АЗАМАТТЫҢ ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒАСЫ
Мен жас болғанмен танысу мен түсінісудің ары-жігін ажырата алатын деңгейге келген секілдімін. Дәл қазір қолыма қалам алып, өзімнің көкейімдегі көптен серік болып жүрген ойларым мен пайымдауларымды тағы бір сүзгіден өткізіп, жаныма жақын тартып, өзім іштей сүйсініп жүрген бір аға жайлы көпке таныстырсам деген ниетімнің жүзеге асатын кезі келген секілді. Менің бүгінгі басты кейіпкерім – елге бұған дейін танымал болып, қадірін арттырып үлгерген Анарбек Оңғарұлы Орман жөнінде болмақ.
Біз бүгінде аяғынан нық тұрған тәуелсіздіктің кең жайылған нық керегесінің оңайлықпен орнықпағанын білеміз. Оның ащы, тәтті дәмін толық татпағанмен, шет жағасын балаң түйсікпен санамызға түйіп өстік. Ол кезде қаланың әкімі деген лауазымды естігенде көзіміздің алдына қолында пәпкісі бар, етжеңді, үлкен кісі елестейтін.
Осындай қиялдағы ойлар баспасөз ісіне араласқан, оның ой-шұқырын едәуір таныған кезде қайда оянып, мен ол кісімен жүздесуді өзіме міндет санадым. Адам алдына мақсат қойып, оған шын пейілімен ұмтылса, қолы жететіндігін сезіндім. Сонымен біздің Анарбек Орман деген «үлкен кісімен» алғашқы жүздесуіміз 2012 жылдың қырқүйек айында болды. Дәл осы уақытта ол кісі республиканың ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары комитетін үш жылға тарта басқарып, қайыра елге оралып, өзінің тонның ішкі бауындай болған «Водоканал» ЖШС-ның бас директорлық қызметіне қайта келіп, бүкіл істі қолына алған кез еді. Оның үстіне Парламенттің төрінде отырған екі беделді партияның бірінің басшысы Азат Перуашев Оңтүстіктей үлкен өңірдегі осы саяси ұйымның басшылығына Анарбек Орманның кандидатурасын жеке өзі ұсынып, оны өңірдегі ақжолдықтар бірауыздан қолдап, филиал төрағасы болып сайланған сәт те осы уақытпен дәл тұстас келген болатын. Біздің бір ауыз жүздесу жөніндегі ұсынысымызды ол кісі қабыл алды. Біз екеуара ол кісінің жұмыс кабинетінде алғаш рет бетпе-бет дидарласып, үш сағаттай сұхбаттастық. Көп әңгіме айтылды. Алуан мәселелер қозғалды. Біздің тасқа басып алып барған сауалдарымыз қайтадан сөмкеге түсіп, ендігі әңгіме аға мен інінің арасындағы шынайы, еш бүкпесіз сұхбатқа ұласты. Керек жерінде ол кісі біздің ойымызға келмеген, сәл бейтаныстау әңгімелердің өзін кеңінен қамтып, пікірін тұжырымды түйіндеп отырды. Бұл сұхбат араға апта салып, сол қыркүйек айында «АЛПЫСҚА ҚАЛАЙ КЕЛГЕНІМДІ БАЙҚАМАЙ ДА ҚАЛЫППЫН» деген тақырыппен «Уақыт» газетінде жарық көріп, оқырманға жол тарты. Мен сол жүздесуден кейін көңілімде көмескі болып жүрген Анарбек Орманның әлеміне кіріп, оның біршама құпиясымен танысқандай болдым. Құпия дегенде ешкімге айтылмайтын сырларын менімен бөлісті дегім келмейді, бірақ азаматтың шынайы ішкі болмысы мен сыртқы тұлғасы маған өз жұмбағын ашты…
Адамдар өмірге келгеннен кейін балғын, алаңсыз шағын өткізеді, ер жетіп, ат жалын ұстайды, оңы мен солын таниды. Өмір оған өзінің білгенін үйретеді, бағытын белгілеуіне, болашағын айқындауға себепкер болады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Анарбек Орман да әр адамның басында болатын сол жолдан өтті. Білім алды. Сөйтіп өмірдің үлкен сүрлеуіне түсті. Қарапайым ғана мұғалімнің отбасында ержеткен азаматтың таңдауы да қызық болды. Өзбекстанның Піскент ауданында, диқандар ортасында өскендігі ол кісінің өмірлік таңдауын осы салаға қарай ойыстырды. Жүрегі де, өзі де су саласының маманы