМБЕК, ОҚО мәслихатының депутаты:

 

Басқа жақты білмейміз, Оңтүстік Қазақстанда облыстық мәслихатқа бес рет қатарынан сайланған жалғыз ғана депутат бар, ол – Арыс аумағынан сайланған Пернебек Райымбек. Ол бүгінгі кейбір жаңа қазақтар секілді үлкен бизнеске топ етіп көктен түсе қалған жоқ. Еңбекпен нан табу мен өмірде, қызметте таза еңбекпен аяққа тұрудың қаншалықты қиын екенін одан артық білетін ешкім болмас, сірә?! Елшіл, жершіл азамат. Арыс жұртының сонша жылдан бері оған аманаттарын арқалатып, сенім білдіріп жүргені де содан болса керек. «Құрылыс-жөндеу» компаниясының президенті Пернебек Райымбекпен арадағы әңгіме негізінен елдік пен бірліктің төңірегінде өрбіді.

«Құдайшылығын елдің өзі айтсын»

– Мәліметтерге жүгінсек, Сіз ОҚО мәслихатына осымен бесінші рет сайланыпсыз. Бұл Арыс жақта осы мандатқа Сізден басқа лайық адам жоқтығын білдіре ме, әлде сіз бұл орынды «жекешелендіріп» алдыңыз ба?
– Мен негізі бұдан алдын Шымкент қалалық мәслихатына  депутат болғанмын. Есептеп қарасам, келесі жылы депутат болғаныма жиырма жыл толады екен. Халық еңбегімді бағалайтын шығар, мені қолдап, дауыс берді. Мақтанғаным емес, Арыс жаққа еңбегім сіңді деп ашық айта аламын. Құрылысшы ретінде қаншама нысандар салып бердім, жетім-жесір мен балалар үйінен көмегімді аяған емеспін. Әр сайлауда балама ретінде төрт-бес азамат дауысқа түсіп жатады, бірақ ел мені қолдап келеді. Егер жаман болсам бір рет дауыс беріп, келесі жолы есіктерінен қаратпай қуып шығар еді. Әр сайлауда малын шашып дауыс жинайтын адам мен емес.
Өзімді турашыл адам санаймын, әділетіздікке әу бастан жаным қас.  Мұндай мінезім, бәлкім, біреулерге ұнамас, әйтсе де әділетсіздікті көре тұра айтпасам жаным жай таппайды. Кеңес үкіметінің тұсында бұрмалаушылықтарға жаным төзбей Орталық комитетке хат жазған кезім де болған. Қазақ «турасын айтсаң туғаныңа жақпайсың» деген,  сол рас. Бірақ туғаныма жақпай қалады екенмін деп үндемей қала алмаймын, әділ сөзімді айтсам деймін. Қарапайым халық осы мінезімді бағалайтын болар. Кейбіреулер «бұл мандатты жекешелендіріп алған» дегенді айтатын шығар. Жоқ, олай емес. Мәслихат депутаттығына лайық азаматтар бар әрине. Алайда, ел мені қолдап келе жатыр. Келесі сайлауда  жасым 60-қа келіп қалады екен, «мынау қартайса да орнын босатпайды» деген сөз маған керек емес, сол сөзді айтқызбайтын шығармын деп ойлаймын.
– Сонда бұл сіздің келесі сайлауға түспейтініңізді білдіреді ғой?..
– Иә, дәл солай. Әр нәрсенің өз орнымен, ретімен болғаны жөн ғой.
– Осы демеушілік дегенді пиар үшін жасайтындар бар, әдетте сайлау жақындаған кезде кедей-кепшікке, жетім-жесірге «қамқор» болатындар көбейіп кетеді…
– Сөз ыңғайын түсіндім. Жоқ, мен көмек сұрап келген азаматтарға кез келген уақытта көмектесіп жүремін. Өзім өмірден көп тауқымет тартқан соң жоқшылықтың не екенін жақсы білемін. Асып-тасып жатқан дүнием жоқ шығар, бірақ қиналған адамға көмектесуді парыз санаймын. Мен қиналған күндерімді ешқашан ұмытқан емеспін.
– Сіз соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан сынға ұшырап жатырсыз. Мұның бәрі мәслихат сессиясындағы Құрметті азамат атағын беруден басталып еді. Сіздіңше, ол азаматтар бұл атаққа лайықты емес пе?
