ӘКIМ БОЛУ ҮШIН – ОҒАН ҚАУЫМ КЕРЕК Ал қауымға басшының назары керек

409
0

 «Досыңның кiм екенiн басыңа iс түскенде бiлесiң» деген көненiң көзiндей болған қазақтың төл мақалын бүгiнгi уақыттың ағымына, билiктiң ұстанған бағытына байланысты «Халық басшысының кiм екенiн топан суға қарық болғанды бiледi» деп өзгертiп айтсақ, оған бұ күндерi құйрықтары биiк-биiк креслоларға жабысып қалған билiктiң биiгiндегi азаматтар өкпелеп, сотқа сүйремейтiн шығар. Өйткенi, бiз осы бiр жағымсыз жарты ауыз мақалды жандары  ауырып, жүректерiне жүк түскен, басшылардан, олардың жаны ашымайтын бей-берекет тiрлiгiнен күдер үзiп, бастарын тауға да, тасқа да соққан қалың қауымның әңгiмесiн естiген соң өзiмiзше iлдебайлап келтiрген сымағымыз ғой.

Әлқисса, деп әңгiменi өткен күннiң күңгiрт жақтарынан бастасақ, көпшiлiктiң, басына зобалаң туған адамдардың билiкке өкпелейтiн жөнi бар. Ордабасы ауданындағы «Найманарық» тоғанының бiр қауым елдi жауапкершiлiгiне жарты қарыс  жауаптылық жетпей жатқан жауапсыздығының салдарынан үйлерiн топан су басып, дүниесi мүкәмбара болып, зардап шеккенiн бiр ауыл емес, бүкiл қазақ елi бiлдi. Отағасының талай табалдырықты тоздырған еңбегi, отанасының құдайдан бастап басшыны қарғаған зары 6 айда басшылардың «керең құлағына» зорға жеттi. Жарты жыл жаутаңдап, жетiмнiң күйiн, жебiрдiң өмiрiн кешкен темiрландықтар сонау қыстың соң, көктемнiң басындағы айтып келмеген, басшылардың бассыздығынан  алапат апаттың зардабының өтемiн 6 ай күттi. Оған дейiн жарты лашықта, жарылған үйде, көлеңке болар шайланың астында өлместiң күнiн көрдi. Әйтеуiр шiлiңгiр шiлдеде бiрiне аз, бiрiне қанағат болар өтемақыға-жәрдемақшаға қолдары зорға-зорға жеттi. Арыстың Монтайтасындағы жылдар бұрын болған осындай тосын апаттың берiлуiндегi бармақ бастылық, көз қыстылық пен ала-құлалықтың зардабы арыз болып, таусылмайтын жырға айналып, жан-жаққа әлi жазылып келедi. Дәл осылардың басындағы кептi бүгiнде Шымкент қаласындағы Қазығұрт мөлтекауданының жүздеген жазықсыз жандары тартып жатыр.

Мамырдың 27-сi күнi құдайдың аспаны қақ айырылып, дәл Қазығұрттың төбесiнде 45 минут бойына толассыз жауған, шелекпен құйғандай нөсер жаңбыр талайларды сан соқтырды, бармақ тiстеттi. Қала мен Абай ауданының әкiмдiгi, төтенше жағдай жөнiндегi басқарма көптеген үйлердi, бiрнеше көшелердi алған лай аралас топан судың зардабын көруге екi сағаттан соң келiп жеттi. Оған да шүкiршiлiк. Көздерiмен көрдi, толарсақтан саз кешкен жұрттың арасында болып, лактелген топлиларымен сол балшық суды жиiркенсе де, жиренсе де басуға мәжбүр болды.  Арада апта өтпей аудан әкiмшiлiгiнiң қызметкерлерi жапа шеккен үйлердi аралап, фактiсiне лайық актiлерiн түздi. Бiрнеше комиссия бiрнеше рет келiп құлаған, жарылған, апатты жағдайдағы үйлер мен сарайларды көрдi, тағы да қағаз қатталды. Одан кейiн шығынның мөлшерiн мөлшерлейтiн бағалаушылар мөлтек ауданды бiр айналып шықты. Соынмен қағаз қанттай болып сарғайып, үшiншi айдың жүзi болды қала әкiмдiгiнiң жамбасында сарғайып жатыр. Кiмге қанша зиян келдi, оның мөлшерi, ол қашан берiледi? Дәл осыған келгенде 70 күннен берi жауап табылмай тұр. Ақша қала әкiмiнiң резерв қорынан, немесе қандайда бiр жоғары тұрған бюджеттiң қоржынынан алынатынын жапа шеккендер мен  нала болғандар әлi бiле алмай қапалы көңiлдерiнiң мұңы мен зарын кiмге айтарын бiлмей жүр. Аудан әкiмдiгiнiң мөлтекаудандағы уәкiлеттi өкiлдерi болса зардап шеккен жанұяларға әзiрге «Қазпошта» мен банктен жеке есепшотын ашу жөнiнде әңгiме айтумен шектелiп тұр.