болуды қалады. Ақыры осы оқу орнын бітірді. Ташкент облысының Піскент ауданында су шаруашылығы саласында қатардағы қызметкер болып еңбек жолын бастады. Былайша алып қарасаңыз бұл әр адамның басында болатын жәйт секілді. Бір кездегі әкесінің кіндік қаны тамған, ағайындары ғұмыр кешіп жатқан ата-жұртқа деген аңсарлы сағыныш жас жігіттің санасынан шықпай, сол жаққа қарап жиі елеңдейтін. Біршама тәжірибе жинақтағаннан кейін бабалар өскен өңір – Оңтүстік Қазақстан облысының Алғабас ауданына өз мамандығы бойынша жұмысқа барды. Міне, содан бергі сырғып өткен 35 жыл ғұмыры осы Оңтүстік өңірімен тікелей байланысып жатты.
Кейін Шымкент қаласына ауысты. Басқа жұмысқа, өзге салаға мойын бұрған жоқ. Әйтпесе, оның іскерлігіне, тындырымдылығына, ықтияттылығына көзі жеткен, көңілі толған көреген басшылар оның болашағына сеніп, өз қанаттарының астына алғысы келді. Сол баяғы өзінің суын жағалап, небір ұтымды істердің, жақсы тірліктердің басы-қасында жүрген жас маман Шымкент қаласының су шаруашылығын алты жыл басқарды. Бұл әлі Кеңестер одағының ыдырамаған, бірақ қазығының қалқылдай бастаған кездері еді. Шымкенттің ескі су құбырларының бастағы шаштан да асып кететін мәселелері жас басшының ұйқысын ұрлады, тынымсыз, уақытпен санаспай, кейде күнді түнмен алмастырып жұмыс істеуге үйретті. Замандастары түгілі, ит көйлекті бұрын тоздырған ағаларының өзі оның шаршамайтындығына, бір істі бастаса түбіне жетпей қоймайтын талапшылдығына, жоқтан бар тудыратын ұсыныстарына таң қалып, бас шайқайтын.
Елге жаңа дәуір келді. Тәуелсіздік аты дардай болып айтылғанмен, көпшілік түгілі елдің билігі қолына тиген аптал азаматтардың өзі барар бағытын бағамдай алмай, ертеңінің не болары көздеріне бұлыңғыр болып, елестеп тұрған кезде, Анарбек Орманға қала әкімінің бірінші орынбасары деген дардай лауазымның тізгінін ұстатты. Дәл сол күндер «жоқ» деген бір ғана сөз бен істен тұратын. Дүкеннің сөрелері жалаңаштанып, адамдар азық-түліктің өзіне ділгірлеу болған сол кезеңде бел шешпеген, қиыннан қиыстырып тірлік істеген, жұртты сабырлыққа шақырған, жақсы күндерге үміттендірген осы Анарбек Ормандар болды. Тірлік қызық, бір жағын түзесең, екінші жағы қисаяды. Бір қаланың бүкіл халқының тынысы мен тіршілігіне бел шеше кірісіп жүрген кезде, қаланың су шаруашылығында шу шыға бастады. Қала мен облыс әкімдігі осы саланың бірден-бір білгір маманы Анарбек Орманды енді қала емес, бүкіл облыстың су шаруашылығын басқаруға жіберді. Абырой болғанда Анарбек Орман бұл сенімді ақтады, олқылықтарды орнына келтіріп ғана қоймай, жаңа тірліктердің, жақсы істердің бастамасын бастап та кетті. Бір жылғы бел шешпеген тірлік оған деген сенімді нығайтып, міндетті арттырды. Арттырғаны сол қалаға әкім етіп тағайындады. Облысты айтпағанда қаланың өзі ол күндерде қараңғылық құшағында еді. Газ жетіспеді. Қабат-қабат үйлердің адамдары төмен түсіп, есіктің алдынан кірпіш қалап, пеш соғып, қазаны мен шәугімін соған асып күн көрді. Осы қиындықтың қамыты мойнына киілген Анарбек Орман өзіне нағыз сындарлы шақтың келгендігін жан жүрегімен сезінді. Сенім артылғанына қуанса, күндегі күйбең тірлікті, қорқынышты өмірді көріп, өзінің де бойын бір қорқыныштың суық екпіні жиі дірілдететін. Барын салды. Талай табалдырықты тоздырды, кіре алмайтын есіктерден кірді. Бәрі сол жұрт үшін. Шымкентті екі жыл басқарды. Ел есін жиды, газ бен жарық келді, жер ошақтар жойылды, сөрелер тола бастады.