– Жоқ, мәселе онда емес. Әрине, ол азаматтардың бәрі де – халыққа еңбегі сіңген, бұл атаққа әбден лайық азаматтар. Қазаққа көп керек емес, тек қана осы тізімге басқа жүзден де бір азаматты қоса салса, ешқандай дау тумас еді, құда да тыныш, құдағи да тыныш болар еді. Бұл әңгімені сессияда негізі Аманолла Раманқұл бастады. Мен қостадым. «Таразы басын тең ұстау керек» дегенді айтқаным рас. Қазақта жүз, ру, ата деген әлімсақтан бар. Ол генетикалық тұрғыда шыққан тегіңді білу, қан тазалығын сақтау үшін қажет. Қазақ – қашаннан қан тазалығына мән берген халық. Жеті атадан аспай қыз алысып-берісуге болмайды. Қазір жеті ата емес, пәленбай атадан асып кетсе де осы дәстүрді сақтап жүргеніміз тегін емес. Осы тұрғыдан алғанда жүзіңді, руыңды білгеннің айыбы жоқ. Бірақ, жасыратын несі бар, осыны жеке мүдде үшін пайдаланатындар көп. Бұл, әсіресе, мемлекеттік қызметте жүргендер арасында өршіп кетті. Қызметке қабылдайтын тұста жүзіне, руына қарайды. Сен қанша жерден талантты, білімді, білікті болсаң да «географияң мен биографияң» тура келмесе, өсе алмайсың. Бұл – шындық,  мұны мен ғана емес, бүкіл оңтүстік елі біледі. Мәселен, облыстың бұрынғы прокурорының тұсында барлық аудан прокурорлары, олардың бөлім бастықтарына дейін бір жүзден болды, сонда маған бір-екі азамат келді күйініп. «Біздің де біліміміз, білігіміз жетеді, ең әрісі бөлім бастығының орнын қимайтындай біз екінші сортты адам ба едік?» дейді. «Таразы басын тең ұстау керек» дегенім осы еді. Қазақ – қайсар бола тұра жаны нәзік, шікәмшіл халық. Қызмет, лауазым ешкімнің атасынан қалған мұра емес, егер мемлекеттік қызметте алауыздық тумасын десек, «басқаларды» да лауазымды орындарға тағайындап отыру керек. Сонда сөз де, қауесет те болмас еді. Түптеп келгенде бәріміз бір қазақпыз, елдің ынтымағы мен бірлігінен асқан ештеңе жоқ. Ал бірлік болу үшін жоғарыдағы азаматтарымыздың тірлігі оң болуы керек.
Оңтүстікте осындай жел сөз желдей есіп тұрғалы көп болды, елдің бәрі сырттай күңкілдейді де қояды. Сессияда бұл мәселені сөз етемін деген ойымда да болмаған, реті келіп қалған соң айтып салдым. Сол кезде «қажет болса Елбасыға хат жазамын» дегенді де айтқаным рас. Сонан соң оны қағазға түсіріп, жергілікті басылымдардың біріне апарғаным да рас. Мен елдікті, бірлікті сақтау үшін «таразы басын тең ұстау керек» десем, оны дұрыс түсінбеген сияқты. Жұрт не десе, о десін, мен осы ұстанымымда қаламын. Облыстағы лауазымды орындардың бәріне бір жүздің азаматтары ғана тағайындалып жатқаны өтірік емес, мұның бәрін жасатып отырған белгілі бір топ бар. Мен облыс әкімін кінәлаудан аулақпын. Ол кісі қаншама жыл шетте жүрді, кімнің кім екенін біле бермейді.
«Ауруын жасырған өледі» дейді қазақ. Бұл жәйтті елдің бәрі көріп-біліп жүр, бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ». Айттым. Шындықты айтқан мен рушыл болсам, сонда мұндай әрекетті ашық жасап жүрген адамдардың кім болғаны? Құдайшылығын елдің өзі айтсын.
Мен Елбасыға не айтпақ болдым? Ол кісі «Қазақстан-2050 стратегиясы: жалпыға ортақ еңбек қоғамы» атты Жолдауында «Ру мен тайпаға бөліну — ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі» деді емес пе? Бірақ біздің жақта бұл мемлекеттік қызметте жүргендер арасында ауруға айналып, асқынып кеткелі қашан? Соны дәлелдерін келтіре отырып, жеткізгім келген еді. Осы хат арқылы мен  «қазақтың ішкі тұтастығын бұзғысы келетін рушылдық, жершілдік әңгімемен ел бірлігін бүлдіргісі келетін күштердің бар екенін» Елбасыға жеткізгім келген. Парламентте, мәселен, ҚР Халқы ассамблеясы атынан түрлі ұлт өкілдерінен депутат сайлады, Елбасы еріккеннен осындай қадамға барды дейсіздер ме? Тағы да қайталап айтайын, облыста да таразы басын тең ұстамаса, қарапайым адамдардың да ашу-ызасы туа бастайды. Осыған жеткізбеу керек деген мәселе еді менікі. Кімнің аузына қақпақ болайын. Өмірдің өзі бәрін әлі-ақ рет-ретімен қойып береді.
