ШЫМКЕНТ: ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ СЕРПІН МЕН ӨНЕРКӘСІПТІК ӨРЛЕУДІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Соңғы жылдары Шымкент қаласы еліміздің экономикасында маңызды орынға ие бола бастады. Бұл – шаһардың инвестициялық тартымдылығын арттыру мен жүйелі экономикалық жоспарлаудың нақты нәтижесі. Биылғы жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында қалаға тартылған инвестиция көлемі 233 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 54 пайызға артқан. Бұл – Шымкенттің тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізіп жатқанын айғақтайды.

Ел Үкіметі бекіткен инвестициялық декомпозицияға сәйкес, 2025 жылға дейін қалаға 1 триллион 54 миллиард теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл мақсатқа жету үшін Шымкентте нақты жобалар мен бастамалар қолға алынуда. Соның бірі – 2025-2029 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібі саласында 112 кәсіпорын ашу жоспары. Бұл кәсіпорындар 406 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартуды және 8,5 мың жаңа жұмыс орнын ашуды көздейді.

Аталған бес жылдық жобалар пулы бүгінде жүзеге аса бастады. 2024 жылдың өзінде 73 миллиард теңгеге бағаланатын 22 жаңа кәсіпорын іске қосылады деп күтілуде. Бұл кәсіпорындарда 1,2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады. Солардың алғашқысы – «QazAlPack» ЖШС-нің алюминий қаптамасын өндіретін зауыты – биыл наурыз айында жұмысын бастады.

Бұл жобалардың іске асуы өнеркәсіп өнімінің көлемін 50 миллиард теңгеге арттырып, экспорт көрсеткішін 18 миллион АҚШ долларына дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл – Шымкент экономикасының экспорттық әлеуетінің артуына жол ашады.

Инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында қалада инфрақұрылымы дайын өндірістік алаңдар ұсынылуда. Олар ұзақ мерзімге жалға беріледі, коммуналдық қызметтер бойынша төмендетілген тарифтер қарастырылған. Сонымен қатар, арнайы экономикалық аймақтарға қатысушыларға салықтық жеңілдіктер ұсынылады.

Қазіргі таңда Шымкентте жалпы көлемі 1 276 гектарды құрайтын 7 өндірістік алаң жұмыс істеп тұр. Оның ішінде, биыл іске қосылған 306 гектарлық «Жұлдыз» және 132 гектарлық «Бозарық» индустриялық аймақтары – өндірістік дамудың жаңа белесі.

Инвесторлармен ашық диалог орнатып, олардың бастамаларын тиімді қолдауға бағытталған көп деңгейлі инфрақұрылым қалыптасты. Бұл – инвестициялық капиталды тартудағы ашықтықты, тұрақтылықты және болжамдылықты қамтамасыз етеді.

2025 жылдың 24 қаңтарында қабылданған №248 қаулы негізінде «Shymkent Invest – Front office» инвестицияларды тарту және инвесторларды қолдау орталығы құрылды. Бұл мекеме қаладағы инвестициялық ахуалды жақсартуға, аналитикалық зерттеулер жүргізуге және инвесторлармен «бір терезе» қағидаты бойынша өзара іс-қимыл орнатуға бағытталған.

Осылайша, Шымкент қаласы – заманауи инвестициялық орталыққа айналып, өндірістік, экономикалық және әлеуметтік даму тұрғысынан еліміздің маңызды тіректерінің біріне айналуда.