КЕҢСАЙ – БАУЫРЛАСТАР ЗИРАТЫ МА?
Герольд Бельгер қайтыс болды. Сүйегі қазақтың М.Әуезов атындағы драма театрынан шығарылды. Кеңсайға жерленді. Г.Бельгердің ауруханаға түсуі, іле дүниеден өтуі қазақ қоғамын есеңгіретіп кетті. Қазақ басылымдары таусыла жазды. «Абызымыздан айырылдық» деген сыңайда ұлтқа көңіл айтылды. Жылап-сықтаудың соңы марқұмды мұсылмандар зиратына апарып жерлеумен аяқталды.
Жаңалық біткеннің бәрі Герағаңның бейнесімен ашылды. Қайғы тұтып жүргендер арасында кімдер жоқ дейсің?! Қазақтың ығай мен сығайының бәрі сол жерден төбе көрсетті. Жоғарғы билік те, өздерін оппозиция санайтындар да ұлт патриоттары да Герағаңмен қимай қоштасып, соңғы парыздарын өтеді. Бәрі де Герольд Карловичті өздеріне жақын тұтады екен. «Бірікпес күштердің басын қосқан қайран Гераға», демеске лажың жоқ. Жақсы адам болғандығын осыдан-ақ аңғаруға болады. Әйтсе де, қазақ үшін өлген адамның бәрі жақсы.
Ауылдағы құрдасым хабарласты. Жаңалық сұраған оған «Герағаң дүниеден өтті» дедім. «Ол кім еді?» деді құрдасым. «Герольд Бельгер!» дедім құрдасымның надандығына күйінген мен даусымды нығыздап. Ол бәрібір танымады. Сосын өзіме сұрақ қойдым. Шынында да Герольд Бельгер деген кім? Жазушы. Дұрысы – аудармашы. Ең бастысы – қазақша сөйлейтін неміс. Иә, Герағаң қазақша сөйлегендіктен де құрмет биігіне көтерілді. Қалай сөйледі, не айтты, қазақтың қандай кемшіліктерін жіпке тізді – ол бөлек әңгіме.
Жалпы, ардақ тұтқан абзал азаматымызды жер қойнына тапсырып, алабұртқан көңілімізді басып, «өлместің артынан өлмек жоқ» деген нақылды қаперге алып, сабырлы кейпімізді қайта тапқаннан кейінгі келген ой – біз осы «Абыз» деген сөздің қадірін кетіріп алған жоқпыз ба? Өзге ұлттан абыз іздейтіндей біз неге соншалықты бейшара кейіпке түстік?! Өзін сыйламайтын ұлт өзгені дәріптегеннен опа таба ма?
Біз Герағаңды аза тұтып жатқан кезде Сарыағаш маңындағы Ынтымақ ауылында қазақтың арыстай азаматы қазақ тілін жетік білетін өзге бір ұлттың қолынан қаза тапты. Ақпарат құралдары үнсіз. Тап сол күні қазақтың белгілі ақыны, Герағаңның құрдасы, Мақсұт Неталиев дүниеден озды. Бірауыз лепес шығарған адам болмады. Бұл не?
Герағаңа өкпем жоқ. Топырағы торқа болсын. Мен өзімізден шоши бастадым. Кәпір мен мұсылманның әуелгі ажырайтын жері – зират. Рас, бұл үрдіс дінсіз қоғамда біраз бұзылды. «Бауырластар зираты» деген қалыптасты. Білген жөн. Жерде де, адамда да кие бар. Қазақ соны білген. Сондықтан да тірісінде жақсы адамның қасынан орын сайлаған. Жер түбінде көз жұмған хандарымызды айлап жүріп, Түркістанға жерлеуіміз соның айғағы. Діні күмәнді адамның мәйітін жердің өзі сұрыптап, басқа жаққа ығыстырып жібергендігі туралы деректер де баршылық. Ал біз болсақ…
Герағаңды Кеңсайға жерлегеннен не ұттық? Жалпы бұл өзі шариғатты былай қойғанда қарапайым қағидаттарға да үйлеспейді ғой. Христиандық үрдіс бойынша Кеңсай зиратында бұдан былай стакан сыңғыры естіліп тұратынын ойлағанымда жаным тызылдап-ақ кетеді. Әлде біздің мұсылмандығымыздан Герағаңа деген құрмет биік пе?
Құдияр БІЛӘЛ.