– Бұл «аққу — көкке, шортан — көлге, шаян – шөлге» тарту емес пе? Бізге осы біртұтас ел, бір қазақпыз деген түсінік жетпей жатқан жоқ па?
– Егер бәрі орнымен болса, «аққу — көкке, шортан — көлге, шаян – шөлге» тартпас еді. Президент «Жымысқы ниеттілердің айқайына құлақ асып, айтағына ілескен жан әр атаның шежіресін әспеттеп, әр жаққа тартқанын аңдамай қалуы мүмкін» деген еді ғой. Әр атаның шежіресіне қарап, ата түгендеп жүргендер осылай әр жаққа тартып жүрген. Өз басым ешкімнің атасына да, басқасына да қарамаймын. Өзімше елдіктің әңгімесін айтайын десем, мақала басқа қырынан шығыпты.
Рас, бізде дәл бүгін бір қазақпыз деген ұғым қалыптаспай жатыр. Қазақтың ру-жүзге бөлініп, ырың-жырың болып жүргені бір бүгін емес. Тарихтың өзінде оған дәлел көп. Төле бидің «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» дегенінің өзі осыған дәлел. Бірақ, өзара бөлінгенмен, ел шетіне жау тигенде қырық рулы қазақ «бір қазақ» болып біріккен. Қазақстан жер аумағы жөнінен әлемде тоғызыншы орында тұр. Егер «бір қазақ» болып бірікпесе қазақтың ұлан-ғайыр даласын сақтап, бүгінгі ұрпаққа мұраға қалдырмас еді ғой. Бүгінде бізге осындай «біртұтас ел» деген түсінік жетіспей жатқанын несіне жасырайын?
Құдайға шүкір, бүгін қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заман, Қазақстан әлемнің дамыған отыз елінің қатарына енуге талпынып жатыр. Мұндай жағдайда қазақтың іштен ірігені тек қазақтың өзіне ғана кесір. Біз осыны түсінуіміз керек. «Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген, күшейсе, бірліктен күшейген… Қазақстанның елдігі асқан, ерлігі тасқан, кемел де келісті елге айналуына бізден – қазақтардан артық мүдделі кім бар?!» дегенді Елбасы текке айтқан жоқ.

«Өзгелерге қазақтың іштен ірігені керек»

– Қазақ қоғамында рушылдықты жою керек деген әңгіме көп айтылады, бірақ жеті атасын түгендеп жүретін қазақ барда оны жою мүмкін бе?
–Қазақстанда тек қазақтар емес, жүзден аса ұлт өкілдері де тұрып жатыр, солардың бәрімен тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Менің айтпағым, қазақтарды ішкі алауыздықтан сақтандыру жолы ғой. Мен 10-сыныпта оқып жүргенде әлем елдері туралы мәліметтер жинайтынмын, сол кезде Қытайдағы халық саны 750 миллион болатын, содан беріде қырық жыл өтті, бүгінде онда 1,5 миллард халық бар. Бізде ше? Небәрі 17 миллион халықпыз, оның 9 миллиондайы ғана қазақ. Ресейдің жағдайын өздеріңіз білесіздер. Жаман айтпай жақсы жоқ, бір жағдай бола қалса аз ғана қазаққа осындай алпауыт көршілерге бетпе-бет келу мүмкін бе? Өзгелерге қазақтың іштен ірігені керек, менің хат жазудағы мақсатым осындай іріп-шіруге жетпеу үшін өзара түсіністік керек дегенді жеткізу еді. Елдің тұтастығы үшін осындай пікір білдірсем, оның несі айып?! Біреуді үгіттеп, алауыздық туғызыппын ба? Бұл түбінде айтылуы тиіс әңгіме еді, мен айтпасам басқа біреу айтар еді. Қарапайым біреу осыны айтса, аса қызық болмас па еді, бұл сөздің менің аузымнан шыққаны сенсация іздеген БАҚ өкілдеріне де, басқаларға да қызық болды. Біздегі бүгінгі ахуал «басқалардың» намысын таптағандай көрініп жүр. Менің осыны ескерткім келген.
