«МЕН ШЫНДЫҚТЫ ЕШ БҮКПЕСІЗ, ТІКЕ БЕТКЕ АЙТА АЛАМЫН»

535
0
Нұрғазы jpg

Нұрғазы БҰҚАРБАЕВ, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:

Көпшілікке Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Нұрғазы Бұқарбаевтың есімі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әбден таныс болып үлгерді. Ойда-жоқта жасаған тосын мәлімдемесі сенсацияның алауын жалындатқаны әлі есте.Өзінің мандатын тапсырып, саясаттың ауылынан іргесін аулақ қондыратынын айтып, облыс әкіміне, құқық қорғау органдарына өкпесін білдіріп жасаған осы мәлімдемесі Бұқарбаевты бүкіл елге танытты. Ол жөнінде біздің газетте де біраз мақалалар жарық көрді. Мәселенің мән-жайын білу мақсатында біз өткен жылдың соңында Нұрғазы мырзаны жеке әңгімеге тартқан болатынбыз. Өзара келіскеніміздей, бұл сыр-сұхбат ештеңені бүгіп қалмай, барлық жәйтті алақанға салғандай ашық айтуды көздеген еді. Әңгіменің басты кейіпкері бұған толық келісімін берді, сауалдарға жауаптар алынды. Біздің мұндағы көздеген басты мақсатымыз – ел арасындағы шындығы мен өтірігі аралас әңгімеге нақтылы нүкте қою еді. Сол ойымыз орындалып, жүзеге асқан секілді. Төмендегі сұхбат сол қалпында,  ешқандай дәріптеусіз, қаз-қалпында берілді. Егер оқырмандар тарапынан алдағы күндері айтылар ой-пікір болып жатса, оны да назардан тыс қалдырмай, жария етуге дайынбыз.

― Бүгінгі Бұқарбаевты кім деп танығанымыз жөн?
― Қызықтау сұрақ екен. Мен кәдімгі ел қатарлы азаматтардың бірімін. Ауылда туып, қалада өмір сүріп жатырмын. Барлық жастар секілді менің де балалық, жігіттік, азаматтық шақтарым бастан өтті. Дәл осы күйімде бір күнде қалыптаса салмағандығым белгілі. Бала қиял арманшыл болады. Үлкен азамат болсам деген арманды алдымызға меже етіп қойдық, солай болуға тырыстық. Адамның келешекке деген сенімі нық болса, ол діттегеніне жетуге көп септігін тигізеді. Мектеп бітірдік, ҚазХТИ-ге оқуға түстім, біршама жұмыстар атқардым. Бір кезде конкурстық негізде кеңшарды таратқандардың бірімін. «Алма ТВ»-да бес жылдай басшылық қызметте болдым. Керек десеңіз облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында да бір кездері жұмыс атқарғаным бар. Қазір қалалық мәслихаттың депутатымын. Сайлаушылармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймын.
― Депутат болу әу бастағы көп арманның бірі ме еді?
― Мен негізінде депутат болуды көксеген де, армандаған да емеспін. Ерлан Нұрмаханов деген досым бар. Офисте әңгімелесіп отырған кезде ол маған босаған депутаттың орнына сайлауға түсуге кеңес беріп, ұсыныс жасады. Бұрын мұндай доданы көрген емеспін. Әрі маған тосындау да болды. Үш күн әрі-сәрі болып, ойланумен жүрдім. Содан соң бірден шешім қабылдап, тәуекелге бел буып, тағдырымды сынаққа салдым. Бағдарлама жасалынды, сайлаушыларға айтар уәжім сараланды. Бір жағы қатты толқыныста да болдым. Нәтиже сайлаушылардың мені толық қолдауымен аяқталды. Мен адамдармен тіл табысып, өзара ұғынысып, олардың көкейіндегі көп мәселелерді дөп басқанымды осы сайлау қорытындысынан соң анық аңғардым. Бүгінде өз тәуекеліме өкініш білдірмеймін.