Бұл басшылық та қызық. Ойға алған ісіңді енді ғана бітіріп, көңілің сәл тоғая бастаған сәтте сені жылы орныңнан суырып алады да, қайдағы бір қатардан шыққан, қаңсыған, еңі артта қалған салаға жібереді. Анарбек Оңғарұлын тағы да қалалық су шаруашылығына аттандырды. Үйренген кәсіп, таныс тірлік. Олқысының орнын толтырды. Жетпегенін жеткізді. Сөйтіп қалыпты жүйеге түсірді. Алты ай шешілмеген белдің белбеуін ағытып, енді бір еркін дем алайын деп еді, ол тағы болмады. Облыс әкімінің орынбасарлық қызметіне шақырылды. Бұл кезде Анарбек Орман еңбек еткен адамға әр жыл сайын демалыс берілетіндігін ұмытып та қалған еді. Көңіліне бір демеу болатыны – дәл осы қызметке келгенде елдің еңсесі тіктеліп, естерін жинаған болатын. Бірақ атқарылар істің шегі жоқ, ұшан-теңіз. Екі жылдан кейін өзінің үйренген «суына» қайтып барды. Қалыпты жұмысты енді ғана ыңғайына келтіріп, ың-шыңсыз тірлік жасап жатқан кезде облысқа әкім болып Өмірзақ Естайұлы Шөкеев келді. Қасына қаланың сол кездегі басшысы Өмірзақ Әметті алып, жұмысты қаланы аралаудан бастады. Сол кезде ғой «Шымкент – үлкен деревня болыпты» деп жүргені Шөкеевтің. Кадр таңдауда көп қателеспейтін Өмірзақ Шөкеев өзінің бозбала кезінде Шаян ауылында көзтаныс болған, кейін ұзақ жылғы еңбек жолында көп сенімді ақтаған Анарбек Орманды қалаға әкім болуға шақырды. Бұл жерде таныстық, жерлестік деген мәселе емес, іскерлік, жауаптылық деген қағида биік тұрды. Амалбек Тшановтан кейін облыс орталығы шындығында да аты елдің есінде қалатын әкімге жарымай-ақ қойған еді. Сөйтіп Анарбек Орман қала басшылығына екінші рет осылай келді. Сонда көрдік – нағыз «ұйықтамайтын әкім» Өмірзақ Шөкеев екенін.
