Төлебиде жылқы ұрлығы шарықтау шегіне жетті
Ұрлық-кәсіп емес. Ол – нәпақасын оңай жолмен, арзан әдіспен, біреудің мүлкін иеленіп табыс табу арқылы күн көрістің көзі. Сол ұрлық атам заманнан бар, қазір де өршімесе өше қойған жоқ. Мемлекет халықтың тұрмысы түзелсін, жағдайы жақсарсын, күнкөрісі өзін-өзі қамтамасыз ететін деңгейге жетсін деп барлық мүмкіндікті жасап отыр. Баяғы кездегідей мал түліктерінен салық алынбайды, оның санына шектеу қойылмайды. Бір кездегі кеңшар мен ұжымшарлардағы жұмысбастылықты қазір жұмыссыздық жеңген. Екі қолға бір күрек табылмайды. Үлкен кәсіпке бейімі барлар кәсіпкерлікті дамытады, ал жай шаруа қорасындағы қойын, өрістегі ірі қарасы мен жылқысын бағып, күнделікті көз қырын салып, соның бір төлін екі етемін деп күнді түнге алмастырып, қызылқарын бала-шағасының нәпақасын содан табады.
Оңай олжаға кенелуді кәсіп еткен ұры сол төрт түлікке көз салады. Шаруаның шамалы ғана көз ілгенін, салғырттығын пайдаланып, өрістегісін үйірімен, үй іргесіндегі қорадағысын біртіндеп жымқырып, жымын білдірмей, тамағын асырайды. Сорлайтын сол баяғы – ауылдың қазағы. Аузы аңқайып, жоғалған малын іздеп жота – жотаны кезеді. Бүгін болмаса ертең табылып қалар деп қазақы бейқамдықпен полицияға бармас бұрын қырқаны кезіп, жақын маңдағы базарды аңдып біраз жүріп қалады. Қолынан ештеме келмей, жоғының дерегі табылмай, амалсыздан айналып барып полицияға сөз салады.
Сол ұрлығыңыз басқа жақты қайдам, Оңтүстік Қазақстан облысының Төлеби ауданында соңғы 3-4 жылдың көлемінде барынша өршіп, бүгінде бас бүлдірмейтін асауға ұқсап, шектен шығып кетті. Жоғалған мал табылмайды, оны полиция тауып бере алмайды, сөйтіп ертеңіне сеп бола ма деген ауылдың адамы айдың аманында, күннің жарығында сіңірі шыққан кедейге айналады. Біз Төлеби ауданының Қаратөбе ауылының бір топ тұрғындарының арызымен танысып, ауылдарына арнайы барып әңгімелескен кезде көп нәрсеге көз жеткіздік. Соның ең бастысы – полицияның дәл осы ұрлықты ашуға деген жауапсыздығы мен құлықсыздығы бізді еріксіз таңқалдырды. Дәл осы бір ғана аудан емес, тіпті облыс көлемінде ұрлықтың жолын кесу, алдын алу, оны ашу мәселесіне келгенде полиция мүлдем дәрменсіз екендігін білдік.
Болған жәйтті ешқандай қоспасыз, өзіміз көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп, сол дидарласқан қалпында тәуелсіз еліміздің Бас прокуроры, мемлекеттегі заңдылықтың бірден бір қадағалау саласының басшысы Асхат Дауылбаев мырзаның назарына арнайы ұсынғанды ең тиімді жол, дұрыс шешім деп таптық. Бір ғана ауыл округіндегі ондаған азамат бұған дейін аудан мен облыстағы құқық қорғау органдарының түрлі деңгейдегі басшыларына арызданған. Тәтті бастаған өтініштерінің соңын өкпелі болғандықтан қатты әңгімеге ұластырып, қанағат таппай, арыздарынан тиісті қорытынды шықпағандықтан, «мал ашуы жан ашуы» деп жоғары деңгейдегі өкілетті құқық қорғау органдары мен басшыларына үшбу сәлем жолдап, өкпелі, ашулы хат пен арыздарын жөнелтіпті. Ол жақтан адам емес, тапсырма берілген жарты парақ қағаз айналып-айналып бұрындары ештеңе шығара алмаған облыс пен аудандағы заң орындарына келіп тіреледі екен. Сөйтіп адамдар тәңірден болмаса, басқадан күдер үзетін дәрежеге жетіпті. Енді арыз бен кездесу кезіндегі оқиғаның мән-жайын біз басылым бетінде баяндап шығалық. Таулы өлкеде орналасқан Төлеби ауданының Қаратөбе ауыл округінде соңғы жарты жылдың көлемінде жылқы ұрлау бұрынғы қай кездегіден болсын асып түсіп отыр. Арызға қол қойған Сламқұл Нұрақов, Самат Шерімбетов, Талас Ырысбеков, Есен Сандыбаев және басқа да азаматтар былай дейді: «Өткен жылдың қараша айының соңынан бастап кешегі наурызға дейін алақандай ауылдан 36 бас жылқы қолды болды. Бүкіл жыл мезгілінде үйдің іргесінде, арнайы бағымшының бақылауында жүрген жылқылар түнгі өрісте ұрыға жем болады. Тырбаңдап өзің іздейсің. Учаскелік полицияға барсаң «арыз жазуға асықпаңыз. Сай саланың бірінде жүрген шығар, болмаса желдеп бір жаққа ауып кеткен болар» деген сөзі орынды уәж сияқты көрініп, арқаны сәл кеңге салыңқырап, өзіңше ойды-қырды іздейсің. Жақын маңдағы базарларды барып бақылайсың, сөйтіп жүргенде біраз уақыт өтеді. Өзің арыз жазып, ол жергілікті полиция өкілінің қолына беріліп, аудандық Ішкі істер бөлімінде тіркелемін дегенше тағы да уақыт жоғалтасың. Енді осы малды, шыны керек, жалғыз полицей іздегенімен қайдан табады деп ойлайсың. Өзің қосыла іздесесің. Күдігіңді айтасың, пайымдап жобаңды көрсетесің, әжептеуір басталған істің аяғы суып, соңы сиырқұйымшақтанып кетеді» деп бір толғайды.
Арыз иелері тек қана жылқы ұрлығы төңірегінде кеше мен бүгінгі мәселені айтып қоймай, оған негіз болған жағдайларды және ішкі істер қызметкерлері тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға, ұрлыққа қатысы бар-ау деген күдікті адамдар жөнінде өздерінің әжептеуір дәлелге толы тұжырымдарын баяндайды. Біз сол себептен де жалпылама арыз жөніндегі мәселелерде бүгінде малынан айырылып, пұшайман күй кешкен азаматтардың өздерінің ауыздарынан айтылған әңгімені ұсынғанды жөн көріп отырмыз. Сламқұл Нұрақов:
– Менің өз бағымымдағы жеті бас жылқым жоғалды. Ауылдағы ағайындардың өтінішіне байланысты 5-6 жылдан бері сол төрт аяқты жануарларға бас-көз болып, күнделікті көзімнің алдында ұстап, әрі шынын айтайын аздап ақысын да алып келемін. Мәселенің егжей-тегжейі былай – өткен жылдың 26 қарашасында біздің ауылдағы бірнеше адамның малдары ұшты-күйлі жоғалып кетті. Алғашында оны ұрлана қойды деп шын ойланғанымыз жоқ, бұрындары да аяқты мал өріс ауыстырып, басқа жақтан тауып алатынбыз. Бәріміз жан-жаққа бытырап, тайлы – тұяғымызбен