― Ауылда туып, қалада өскен көп қазақтың бірісіз. Сағынышыңызды қалай басасыз?
― Шіркін, ауыл сол көп қазақтың нағыз отаны ғой. Бұрын жиірек барып тұрушы едік. Әке-шешеміз бақилық болғаннан кейін қатысымыз саябырсыды. Бір жағы қол да көп тие бермейді. Ағайынға барып аунап-қунап, арқа-жарқа болып жатып қайтқың келеді. Жүрегіңнің бір түкпірінде ортаймайтын бір сағыныш тұрады. Сол ауылға бармағалы да көп болыпты. Осыдан-ақ менің сағынышымның сазын аңғару қиын болмаса керек.
― БАҚ туралы пікіріңізді білсек деген ойымыз оғаш бола қоймас…
― Ақпарат құралы қай дәуірде де өзінің үлкен күш болған деңгейінен төмендеген емес. Шынымды айтсам мен төрт газетті ғана оқитын адаммын. Олар – «Рейтинг», «Южный Казахстан», «Рабат» және «Уақыт» газеттері. Қалғандары солардың көлеңкесінде, солардың бастап жазғандарын қайталаумен шектелетін басылымдар десем, оған ешкім реніш білдіре қоймас. Ақиқатты ашып айтудың өзі кейде адамға зиянын тигізеді. Бірақ мен шындығын, ақиқатын айтып отырмын. Кейбір басылымдардың арнайы тапсырыспен ғана, біреулердің мүддесі үшін, біреулерді мұқату үшін жұмыс істейтіндігі қарныңды ашырады. Басылым барлық уақытта тек қана шындықты ашық етіп жазар болса, оның беделі бүгінгіден де артық болар еді деп ойлаймын.
― Сіздің депутаттық сауалыңыздың нәтижесімен қалада жетім балалар үйінің түлектеріне арнап жай салынып жатыр деген бір жақсы әңгіме естідік. Бұл туралы не дейсіз?
― Ата-анасынан бірдей айырылып, жетімдіктің қамытын киген балалардың ертеңгі тағдыры жүрегінде жылуы бар жандарды ешқашан бей-жай қалдырған емес. Олар кәмелеттік жасқа келіп, балалар үйін тастағаннан кейін өмірдің нағыз қатігез кезеңімен бетпе-бет келеді. Біздің қоғамда, бір өкініштісі, жетім балалардың балалар үйінен кеткеннен кейінгі өмір сүруі ешкімді ойландырмайды. Осыдан барып олар көп ретте теріс жолға түседі. Олардың отбасын құруының өзі үлкен қиындық тудырады. Ал баспана мәселесі жөнінде ауыз ашудың қажеті жоқ. Осы мәселелерді ой сарабына сала келіп, мен қала басшыларының алдына жетім балаларға арнап үй салу жөнінде мәселе қойдым, депутаттық сауал бердім. Қазір қалада осындай екі үй салынып жатыр. Ол жақын арада жарымжан көңіл жастарға өз есігін айқара ашпақ.
― Сіз сайлаушылармен қалай жұмыс істейсіз?
― Қай депутат болмасын өз сайлаушысынан қол үзбегені жөн. Бұлардың арасындағы байланыс қалыпты болмаған жерде депутат өзіне артылған сенімді атқара алмайды. Сайлаушылардың мұң-мұқтажы, айтар ойы, ұсыныстары болады. Соны тиісті орындарға жеткізу, әрі қарай қозғау салу әр депутаттың бірінші кезектегі міндеті болуы тиіс. Депутат әр сайлаушының есігін қағып, үйіне күнде бармайды. Олармен жергілікті әкімдер арқылы байланыс жасайды. Қажет кезінде көпшіліктің басын қосып, жиындар өткізіп, мәмілелі әңгіме өрбітеді. Мен өз сайлаушыларыммен тұрақты қатынас  орнатқамын. Солардың айтуымен біраз мәселелерді шешуге қол жеткіздім.
