ЕНДІГІ ЖЕТПЕГЕНІ МУСИНДІ ОҚЫТУ ЕДІ немесе кімді кім деп бағалаған жөн?

200
0

full_1170

Біз оқымыстыларды жердегі ең білгіш жандар деп, шынын айтсақ әспеттеп, өзгелерден бөлек жан деп санаймыз. Олардың айтқанын, жазғанын, аузынан шыққан сөзін дуалы көреміз. Кейде осындай сенімімізге селкеу түсіп, үмітіміздің күл-паршасы шығып жатады.

Оған мысалды алыстан іздеудің керегі жоқ. Айтатындар, айтқыштар дәл іргемізде, нақтысы Шымкент шаһарында жүр екен. Жақында КТК телеарнасынан «Оқушылар Аслан Мусин мен Бекболат Тілеуханның өмірбаянын білуі қажет» деген пікір айтылды. Оның авторы – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры Аюбай Құралұлы деген ғалым ағамыз екен. Орта және жоғары білім беру мекемелеріне «Тұлғатану» пәнін енгізуді үлкен жаңалық ретінде жүзеге асыруға құлшыныс білдірген бұл азаматтың айтары көп. Дұрыс, елімізде сөз бостандығы, баспасөз бостандығы бар. Бірақ соны бар екен деп әрқайсымыз ойға оралымсыз, санаға сіңімсіз, қисынға мүлдем келмейтін нәрселерді күнделікті өмірімізге ендіруге тырысып, ұсынысымызды жалпақ әлемге жария етіп жатсақ, оған біреу күлер, енді біреу кәдімгідей ренжір. Бұл кісінің айтқаны мен ұсынысын енді сәл шегініс жасап, түсінікті тілмен оқырманға ұғындырып кеткеніміз артық болмас. А.Құралұлы бірінші сыныптан бастап жоғары оқу орнын бітіргенге дейінгі мерзім ішінде оқушылар мен студентерге әрісі Абылайхан, берісі Н.Назарбаевтан бастап А.Мусин, Б.Тілеухан секілді азаматтардың өмірбаяндарын ілуі қажет деп санайды. Тіптен ол өзінің осы бастамасына беріліп кеткені сонша Қазақстанның ірілі-уақты, еңбегі сіңген, сіңбеген, ел танитын, танымайтын он мыңға жуық адамдардың өмірбаяндық тізбесін жасап, кітап та құрастырып қойыпты. Айтуынша мұндай «жаңалықты» мектептің мұғалімдері де қолдап отырған көрінеді. Ширек ғасырдан бері этнологияны зерттеп жүрген ғалым қазақтың хандары мен батырларын, билері мен шешендерінен бастап, бүгінгі өнер жұлдыздары, спорт саңлақтарын да осындай кітапқа енгізуді мұрат тұтқан екен. Он мыңға жуық танымал адамдарды зерттеп, жетпіс кітапқа әзірше 2700 тұлғаны сиғызып қойыпты.

Бұл бастама жөнінде ғалым тек айтып ғана қоймай, оны студенттерге қосымша сабақ ретінде оқытып жүрген көрінеді. Бір нәрсеге ғана профессордың көңілі толмайды. Оқулық шығару жөніндегі бастама билік тарапынан қолдау таппай отырған көрінеді.
Қазақ халқы қазақтың атын шығарған қасқалар мен жайсаңдарға, атышулы адамдарға кенде емес. Басқаны айтпағанның өзінде төрт қазақтың бірінің атасы мен анасы саналатын Бәйдібек би мен Домалақ ананың тарихтағы аты төрткүл дүниенің түкпір-түкпіріне мәлім. Өйткені олар тарихи тұлғалар. Сол қазақтың жүздеген шешені мен батыры, ханы және қаһарманы бар. Олар жөнінде ауызекі әңгімеге, некен-саяқ жазба мәліметтеріне сүйене отырып жазылған дүниелер бізде аз емес. Халық жадындағы тау тұлғалы азаматтарын ешқашан естен шығармайды. Біз өзіндік бір тосындау ұсыныстың шетін шығарып, сол жолда еңбектеніп жүрген А.Құралұлының бастамасына тосқауыл қоюды мақсат тұтып отырғанымыз жоқ. Тек басқа адамды таппағандай, үлкен арна арқылы бүгінде елдің шет жердегі кішкентай бір елшілігін басқарып отырған Аслан Мусинді өз мысалының басты нысанасы етіп алғандығы көңілімізді мүлдем ортайтты. Дәл А.Мусин секілді билік төңірегінде қызмет еткен кешегі бүгінгі азаматтарды тізбелеп, олардың өмірбаянымен кітаптың бетін толтырар болсақ онда, ол кісінің армандаған жетпіс томы емес, жеті жүз том шығару керек шығар. Жалпы алып қарағанда дәл Қазақстанның көгеруі қазақтың ұлт ретінде өркендеуі үшін мысалдың басты кейіпкері ретінде алынып отырған Аслан мырза не еңбек сіңірді? Қандай қасиетті тұлға болды? Екінші кейіпкер Бекболат Тілеухан қазақтың өнерін дамытуға азды-көпты үлес қосқанмен, көңіліне келмесін, ол кісіде тау тұлғалардың деңгейінен көріне алмайтындығы болса да бесенеден белгілі.
Жақсылар мен жайсаңдарды халыққа таныту, таныстыру қажет шығар. Бірақ осы идеяны толық қолдайтын болсақ, онда әр екі қазақтың бірі қазақ үшін мейлі үлкен, мейлі кіші болсын тірлік істеп жүр. Мақұл, бастама қолдау тауып, ойдағы мен қырдағыны, барды-жоқтыны термелеп, тізбелеп кітап шығарсақ, оған қаржыны кім береді? Әсілі осы нәрсе керек пе? Айтатын сөзді ортаға салар ұсынысты он ойланып барып, жеті өлшеп бір кесіп айтсақ, оның мәні артып, мағынасы еңселене түсер еді. Әйтпесе, «Бізге ендігі жетпегені Мусин бе еді?» дегенді екі қазақтың бірі айтары сөзсіз. Ойдың өзін тілге оралды екен деп орынсыз пайдаланған ешкімге мәртебе әпермейді. Осыны жадымыздан бір сәт шығармасақ қане, Аюбай Құралұлы мырза?!

Б.ОТАРБАЙ.