бір күн, бір түн жоқ іздедік. Құрышжан ағамыздың 10 бас ірі жылқысы, менің жаңа айтқандай 7, Шерімбетов Саматтың 5 бас жылқысы бір күнде, бір жерден қолды болғанына ұзамай көзіміз жетті. Олардың бәрі бір үйірде. Күдігіміз жоқ емес, оған мына бір жағдай себеп болып отыр. Сол жылы біз болып, полиция болып іздеуден күдерімізді үзе бастаған кезде Құрышжанның бір биесі Патан деген (шын аты Тұрсынбек, тек ел солай атап кеткен) ағамыздың жылқысының үйірінен шықты. Осы Маймақовтың желтоқсанның 4-нен бастап 20-на дейін қорасында қамаулы тұрған 20 жылқысы өріске шықты. Оны 20 жылдан бері Абыл Оңғаров деген азамат ақысын алып бағып келеді. Жылқы табылған кезде иесі бастап бәріміз бардық. Бірақ әлгі 20 тұяқтың иесі Патан ағамыз да, бағымшысы Абыл да бізді қасына жолатпады. Түр-түсін танып, айтқан уәжімізге құлақ аспады. Тіптен «бұл өзімнің қолдан өсірген байталым, тұмса мал, аулақ жүріңдер» деп Маймақов маңына жолатпады. Ертеңіне ішкі істер бөлімінің шұғыл топ қызметкерлерімен бірге барған кезде ол кісі өзінің малын өзі танымайтынын, жайып жүрген Абыл білетінін айтып, ақыры Құрышжанның жоғалған 22 бастың ішінен осы үйірге қосылған бір бас жылқысы осылай табылды. Мал иесі өзінің малын жирен қасқа байтал десе, Құрышжанның табылған жылқысы үшінші тума күрең төбел. Малдың түр-түсін айыра алмайтын олардың ешқайсысы 5 жасар бала емес. Осыдан 4 жыл бұрын Шыналиев Ырысбайдың 1 биесі жоғалып, оны жаятын Абыл Оңғаров оны бұрынырақта 2 биеге айырбастауға сұрап жүргендіктен күдік туады. Дәл осы кезде бағымдағы Патанның екі байталы жоғалып, ол табылады да, Ырысбайдың малынан хабар болмайды. Жаны қысылған Абыл мал иесіне қолды болған биені 10 күнде тауып беруге уәде еткен еді. Ол осы күнге дейін орындалмады. Сол себептен де біз А.Оңғаровқа күдікпен қарағанымыз және қарайтынымыз рас. Патан қарияға мынау байталың деп әкеліп берген 7 жасар биені күнде жайып жүрген Абыл Оңғаровтың танымай қалуын қалай түсінуге болады?
5 бас жылқысын алдырып жүрген Самат Шерімбетов осы ұрлыққа байланысты өз ойын ортаға былай салды:
– 1 бас жылқы табылды, ол өздігінен үйірден бөлініп кетпейді, әрі оны кексе айғыр жібере қоймайды. Алғашқы кезде сан сылтау айтып, жылқының Құрышжандікі екендігін мойындағысы келмеген А.Оңғаров аудандық ішкі істер бөлімі шұғыл іздестіру тобының аға уәкілі Спандияр деген қызметкер ұялы телефонға түсірілген, әлгі дауға негіз болып тұрған жылқының суретін көрсеткен кезде: «ия бұл Құрыштың биесі, Патандікі емес» деп жауап берген. Сондай екі түрлі жауапты айтып тұрған адамнан, әрі жоғалған малдың ол баққан жылқының ішінен табылғанын полиция неге көрмей, білмей қалады? Біз оны неліктен күдікті еместердің қатарына қосуымыз керек. Тіптен айта берсек осы ұрлыққай байланысты күдік көп, оның көпшілігі сөз жүзінде дәлелденгенмен, тергеу барысында ешқайсысы есепке алынып, нақтыланбайды. Осы қарашадағы дерегі анықталған 22 жылқының 21-нің табылуына тек иелерінен басқа ешкім мүдделі емес. Полиция қызметкерлері қанша құмбыл болғанмен, дәл осыған келгенде дәрменсіз. Оның себебін біз тағы бір реті келгенде айтармыз. Сол өткен жылдың мамыр айында біздің ауылдан Исатай Сарыбаевтың 7, Талас Ырысбековтың 3, Ілесхан Әлмахановтың, Есен Сандыбаевтың екі-екіден 4 бас жылқылары тағы да белгісіз ұрылардың барымтасының құрбаны болды. Арада аттай жыл өтті, дерегі мен дәйегі сол жым — жылас қалпында».