― Қазір Шымкент қаласындағы басты көшелердің ортасын шарбақпен бөлу жұмысы жүргізілуде. Осыған байланысты қала мен облыстың депутаттары тарапынан, басқа нәрсенің бәрі орындалып, енді көшені шарбақпен қоршау қалып па еді деген мәселелер көтерілгенін естіп жатырмыз. Шындығында да Шымқалада бұдан да күрделі, шешімін таппаған мәселелер аз емес болар?
― Әрине, қалада бар мәселе шешіліп қойды деп айту әбес болар. Қазіргі қала әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей ұсынысымен көшелердің ортасын шарбақпен бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Меніңше, оның еш оғаштығы жоқ. Бұл біріншіден жаяу жүргіншілердің көшені кез келген жерінен қиып өтуіне тосқауыл жасап, олардың өмірінің қауіпсіздігін қалыптастырады. Әрі қалаға әсемдік береді. Сондықтан да қалалық мәслихаттың сессиясына түскен ұсынысқа біздер бірауыздан қолдау білдірдік.
― Осыдан біраз бұрын қалалық мәслихатта ел құлағын елең еткізген бір дау жөнінде әңгіме естілген еді. Онда он тоғыз депутаттың қалалық мәслихаттың хатшысы Н.Бекназаровқа сенімсіздік білдіргендігі және «Нұр Отан» ХДП ОҚО, Шымкент қалалық филиалы мен Н.Бекназаровтың арасындағы қарым-қатынас жөнінде де келеңсіздеу  жәйттен хабардар болып, ол жөнінде «Уақыт» газетінде 10-ға тарта мақала жарық көрген. Мәслихаттың бел ортасында жүрген өзіңізден осының анық-қанығын білсек деген ниетіміз бар.
― Мұны дау деп дабырайтудың қажеті жоқ секілді. Сессияның төрағасы тарапынан заңсыз әрекеттерге жол беріліп, оның соңы осындай келеңсіздеу әңгімелерге негіз болды. Нәтижесінде депутаттар тарапынан қалалық сайлау комиссиясына хат жіберілді. Комиссия депутаттық этика жөніндегі мәселені қарап, ақырында сессия төрағасы өзінің ағат кеткендігін ашық мойындап, депутаттардан кешірім сұрады. Депутаттар ұжымы оған түсіністікпен қарап кешірім берді. Ал Н.Бекназаров жөнінде басқаны қайдам, менің өзімнің азаматтық айтар пікірім бар. Қалалық мәслихаттағы 29 депутатты тани білу, олармен жұмыс істеу екінің бірінің қолынан келмейді. Төрт шақырылымда депутат болып сайланған Н.Бекназаров хатшылыққа нағыз лайық адам деп ойлаймын. Ол кісінің бұл істе тәжірибесі мол. Адамдармен ұғыныса алады. «Нұр Отан» мен мәслихат арасына жеке адамдардың мүддесі үшін от жағу біреулерге керек болған шығар, ал енді мәслихат пен партияның арасы алшақтап кетті деген пікір – асығыс жасалынған артықтау тұжырым. Бұл жерде жеке адамдардың өзіндік ұстанымдарын басқа нәрселермен шатастыруға болмайды. Кейбір келіспеушіліктерді де жеке адамдардың  сүрінуі үшін қолданудың өзі  адами қасиетке оншалықты жағымды әрекет емес.
«Нұр Отан» Шымкент қалалық филиалының фракция отырсында қалалық мәслихаттың хатшысын ауыстыру туралы мәселе көтерген болатын. Фракцияның отырысында 14 депутат мәслихат хатшысын ауыстыруды жақтап дауыс берсе, жалғыз өзім оларға қарсы дауыс бердім. Ал сессияда Н.Бекназаровты орнында қалдыру туралы басымдық дауыс орын алды.
― Неге олай болды?