Рушылдық бүгінгі қазақ қоғамында бар, қазақ тілін білмейтін қазақ көп шығар, бірақ руын білмейтін қазақ жоқ. Рушылдықты жою керек деп ұрандатқанымызбен, оны ешкім жоя алмайды. Оны бөлінушілік мақсатта емес, керісінше біріктіру мақсатында пайдалану керек. Рушылдық рулық шектеушілікке, рулық жікшілдікке апарып соқпауы тиіс. Рулық мүддені ұлттық мүддеден жоғары қоюға болмайды. Руын білу – тегін білу. Рушылдықпен күресу керек дейміз де, балаларымызға, немерелерімізге жеті атамызды үйретеміз, шежіремізді жинақтаймыз, аталарымызды түгендейміз, оларға ас беріп, дәріптейміз. Біз, міне, руын білу мен рушылдық деген нәрсені шатастырып алдық. Менің осыны айтқым келген.
– Елдіктің, бірліктің әңгімесін Елбасыдан көп айтып жүрген адам жоқ. Біз Елбасыны өз дәрежесінде бағалап жүрміз бе?
– Елбасы ел тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап қайда жүрмесін тек ел бірлігі туралы айтып келеді. Ынтымағы жоқ елдерде жағдайдың қандай болып жатқанын күнделікті естіп жатырсыздар. Оппозияциялық бағыттағы газеттер Н.Назарбаев туралы не жазбай жатыр дейсіздер?! Бірақ, солардың ешбірі де Елбасының бүгінге дейін атқарған жұмыстарын жоққа шығара алмайды. Бір ғана мысал, тәуелсіздіктің алғашқы қиын-қыстау жылдары ол Қазақстанның астанасын Арқаға көшірді. Сол кезде бәрі дерлік бұл идеяға қарсы шықты. Бүгін Астана дос сүйініп, дұшпан күйінетіндей қалаға айналғанына бүкіл әлем куә болып отыр. Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерін бір шаңырақтың астына жинап, адамзатты қауіп-қатерден сақтау жөніндегі мәмілені көтерген де – Елбасы. Жер-жердегі тарыдай шашылған қазақтарды атажұртқа келуге үндеген де – осы Елбасы. Елдің әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында «Таза ауыз су», «100 мектеп, 100 аурухана», «Балапан» бағдарламалары, «Жұмыспен қамту-2020», «Қолжетімді баспана» бағдарламаларын қолға алуға ұйытқы болған да – Елбасы. Бұлардан басқа қаншама бағдарлама жүзеге асырылып жатқанын жұрттың бәрі көріп отыр, оның бәрін тізе беруге болады. Біз депутат ретінде халықпен жиі кездесіп тұрамыз, жұрттың ол кісіге деген ықыласы, алғысы алабөтен. Әрине, осы істің бәрі тек бірліктің, ынтымақтың арқасында ғана жүзеге асып жатыр. Осы бірліктің арқасында дағдарысқа да шама-шарқымызша қарсы тұрып келеміз.
– Біз әңгіме басында облыстық мәслихатқа Сіздің Арыс жақтан бес рет сайланғаныңызды текке айтқан жоқпыз. Бұл аралықта Арыста қаншама әкім ауысты, бірі келіп, бірі кетіп жатыр. Айтпағымыз, Арыстың проблемасын Сізден артық білетін адам жоқ шығар, арыстықтарды мазалап жүрген мәселе көп пе?
– Әрине, қордаланып қалған мәселе көп. Бар мәселені бір жылда шешіп тастау мүмкін емес. Мектептер, балалар бақшалары, денсаулық сақтау нысандары, көпірлер салынып жатыр. Ал, сол жаңа нысандардың сапасы қандай деген мәселеге келгенде «әттеген-ай» дейтін нәрсе көп. Бәрі сапасыз салынды деуден аулақпын, бірақ кейбір нысандардың сапасыз салынғанын айтып, кейбіреулерге жақпай қалған кездер болды. Жасыратыны жоқ, бүгінде агроном да, милиция да, дәрігер де компания ашып, құрылыспен айналыса беретін болып кетті. Не күрегі, не адамы жоқ, сонан соң олардан не сапа күтуге болады?! Әйтеуір, бәрінің көздегені – тендер, құрылыстың исі мұрындарына бармаса да құрылыспен айналысады.