Арыз иелері бізге көп жайдан мәлімет берді. Олардың күптігей көңілінде күдік көп. Ол күдік бостан босқа пайда болған жоқ, барлығы да нақты болмағанмен, белгілі деңгейдегі деректерге сүйеніп барып пайда болған. Өткен өтті, кеткен кетті деп бәріне қол сілтей салайын десе, шаруаның бар үміті болып тұрған, бірден бір күн көрісінің көзіне айналған малы ұсталмаған ұрылардың жемтігіне айналуда. Осы Қаратөбенің іргесіндегі Қостөбе ауылынан биылғы сәуірде кәнігі ұрылар үйірден іріктеп, буаз биелерді қалдырып, құлындағандарын алмай, тек бойдақтарының ірі 13 басын тағы да белгісіз жаққа алып кетті. Арада өткен ай баяғы белгісіздің ізімен жоқтардың санын көбейтті. Қыста мал өріске шығып, тебіндемейтіндіктен әбден басынған белгісіз топ қасқырдан да жаман болып, қораға түсуді шығарды. Кешегі өткен қыста Тілеуұлының қорасынын екі бас малды алып кетті. Әлмахановқа да дәл соны істеді. Былтыр көктемде Кеңесарық ауылынан жоғалған 31 бас жылқы сол күйінде табылмайтындардың қатарын көбейтіп әлі тұр.
Біз арыз иелерімен жүзбе-жүз кездестік, барлық болған жайды олардың өз ауыздарынан естідік. Күдікті пікірлерін олар ешқандай бүкпесіз айтты. Көптеген уәждері орынды екендеріне ақымақтың өзі бас иеді. Бірақ полиция олардың тарапынан болып жатқан өтінішті, тілек пен талапты мүлдем назарға алмайтындығы оларды ғана емес, естіген сырт жақтағы біздің өзімізді таңдандырды.
Бүгінде үш азаматтың былтырғы қара күзде жоққа айналған жылқысының арасынан табылған жалғыз бие талай құпияның бетін ашуға бірден-бір себеп болып, септігін тигізетіндігін адал малдарын алдырып, албырттың күйін кешкен азаматтар ашына айтады. Жекенің малын бағатын, қазір күдіктілердің қатарында жүрген Абыл Сусынұлы Оңғаров өзі ондаған жыл баққан малын танымай, мал иелерін де, полицияны да әбден шатыстырып, жеме-жемге келіп жалғыз бие иесіне табысталар кезде көңілден ғана емес, көзден де тасаланып, өзімен бірге жылқы шаруашылығында араласып жүрген досы Бекзаттың үйінде жатып алыпты. Қазір соңғы жоғалған Қаратөбедегі жылқының құны 8 миллиондай болғанмен, шаруаның шырылына назар аударып жатқан ішкі істер бөлімі жоқ. Учаскелік бұрынғы полиция инспекторы Пиалиев Бақытжан арызданған мал иелерін жазбаша арыз бермеуге көндіріп, апта бойы ұстайды. Артынша жалғыз жылқы табылғанда істің ақ-қарасына көз жеткізбей тұрып, аудандағы басшыларына «мал иесі өз малын танымай, жала жауып тұр» деп ақпарат беріп үлгереді. Арызданушылар өткен жылы облыс көлемінде болған ірі мал ұрлықтарына полиция қызметкерлерінің тікелей қатысы болғандығын көлденең тарта отырып, өздерінің аудандағы ішкі істер бөліміне де сенімсіздікпен қарайтындықтарын ешқандай жасырмастан ашық айтып отыр. Тіптен олар аудандық ІІБ-ның тергеушісі Есболат есімді қызметкердің өздеріне берген «малың үйіңнің іргесінен 15 қадам ары шықса, ол өрісте жоғалған болып есептеледі. Оны біз іздеуге тиіс емеспіз» деген ауыр жауабы жандарын қатты жабырқатыпты. Осыдан кейін полицияға деген сенімді қарапайым адамдардың бойына қалай дарыта аласың? Қазірге дейін Қаратөбе ауыл округінде соңғы 5 айдың көлемінде 3 учаскелік инспектор ауысыпты. Ал жылқыға байланысты тергеуді жүргізетіндер де бірін-бірі алмастырып, мал иелерін әбден шатыстырып біткенге ұқсайды. Біз арызданушылардың әңгімесінің түйінді түп төркінінен осыны аңғардық.