Түннің бей уағында көмекшісі арқылы хабар беріп, шаһардың бір шетінде тосып тұрады. Содан кейін басталады. «Мынау неге бұлай, анау неге олай, қайда, қашан, қайтіп» деген сауалдардың саны жоқ. Сол сауалдар кейін жүзеге асқан талай тірлікпен жауап болып қайтты. Шымкент шындығында тозған еді. Көшесінде көлік жүре алмайтын. Жаяу жүргіншінің жол-аяғының бары қираған, көп жерде ондай нәрсе атымен жоқ. Электр шамдары үлкен көшелерде болмаса, басқа жақта орнатылмаған. Үйлердің аулалары, қаланың саябақтары жойылып кетудің сәл ғана алдында тұрған, бағдаршамдар саны аз, көгалдандыру, қоқыстан тазарту, тазалық деген мәселелер екінші шетке ысырылып қалған. Міне, осының барлығын атқару керек болды. Атқарды. Атқарылды. Сол түндерге бүгін байыптап қарар болсақ, оның әр шаршысында Анарбек Орманның да ізі, қолтаңбасы бар. Бүгін ғой, соның барлығын жаймашуақ ғана әңгіме етіп отыратын кез. Әйтпесе, таңды таңға ұрып, уақыттың не екендігін білмей, «түнгі жорықтан» кейін бүкіл мекеме басшыларының басын қосып, талдау жасап, қорытындысында тағы да тың тапсырманың үйіп-төгіп берілетіні қазіргі басшылар үшін аңыздай болып сезілуі мүмкін. Сол аласапыран шақтың бел ортасында жүргендігін Анарбек Орман қиналып емес, тәтті қиялмен, жаны жадырай еске алады.
Анекең осы әкімдіктен кейін көп ұзамай Астанаға қоныс аударды. Бүкіл Қазақстанның су шаруашылығына басшылық жасайтын комитеттің төрағасы болып тағайындалды. Аспады, саспады, баяғы дағдысынша әуелі атқарар істі жоспарлады, жүйеге келтірді. Содан кейін барып іске кірісті. Үш жылға тарта мерзімде көп тірлік тындырылды. Бұл айтуға ғана оңай. Әйтпесе батысы мен шығысы айшылық жол болатын мемлекеттің бүкіл су жүйесін бір ізге түсіру, жоғын жаңарту, барын дамыту жұмысы оңай болған жоқ. Қажет жерінде қатал болды. Тірлік тынып, көңіл жайланғанда күлімдейтін басшыға айналды. Бұрын бір ғана облыста атқарған ісінің ізі болса, енді сол қолтаңба қазақтың кең даласында оның әр ауылы мен ауданында, қаласында қалып жатты. Анарбек Орманның ізі, ол салған жол қазір де сол ырғақты қалыппен ілгерлеп барады. Менің көңілімде ұзақ әңгіме барысында осындай бір ой тұрды. Жерлес ағамның жақсы істеріне іштей жаным сүйсінді. Жүрегім жылыды. Бірақ оны сыртқа шығармадым, көңілім бір шуаққа малынып қайтты.
Бүгінгі «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ның бас директоры, «Ақ жол» демократиялық партиясының Оңтүстік өңірдегі филиалының төрағасы Анарбек Оңғарұлы сол баяғы тындырымды, бірақ тынымсыз қалпынан әлі танған жоқ. Қолы қалт етсе спортзалға жүгіреді. Апта бойында адамдарды қабылдайды. Әрқайсысының айтқанын мұқият тыңдайды. Қолынан келгенінше жоқ-жітікке, балалар үйіне, тұрмысы нашар отбасыларға көмек береді. Бұл қаржысын қайда сыйғызарын білмеген адамның тірлігі емес, оның жүрегіндегі мейірім, адамдарға деген ілтипат, ең бастысы жанашырлық көрсету деген қағида қанында бар, жүрегінде жазылған. Баяғы бір сұхбатымда алғашқы сауалды «Анарбек аға, күні кеше ғана алпыс жасқа толдыңыз. Алпыс құтты болсын! Бұл жасқа қалай жеттіңіз?» дегенімде «Шерхан Мұртаза ағамыз «Алпыс-талтүс» деп бекер айтпаған. Шынымды айтсам өзімнің алпысқа қалай келгенімді байқамай қалдым. Өйткені қыруар жұмыс, соның ішінде, кейбір ойда жүрген балалық шақта армандаған жетістіктерге қол жеткізе білдім. Үлкендерден тәлім-тәрбие алып, кішілерге мейірім жасап, еңбек етіп жүріп, алпыс жасқа келіп қалыппын. Бұл алпыс дегеніңіз – ел ағасының жасы. Мені «алпысқа келгенше қандай жұмыс тындырдым?» деген ой мазалайды…» деген еді. Алпысқа Анарбек ағамыз бір азаматтың арқалайтын толағай жүгін көтеріп келіпті. Менің көзім соған жетті.