― Менің ойымша, біраз депутаттарға қысым жасалды деп ойлаймын. Себебі көпшілігімен жеке сөйлескенімде Н.Бекназаровқа қарсылығы жоқтығын, қызметі мен бизнесіне қауіп төніп тұрғанын, басқа амалының жоқтығынан осындай қадамға барғанын айтты.
― Халықтың қалауымен сайланған депутаттардың белсенділігі жөнінде көпшілік арасында қалыптасқан бір пікір бар. Ол – бүкіл шақырылымды қалғып отырып, немесе бір сөз айтпай өткізетін қалаулыларға байланысты. Сіз айтар пікір қандай болмақ?
― Көзіміз көріп, көңіліміз орта тарттып жүрген мұндай жағдайлар біздің де арамызда барлығы өкінішті. «Үш жыл үнсіз жүремін, айтарымды содан кейін айтамын» деген бір депутат әріптесім екі жыл болды сол «уәдесін» орындап, аузын ашпаған қалпында қатарымызда жүр. Оның жеке пікірі, айтар ойы, жасайтын ұсынысы жоқ. Сонда ол кімге керек? Ол кісінің кім екендігін мен айтпай-ақ қояйын, сіз оны долбарлап іштей біліп отырсыз. Депутаттың белсенділігі орынды-орынсыз әңгімелермен емес, атқарған ісімен бағаланса керек. Өз басым қандай ортада, кімге де болсын пікірімді ашық және бетке айта аламын. Солай етіп те жүрмін.
― Нұреке, салмағы ауырлау, соңына сақтаған екі ауырлау сұрағымыздың алғашқысы жөнінде ешқандай бүкпесіз жауап берерсіз деген ойдамыз. Сізді «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы болуға үміттеніп, алыс-жақыннан, тамыр-таныс іздеп жүр деген сөз шындыққа қаншалықты жақын?
― Бұл  — бос әңгіме десем, сенерсіз, мүмкін сенбессіз. Ондай жел сөздің қай жақтан шығып, кімдерге қажет болғандығын өзім де түсінбеймін. Ол орынды мен ешкімнен сұрап, сатып, жалынып алмаймын. Оны партия мүшелері өздерінің үлкен жиыны – конференцияда дауыс беру арқылы шешеді. Дәл осы қызмет маған не үшін қажет болуы мүмкін? Мен өзімнің бизнесім бар азаматпын. Сол күн көрісіме, отбасымды асырауға жетеді. Ал партияның төрағасы болу жоғарғы органдардан маған ұсынылып жатса, әңгіме басқа. Ондай нәрсе бүгінге дейін болған жоқ. Мені арандату, болмаса, маған біреулерді қарсы қою үшін жасалынған әрекеттер мені жақтырмайтындарға қажет шығар. Сондықтан мен сізге әңгіменің ашығын айтып отырмын. Негізі мұндай әңгімені ұйымдастырып, қоғамдық пікір тудырып жүрген облысымызға белгілі екі кісі бар. Бұл солардың бас-аяғы жоқ, шындыққа сәйкес келмейтін өсек-аяндары. Мен “Нұр Отан” партиясының Шымкент қалалық филиалына төраға болмай-ақ, қалалық мәслихаттың депутаты ретінде өңірдің өзекті мәселелерін көтеріп, оның шешілуі жолында үлкен жұмыстар атқарып жатырмын.
― Енді өзіңіздің «Отырар» телеарнасынан жасаған «атақты» мәлімдемеңіз жайында. Кейінгі кезде үлкен сенсация туғызып, жылдың тосын мәлімдемесі деп бағаланған осы мәлімдемеңіздің бүгінде қарқыны басылып қалған секілді. Сіз облыс әкімінен және құқық қорғаушылардан көмек сұрап, сізді қорғамаса депутаттық мандатты кері тапсырып, саясатпен де, қоғамдық істермен де айналыспайтындығыңызды айтқан едіңіз. Оның ешқайсысын орындамадыңыз. Соны қалай түсіндіресіз?