Арыстағы ең өзекті мәселе – ауыз су. Дені сау ұлт болу үшін медицина нысандарын салып, заманға сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету аз, сапалы ауыз су да керек. Қазір әрбір түкпірдегі ауыл тұрғындарын да сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүріп жатыр.
– Сіз құрылыс саласының маманысыз, майталманысыз. Қазақ «шымшық сойса да қасапшы сойсын» дейді. Ендеше, осы құрылыс саласына қатысты мамандығы жоқ азаматтарға лицензия беруді не тендер беруді шектеуді талап етіп, заңға өзгеріс енгізуді ұсынған жоқсыз ба?
– Жоқ, ондай ұсыныс жасалған жоқ. Расында да, бұл үлкен мәселе. Меніңше, тендерді алатын кезде әр кәсіпкер сол жұмыс қолынан келе ме, жоқ па – өзіне есеп беруі керек, сыншы өз ішінде болуы керек. Жоқ, бізде олай емес, әйтеуір ұмтыла береді. Ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша қанша жылдан бері қаншама қаржы бөлінді. Бірақ, содан тәулік бойы таза су ішіп отырған ауылдар некен-саяқ. Не ол ауылда құбыр дұрыс тартылмаған, не су көзі бар-жоғы мүлде зерттелмеген, әйтеуір нәтижеде қаншама ауылдар сусыз қалды. Мұны есіл ақшаның желге ұшқаны демей не дейміз? Көпірлер салынып жатыр, мамандар салған көпір мен көлденең көк аттылар салған көпірдің арасы жер мен көктей, сонан соң ғой бүгін салған көпірлер көп ұзамай қайта қисайып тұрады. Басқа нысандардың құрылысы да мәз емес. «Нұрсәт» мөлтекауданында тұрғын үй бағдарламасымен қаншама көп қабатты үй бой көтерді, кейбір үйлер тұрғындар көшіп бармай жатып сыр беріп жатыр. Мұны бұқаралық ақпарат құралдары талай рет көрсетіп те жүр.

«Арақ ішуден қолы тимеген әкімдерді де көрдім»

 – Сіз облыста лауазымды орындарға қызметке тағайындауда «таразы басы тең болмай тұр» дейсіз.  Облыс әкімі, бәлкім, кадрлардың атасына емес, біліктілігіне, ұйымдастырушылық қабілетіне қарайтын болар…
– Асқар Мырзахметов шетте көп жүрген, елден шеттеп қалған азамат. Ол кісі ешкімнің атасына қарамайды, оған жұмыс істейтін адам болса болғаны. Жұмысын қожыратып жіберген кадрларды қызметтен тез босататыны да сондықтан. Бірақ сол орындарға лайықты кадр іздеген кезде кадрларды біздегі «мүдделі топ» тықпалап  отыратын сияқты. Асекең – өте еңбекқор, бір жылда облыстағы 950 ауылды аралап шықты. Оған дейін қай әкім түкпірдегі ауылдарға арнайы ат басын бұрып еді? Депутат болған жиырма жылға жуық мерзімде қаншама әкіммен жұмыс істестік. Ештеме тындырмай, жай келіп кеткен әкімдер де болды. Арақ ішуден қолы тимеген әкімдерді де көрдім. Мұны мен бүгінгі облыс әкіміне жағынып қалу үшін айтып отырған жоқпын, оның жұмысын көзбен көріп жүрген соң айтып отырмын. Оның әкім болғанына бес жылға жуықтап қалыпты, осы аралықта облыста қандай жұмыстар атқарылды, күмән келтірген адам талдау жасап көрсін.
Менің кешегі әңгімемді облыс басшысына жұрт әрқилы етіп жеткізіп жатқан шығар, кімнің аузына қақпақ боламын.
– Сіз өзіңізді «турашылмын» дегенді көп айтасыз. Алайда шындықты айтуды  көпшілік бәлеқорлыққа балайды емес пе?!.