Жақында «қарап жүрмейтін» Анарбек Орман «Ақ жол» ХДП-ның Орталық апаратына өз атынан суды қолдану қорын үнемдеу механизмін жасау мақсатында Өңірлік даму министрлігіне ұсыныс жолдау туралы хат жолдаған болатын. Онда сумен қамтамасыз ету, бұру жүйесін тәжірибелі жеке операторларға конкурстық негізде беру, яғни мемлекеттік жеке әріптестік концессиясын енгізу және қолдануды жүзеге асыру қажеттілігі туралы айтылған болатын. Осынау концессия қаржылық қордың бағасы мен оны жіберу мерзімін қоса алғандағы инвестицияны ұтымды жағдайда тарту мәселесін шешуге арналған (Бұл туралы «Уақыт» газетінің биылғы 28 қаңтардағы нөмірінде «МИНИСТР «АҚ ЖОЛДЫҢ» ҰСЫНЫСЫН ҚОЛДАДЫ» деген тақырыппен сүйінші хабар берілген). Бүкіл су жүйесі саласын жаңартып, әдістері мен жаңалықтары басқа елдерге де үлгі болған Қазақстандағы әр нүктені есептегішпен қамтамасыз етуге қол жеткізіп отырған серіктестік басшысының бұл ұсынысы қазір орынды қолдау тапты. ҚР Өңірлік даму министрі Б.Жәмішев «Ақ жол» партиясының ұсынысын құптап, осы мәселені талқылау мақсатында облыс әкімдерінің орынбасарлары мен су арнасы басшыларын жиып, мәжіліс өткізіпті. Оның қорытындысы «Ақ жол» партиясына жіберіліп, жасақталған жұмысшы тобы ағымдағы жағдайды және сумен қамтамасыз ету саласында мемлекеттік жеке әріптестік механизмін енгізу мүмкіндігін саралап, зерттеу жүргізіліп, Қызылорда, Атырау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Мыңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарында мемлекеттік жеке әріптестікті енгізудің пилоттық жобасын жүргізу жөнінде шешім қабылданыпты. Сондай-ақ, министрлік тарапынан сала бойынша заңдылықтарды жетілдіру мақсатында заңдарға, актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, концессия шарттары бойынша қызмет көрсету тариптерін жасау мен бекіту жайлы ереженің нұсқасы дайындалып жатқандығы да сүйінші хабар ретінде Шымкентке келіп жетті. Тынымсыз да, тындырымды Анарбек Орман осылайша «дүниені дүр сілкіндіріп» бүкіл елде үлкен бір қозғалысты осылайша бастап кетті.
Мен ішімнен ойландым: «Шіркін, әр өңірдің басшысы бүгінде дағдарысқа айналып бара жатқан су мәселесін шешуде дәл Анарбек ағамыздай еңбек етіп, тер төгіп, ілкі ұсыныстар жасап жатса, қордаланған мәселелер әлде қашан шешілер еді ғой. Біз әлі талай жақсы бастамалардың, Анарбек ағамыз ұсынған жаңа жүйелік жұмыстардың куәгері бола беретін шығармыз» деп. Сондай жақсы күндерді көру үшін алпыстан асқан ағамызға ғұмыр, абырой, жақсы істің басында бола беруді тілесек, Тәңір ол тілегімізді құп көрер. Азаматтың тұғырлы тұлғасының уақыт көшімен еңселеніп, биіктей бергеніне не жетсін?!. Мен өз ойымды, айтарымды осындай бір ізгі ниетті тілекпен аяқтағым келеді.
Талғат БАЛТАБАЕВ