― Мұндай мәлімдеменің болғандығы жасырын емес. Мен тиісті басшылар мен құқықтық органдардың алдына өзімнің және отбасымның қауіпсіздігіне байланысты мәлімдеме жасадым. Қазір бұл іспен құқық қорғау саласының қызметкерлері айналысуда. Маған кімнің тарапынан, қандай қысым болғандығы жөніндегі мәліметтер толық мағұлым етілді. Ол әлі де зерттелу үстінде.
― Нұреке, дәл осы жерде әңгімені сәл кідіртіп, сізге қауіп төндірген адамның кім екендігін ашып айта аласыз ба? Әлде айтуға қорқасыз ба?
― Мәселе менің қорыққан- қорықпағанымда емес. Ол адамның  кім екендігі жайында менің болжамым бар. Тағы да қайталап айтамын, бұл қауіп төндірген адамның кім екенін білем деген сөз емес. Оны жария етуге әлі ертерек. Уақыты келгенде мен оны сіздердің «Уақыт» газеті  арқылы жария етемін.
― Елбасымыз Шымкентті Қазақстанның үшінші қаласы ретінде қалыптастыру жөнінде мәселенің басын ашып әңгіме айтқан еді. Күннен-күнге көркі артқан шырайлы шаһардың халқы миллионға әне-міне іліккелі тұр. Қаланың жаңа әкімі Дархан Сатыбалды қазір бар күшті соған жұмылдырып, командасымен қыруар жұмыс атқарып жатыр. Астана – бас қала, Алматы – қаржылық орталық болса, үшінші қала – Шымкент қандай орта болуы керек?
― Шымкент – көне қала. Оның жасын зерттеуші ғалымдардың үлесіне қалдырып, таяу болашақтағы өркендеуі жөнінде өз ойымды айтар болсам, Шымкент – еліміздің мәдени ошағы болуы керек деп ойлаймын. Болашағын ойлаған ел баласына жақсы тәрбие береді. Оны өнерге баулиды. Қазір бізде басқа жерде жоқ опера және балет театры, цирк, үлкен филормония бар. Ал саз мектебі жоқ. Бар. Бірақ санаулы, ескінің көзіндей болған жұрнақ. Соңғы отыз жылда осындай саз мектебі салынбапты. Аспаптары отыз жыл бұрын алынған. Материалдық базасы уақыттың талабына мүлдем жауап бере алмайды. «Он мектеп, үш аурухана, бес балабақша салдым» деп шіренген әкімдерден саз мектебін салуды сұрайтын уақыт келді. Өйткені ол мектеп біздің ұлттық мәдениетімізді, өнерімізді қалыптастырады. Біз жастарымыздың бойына рухани тәрбиемен қатар мәдени игіліктерді қатар ендіргенде ғана кемел келешегімізге негіз қалай аламыз.
― Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жөнінде пікіріңіз қандай?
― Ол кісі қала әкімі болғанға дейін біраз жауапты жұмыстар атқарды. Туған жерден тысқары өңірде жүрсе де елден қол үзген жоқ.  Шымкент қаласы әкімдігінің тізгінін ұстағаннан бергі қысқа мерзім ішінде сөзден гөрі істің адамы екендігін атқарған жұмысымен көрсетуде. Мұның алдындағы жылдарда қаланың бюджеті 60-70 миллиард теңгеден аспаған болса, 2014 жылы оның көлемін 100 миллиардқа жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл жұмыс көлемінің салалық нысандардың санының артатындығын, халықтың жағдайының жақсаратындығын  көрсетсе керек. Осы бағыт, осы іскерлік, осы сұраныс пен талап жақсы істермен жалғасады деген ойдамын. Оған Д.Сатыбалдының қарымы мен қабілеті жететіндігіне үлкен үмітпен қарауға болады.
― Шынайы әңгімеңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан Талғат БАЛТАБАЕВ