Жүздеген көшесiнiң үш-төртеуiне ғана асфальт төселген,  анау-мынау бiр ауданның халқының көлемiндегi тұрғыны бар Қазығұрт мөлтекауданын нелiктен жаңбырдың суы шайып кеттi. Мұндай шаю бұрын да болған, болды және бола бермек. Себебi, ширек ғасырдай бұрын iргесi қаланған осы мөлтек ауданның көшесi жоспарсыз салынған. Бiр көшесiнде су ағатын лоток жоқ. Жаман су ағатын жер асты су құбыры жөнiнде әңгiме айту қисынға келмейдi. Тәуелсiздiк алғалы жиырма жылда жиырма көшеге аяқжол салып, көшесiн тегiстеп, суағар құбыр салу талай-талай мэрлердiң ойына келмегенi осылайша опық жегiзiп отыр. Бұл ауданда адамдардың бүгiнгi уақыт талабына сай өмiр сүруiне деген жағдай жоқ. Бар деген басшы болса, жұрттың көзiн шұқып тұрып көрсетiп берсе, көпшiлiк мұрнын кесiп беруге даяр. Үлкен бiр жиын бола қалса, ол мектептiң мәжiлiс залында өтедi. Бiрақ келiп жатқан не қаланың басшысы, не халықты сайлауға дейiн арқасынан қағып, шапанын жауып астына көпшiк қойып, ертегiдегiдей уәде беретiн депутаттар да бұл ауылды сайланып алған соң көрмейдi, көргiсi келмейдi. Неге? Өйткенi, халық өзiндегi жоқты, кандидаттың, басшының баяғы берген уәделерiнiң жауабын сұрайды. Олар содан қашады. Халық алдына шығуға, «Мен сiздер үшiн мынаны iстедiм, мiне, бiздерде мынадай бар, мынадай бар» деп айта алмайды. Атқармаған алдамшы тiрлiктерiнiң айтқызбасы айттырмайды. Сондықтан халық оларға сенгендi қойған. Сенбей келген. Сенбей отыр. Және келешекте де сене алмайды. Мәдениет орындары, демалатын саябақ, өнердiң ордасы болар кинотеатр, спорт алаңдары жайында аяқжолы жоқ аудан  үшiн әңгiме айту әбестiк болар.

Арман әкiмге армандарын айта-айта шаршаған халық Шымкентке Түркiстанды түлеткен, қолы ашық, жүрегi жомарт, көптiң ортасынан табылатын әкiм келдi деп Молдасейiтов Қайрат жөнiнде алғашында алабұртқан көңiлдерiмен сенiп қалған едi. Сол әкiмiңiз мөлтекауданның бiр мектебiнен басқа жаққа осы күнге дейiн ат iзiн салмапты. Жұрттың басшысы басшы сияқты, халқы қиналып жатса, солардың ортасынан табылады. Ал аудан мен қаланың әкiмдерi есеп беретiн кезде өздерiнiң штаттағы шешендерiне сөз берiп, есебiне 5 деген бағаны қойғызып алып, қайтып қарасын көрсетпейдi.

Халық буырқанған боран, алапат нөсер, долы жел секiлдi. Бiр көтерiлсе, оны оңайлықпен басу кейде қиынға соғады. Iргемiздегi қырғызды айтамыз кейде, қос бiрдей патшасын ит жеккенге айдап жiберген деп. Егер 30 мың халық өре түрегелсе, басшылардың басына бұлт үйiрiлерi хақ. Бiз баспанасын су алып, бабы болмай, бақсыздың күйiн кешiп жатқан, өтемақысын ала алмаған, ашуы ширатылып, үзiлер шаққа жеткен қазығұрттықтардың аузынан жағымсыздау әңгiмелердi де естiп қалдық. «Егер билiктегiлер бiздi бүйтiп менсiнбейтiн болса, онда автокөлiк базарының қасындағы Сарыағаш-Жетiсай-Ташкент тас жолын жабамыз» деген. Ондай батылдыққа ашулы халық бара салуы ғажап емес, сол кезде халқын ұмытқан қала басшылығы халықтың алдына қалай келер екен? Бiрақ ондай күн болмай-ақ қойсын. Тек билiк тезiрек  жазын бiтiрiп, күзiн күтiп жүрген халықтың өтемақысын берiп, күн жылы, жер қарада баспанасын соғып немесе үйiн жөндеп алуына жағдай туғызса, дағдартатын дау-дамай болмайды. Басшы мырзалар, «көптiң қорқытатынын, тереңнiң батыратынын» есiне қайыра алғандарының артықтығы болмас. Жұрт жақсы күндерден күдер үзбейдi. Сол сенiмге сызат түсiп тұр. Тек оны өлтiрiп алмасақ болғаны…

 Б.ТОҚБЕРГЕН.