БИЫЛ ШАЛҒАЙ ЕЛДІ МЕКЕНДЕГІЛЕР ШАҢ ЖОЛМЕН ЖҮРМЕЙТІН БОЛАДЫ

423
0

Биыл Шымкенттегі жол құрылысына 32 млрд. теңге бағытталып отыр. Бұл ретте шалғай орналасқан шағын аудандардағы жолдарды жөндеуге басымдық беріледі. Нәтижесінде шалғай елді мекендердегі 100 шақырым жол жөндеуден өтетін болады.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Осы жылы жолдағы құрылыс-жөндеу жұмыстары 168 нысанда жүргізіледі. Оның ішінде 18 нысанда қайта жаңарту жұмыстары жүргізілсе, 4 нысанда күрделі жөндеу, 8 нысанда оң жақ өткел салу, 138 нысанда орташа жөндеу болады. Сонымен қатар 7 магистралды көше, 69 ішкі орам көше, 62 шалғай аудандардағы көше жөнделеді.
Қаладағы Абай ауданында 81,7 шақырым жол жөнделеді. Оның ішінде 6,7 шақырым жол шалғай елді мекендердің еншісінде. Олардың қатарында «Солтүстік саяжай», «Агрофирма Қарасу», «Тұрлан», «Жаңаталап», «Игілік» және «Жиделі» шағын аудандары бар. Одан бөлек, ауданда 43,9 шақырым ішкі орам көшелер жөнделеді. 9,1 шақырым магистралды көше (Республика даңғылы мен Рысқұлов көшесі), 9,1 шақырым жол күрделі жөндеуден өтеді. 12, 9 шақырымда құрылыс жұмыстары жүргізіледі.
Ал, Әл-Фараби ауданында 16,3 шақырым жол жөнделеді. Ауданда Қонаев даңғылының жалғасы мен Қонаев-Рысқұлов жолайрығының құрылысы жалғасады. Сонымен бірге, 6,5 магистралды көше, 1 шақырымды құрайтын «Сәуле» шағын ауданы, «Машинист» өткелі, 1,3 шақырым болатын «Есіл» және «Ақ қайың» көшесіндегі ішкі орам көшелер жөнделеді.
Еңбекші ауданында 64,5 шақырым жол жөнделеді. Ең көп бөлігін шалғайдағы «Тоғыс», «Базарқақпа», «Бадам-1,2», «Тұрдыабад», «Абдулабад», «Қаратөбе», «Жалын», «Елтай» тұрғын алаптары мен «Чапаевка», «Шаңырақ», «Оңтүстік» шағын аудандары аумағына кіретін 50,2 шақырымдық жол құрайды. 2,1 шақырым ішкі орам көшелерде, 6,2 шақырым магистралды көшелерде, 6 шақырымдық жолда құрылыс жұмыстары атқарылады.
Ең ауқымды жұмыс Қаратау ауданында болады. Мұнда 90 шақырым жол жөнделеді. «Сайрам», «Шапырашты», «Орманшы», «Мәртөбе», «Қайнарбұлақ», «Өтеміс», «Таскен», «Достық» (Қызылсай), «Асар-2» тұрғын алаптары мен «Азат» шағын ауданында 42,3 шақырым жол жөнделеді. Сондай-ақ, 13 шақырым ішкі орам көшелері, 34,7 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған.