«Төртінші билікті» тұсаған кім?

515
0

Кезінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін «Төртінші билік» деп дәріптесе, дәріптеген шығар. Бүгінде ол заман келмеске кетіп, екінің бірі бақтары тайған БАҚ-ты басынуға құштар. Кім көрінгеннің сын үшін журналистерді есебін тапса тұқыртып, тұншықтырып, көнбесе сотқа сүйрейтіндей халге жетуіне не себеп деген сұрақ бәрімізді жиі мазалайды. Рас, біреулер «нарықтық заман» дейді, енді біреулері «демократияның жемісі» десе, қағынған қайсыбіреулері «биліктің сойылын соққан өздерінен көрсін» дегенді айтады. Кім не десе о десін, дәл бүгінгі күні осы қарқынмен кете берсек, бұқаралық ақпарат құралдары төртінші биліктің тізгінін ұстамақ түгілі, маңайына да жолай алмасы анық. «Неге» деп, намысыңызды жыртпай-ақ қойыңыз, айтайын.

«Газет – халықтың сөзі, құлағы һәм тілі» дегенді айтқан Ахмет Байтұрсыновтың сөзін бүгінде қай басылым қаперіне алып, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүр? Мемлекеттен қаржыландырылатын барлық басылымның басты тақырыбын мен айтпасам да, оқырман қауым жақсы біледі. Бұл арқылы мен оларды кінәлаудан да аулақпын. Заманның басты талабы осы болғандықтан, оларға да күн көру керек шығар? Мемлекеттік тапсырыс алған БАҚ-тар бүгінде тым әсіреқызылға құмар, себебі алған ақыларын ақтаулары керек. Сондықтан болар, билік өкілдеріне көбірек көпшік қою, анау айтқандай іс-әрекеті болмаса да көпірте мақтау, сыннан сырт айналып өту қалыпты жағдайға айналған. Осыны нақты нысанаға ала білген әміршіл-әкімшіл жүйе БАҚ-тарды айтқаннан шықпайтын «күлшелі балаға» айналдырып алған. Қолында күлшесі бар бала «жарылқаушысының» айтқанына жүріп, айдағанына көнетін қолбалаға айналғаны да өтірік емес. Біз бұларды «Төртінші билік» өкілі деп айтуға аузымыз бара ма? Мұндай жағдай әсіресе аудан, қала және облыс әкімшілігі құрылтайшылық ететін басылымдарға көбірек тән көрініс.
«Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік» екенін айтып кеткен арыстарымыздың сөзінде үлкен мән жатқанымен, бүгінде ол сөзде мағына қалмағандай. Мұның бірден-бір себебі, газет жұмысына әкімдерден бөлек, түрлі деңгейдегі шенеуніктердің, саясаткерлер мен депутаттардың да араласа бастауы. Өмірінде бір күн де газетте істеп көрмеген кездейсоқ кадрларды басылымға басшы етіп қойған соң қарныңның ашқанына емес, қадіріңнің қашқанына жылайсың. Біліксіз басшы өлермендікпен жеткен жайлы орнын сақтап қалу үшін неден де болса тайынбайды. Ең қауіптісі де осы. Журналист – жеңіл-желпі мамандық иесі емес, бұл салада бойында туа бітті таланты барлар ғана жұмыс істей алуы мүмкін. Қазір бірқатар басылымдардың басшылығында зейнеткерлер отыр. Олардың арасында кімдер жоқ дейсіз? Ең әрісі кешегі парторг та осы орынтақта. Дәл солар үшін киелі шаңырақтың абыройынан гөрі, жеке бастың мүддесі жоғары тұрады. Ойда-жоқта басшылыққа келгендер қоғам үшін де, ұжым үшін де қауіпті. Естуімізше, облыстағы бірқатар аудандық газеттер жекешеленгелі жатса керек. 80 жылдан астам тарихы бар қара шаңырақты құлату кімге керек болғаны тым түсініксіз?
Қолында қарымды қаламы, аузында дуалы сөзі бола тұра, дәрменсіз, жасқаншақ, жалтақ, жағымпаз қауымды көріп, қарның ашады. «Біз төртінші билікпіз» деп жар салып жүрген журналистердің мұндай мүсәпір халге түскендері қалай, неге олардың араларында алауыздық көп, неге «тәуелді» және «тәуелсіз» болып бөлінеді? Мұның барлығы қолдарындағы билікті тартып алған биліктің әрекеті екенін жоққа шығара алмаспыз. «Бөлінгенді бөрі жейді» демекші, кешегі төртінші билік өкілдері бүгінде бөлінгеннен гөрі біріккендері, жоғарыға қарап жалтақтамай-ақ жарасымды тірлік кешкендері жөн емес пе? Соңымызда ісімізге әділ баға берер қалың оқырман қауым барын ұмытпайық!

Асхат СҰЛТАНОВ,
«УАҚЫТ».