– Иә, бұл рас.  Мен титтейімнен өмірден көп әділетсіздік көріп өстім. Әке-шешеден ерте айрылдым, маған қараған адам болмады. Мектепте өте жақсы оқыдым, бірақ мектеп бітірген кезде менен нашар оқығандар алтын медаль алып кетті. Менің сөзімді сөйлейтін адам болмады. Институтқа өз күшіммен түсіп, онда да жақсы оқыдым. Қарасатын, жаны ашитын адам жоқ, оқып жүріп төрт жұмыста қатар істедім. Бір жерде сантехник, екінші жерде от жағушы, үшінші жерде қарауыл болдым. Аула сыпырған, вагондардан көмір түсірген кездер де болды. Балалардың кейбірі әке-шешемнің жоқтығын айтып, талай рет басынған кездері болды. Қанша жерден намыстанғанмен, өзімнен басқа сенетін адам жоқ. Бәріне шыдауға тура келді. Жетімдікті, жоқшылықты көріп өскен адам мендей-ақ болсын. Жетім екенсің деп өмір де, адам да мені аяған емес, басымнан сипаған емес. Міне, осылай өмір мені ертерек шыңдады. Ойымды ірікпей айтып қалатыным бар, оның несі айып?! Күштінің әлсізге жасайтын қиянатына, әділетсіздікке төзе алмайтыным тағы бар. Қызметке ерте араластым дедім ғой, 27 жасымда үй басқармасында меңгеруші, 28 жасымда трестің бастығы болдым. Жанып тұрған кезім, өзім спортпен шұғылданатынмын, күш-қуат жетеді. Жиырма сағат жұмыс істеймін және жұмысқа жанымды беріп істеймін. Сонда да еңбегімді елемейді, әйтеуір кемсітіп, шеттете береді. Шыдамның да шегі болады, сондай бір күні ашуға әбден булығып, Андроповқа хат жаздым. «Тыныштық бермейді, шеттетеді» дедім.
– Ол жақтан не жауап келді?
– Жауап келген жоқ, үш күннен соң комиссияның өзі келді. Оларға мұның бәрінің ұлттық кемсітушіліктен шығып отырғанын жеткіздім. Кәсіподақ комитеті құрамында тоғыз адам болса, қазақтан басқа ұлт өкілдерінің бәрі болатын. Оны да айттым. «Қазақтар сонда екінші не үшінші сортты адам ба еді?» дедім. Мәскеуден келген комиссия маған риза болды. «Грузия, Кавказ не Тәжікстан, Өзбекстан, Прибалтикада сендер бұлай ете алмас едіңдер» дедім. Мені бәлеқор, ұлтшыл десе дей берсін, біреулер мұны арандату дейтін шығар, бірақ олар бізді кезінде әбден сорлатты ғой. Ұлтшыл, ұлтжанды болғаным үшін жазғырса, жазғыра берсін. Қазір тәуелсіздігімізді алып, өз қолымыз аузымызға жетті деп отырмыз, төбемізден төніп қарап, үстемдік танытып отырған ешкім жоқ. Ендеше, аз ғана қазақты ала тайдай бөліп, қызметке қабылдамай, қабылдаса да басқа атадан болғаны үшін шеттететіндей не көрінді?
– Бізде қалталы азаматтардың ауылдарынан мешіт салып, аталарының не әкелерінің атын мешітке беруі сәнге айналып кетті. Сіз ше, не істедіңіз?
–  Мен мұндай жәйтті Жетісай жақтан көргенде таң қалғанмын, әр атаның өз мешіті бар. Мешіт салып, марқұм әкемнің атын берсем маған да жарасар еді, бірақ олай етуге арым жібермеді. Әкем қарапайым ғана жүргізуші болды, ел қатарлы еңбек етті, жүз граммнан да ұрттап қоятын. Әкемнің көзін көргендер не дейді деп ойладым. Бірақ, туған ағам әскери комиссар болған, Орта Азия округі бойынша осы қызметті атқарған тұңғыш қазақ болған, бүгінде Түркістанда ол кісінің атында көше бар.
–Әр ата-ананың арманы – баласын биіктен көру, бүгінгі жаңа қазақ баласының президент болмаса да, министр болғанын қалайды, мемлекеттік қызметке тықпалайды. Сіз мемлекеттік қызметке жібермей балаларыңыздың бағын байлаған  жоқсыз ба?
–Балалар қабілеттеріне қарай өз жолдарын өздері таңдады. Үлкен ұлым – кәсіпкер, Астанада тұрады. Ортаншы ұлым – құрылысшы, қазір маған көмектесіп, үйреніп жүр. Қызым – ән айтады, музыкант. Ал кенже ұлымыз Лондонда білім алып жүр. Жеті немереміз бар.
–Пернебек Райымбекұлы, ащы сұрақтарымызға ашық жауап бергеніңіз үшін рахмет! Өмірден көргеніңіз тек жақсылық болсын!

Сұхбаттасқан
Венера АХМЕТҚЫЗЫ