Ұрлық жасалды, ол тоқтамай отыр. Мал қорадан да, қырдан да қолды болуда. Ол біреу-екеу емес, он-он бестен басталып, қазір бір жылдың ішінде елудің үстіне шығып кетті. Содан абайсызда табылып қалғаны бір ғана жылқы. Патан қария (Тұрсынбек) Маймақов өзгенің малын өзімдікі деп өзеуреп, жылқышысы Абыл Оңғаров екеуі біраз жұрттың миын шатыстырып, ақыры бұйырған мал иесін тапты. 18 жылқысы 17-ге кеміп кетсе де, Патан қария сол бақандай биесін не іздемейді, не сұрамайды, не арызданбайды. Бұл де жұмбақтың бір ұшы. Абыл Оңғаровқа күдік көбірек түсіп тұр. Қайта-қайта ауданға барған жоғалған жылқы иелеріне ішкі істер бөліміндегі лауазымды-ақ қызметкерлер ақырын ғана сыбырлап: «Біз бәрін түсініп отырмыз, бірақ Абыл Сусынұлы Оңғаровқа нақтылы ештеңе жасай алмайтынымызды, ондай әрекетті ашық жүргізуге мүмкіндігіміздің шектеулі екендігін түсініңіздер. Ағасы Шырынбек жоғарыда отыр ғой» дейтінін арызданушылар бізге де сыбырлап сездірді. Шырынбектің кім екендігін сұрағанымызда, ол осы Қаратөбе ауылының тумасы, қазіргі күнде ОҚО ІІД-нің Өзіндік Қауіпсіздік басқармасының бастығы қызметін атқарып отырған Шырынбек Сусынұлы Оңғаров екендігіне көзіміз жетті. Қанша жолатпайын десек те, біздің ішімізге де біраз күдік кіріп кетті.
Әділет таба алмай, артындағы қалдырған қатынды ұрлық пен ұры туралы бар мәліметті естелік етіп қалдырып, өзіне өзі қол жұмсап, шыбын жанын өлімге қиды. Бірақ, бұл оқиға еш жерде де еске де, есепке де алынбапты.
Мына бір жантүршігер жағдай зерделеп зерттелсе, жай адамдардың ғана емес формалы қызметкерлердің де жанын түршіктірер деп ойлаймыз. Жеті жылқысын ұрлатып, Біржан Жаңбырұлынан күдіктенген, ақыры арызданып жүріп, өзі жауапқа тартылған Исатай Сарыбаев.
Уақыт өтіп барады, оқиғалар ескіре бастады. Талай жерге жазылған арыздардан жаттанды жауап ғана келеді. Құқық қорғаушылар іздеп жатқанын айтады. Алты айдың ішінде үш тергеуші ауысып, арыз иелерімен үш рет ғана сөйлесіп, соны көңілге қанағат тұтып жүрген жерде жоқ мал ізделді, үлкен әрекеттер жасалуда, жақын-жақын жақсы нәтиже шығып қалады деген үміт мал иелерінің сенімінен мүлдем алыстай түсуде. Істі мойнына таза алып, шұғыл іздестіру жұмыстарын жүргізіп, одан нәтиже шығаруға септесіп жатқан ешкім жоқ. Облыстық ішкі істер департаменті ауданнан осы ұрлықтың есебін қатаңырақ сұрауға келгенде неге қабілетсіз екендігінің жауабын тек департамент басшысы Асқар Шуашұлы Оспанов ғана біледі. Біз адамдардың атынан айтылған наразылықты ҚР Бас прокуроры А.Дауылбаевтың назарына ұсынамыз-ау, егер оған дейін А.Оспанов өзі де бір сілкініп, төлебилік полицейлерді бір сілкілеп алса, талай жылқы табылып, ұрылар мен барымташылар бұғауланып, ел риза болып қалар еді. Әзірге, «Ондай атты күн қайда?» дегеннен басқа амал болмай тұр.
Серікбай САПАРҰЛЫ,
Төлеби ауданы,
Қаратөбе ауылы.