Мектеп кеме – білім теңіз

Газетіміздің өткен жылғы 21 қарашасындағы санында қаламыздағы Халел Досмұхамедов атындағы №4 жалпы орта мектебіндегі игілікті істер туралы шағын мақала берілген болатын. Енді осы ұжымның басшысы Бейсенкүл Тұрсынбайқызымен сұхбаттасудың сәті түсті.

-Халқымыздың біртуар перзенті, «Алаш» қозғалысы басшыларының бірі, жан-жақты ғұлама ғалым, ұстаз, ағартушы қоғам қайраткері Халел Досмұхамедов есімін шәкірттерге таныту барысында қандай істер атқарып жатырсыздар?

-Мектебімізге халқымыздың аяулы перзенті, біртуар тұлға Халел Досмұхамедов есімі берілуі біз үшін аса қуанышты оқиға еді, себебі бұл кісі өзіңіз айтқандай жан-жақты ғалым, тәуелсіздік үшін күрестің жаңа дәуіріндегі аса ірі тұлға. Оның медицина, гигиена, табиғаттану, анатомия, физиология, ботаника, қазақ тілі мен әдебиеті, тарих ғылымдары бойынша ғажайып еңбектері бар. Бұл ғылым, білімге ұмтылған шәкірттерімізге тәрбие мен мен білім беруде бізг мол мүмкіндіктер туды деген сөз. Мектепте «Халелтану» зертханасын аштық. Мұғалімдер осы қоғамдық зертхана мүшелері, ал директор оның басшысы. Біз халел жасаған ғылыми тұжырымдар мен көзқарастарды оқыту жүйесінде үнемі пайдаланып отырамыз.
Жыл сайын Х.Досмұхамедовтың туған күнін 24 сәуірде атап өтеміз. Алдын ала барлық сыныптарда тәрбие сағаттары өтеді. Соңынан мектеп бойынша тәрбиелік мәнге толы салтанатты жиынмен түйінделеді. Осында оқушылар арасында Халелтану бойынша үздік деп танылған рефераттар, баяндамалар, шығармалар, суреттер сценарийлер т.б. марапатталады жас өнерпаздар Халел өмірінен сахналық көріністер көрсетіледі.
Шынын айту керек, әлі дебұл бағытта атқарған ісімізден гөрі алда орындар, яғни ойда жүрген жоспарлар жетерлік. Оның туған ел-жұрты мен оның атын иеленген өзге мекемелермен, оқу орындары мен тығыз байланыс орнатуды мақсат етіп отырмыз. Осы кісінің есімін иеленген Атырау мемлекеттік университетімен байланыс орнатып алсақ көп нәрседен ұтар едік. Ұстаздарымыз білімін көтеруге барып тұрса озат шәкірттеріміз оқуға шақырылып тұрса тамаша емес пе?! Демеушілер табылып жатса оның туған жеріне экспедицияға барып қайту да ойымызда.
Осы шаруаларды атқарсақ біз Халел бабамыздың өзіне арналған жеке мұражай ашуға қол жеткізер едік. Қазіргі мұражайымыздағы экспонаттарымыз тым жеткіліксіз болып тұр.

-ҰБТ бойынша жетістіктеріңіз жаман емес екен. Мектебіңізде қазіргі заманғы әдістемелер мен педогогикалық технологияларды енгізу, пайдалану дәрежесі қандай?

-ҰБТ бойынша жеткен табыстарымызға тоқмейлісіп отырған жоқпыз. Бұл біздің ойымызша тым аз, жеткіліксіз. Соңғы оқу жылында «Алтын белгі» иегері атанған шәкіртіміз біреу-ақ болды. Сіз айтқан педагогикалық технологиямен ғылыми әдістемелік жұмыс өз алдына үлкен әңгіме. Бұл жерде оқырманға түсінікті тілмен айтсақ, әр мұғалім өзіне қолайлы өзі білетін технологиямен жұмыс істейді. Бұл олардың шығармашылығына жол ашады. Бастысы мұғалім мен шәкірт арасында шынайы түсіністік ахуал болу керек. Мұны біздің тілде «ынтымақтастық педагогикасы» деп атайды.  Қазіргі таңдағы басты талап мынау: мұғалім жол көрсетуші керекті мәліметтер мен әдебиеттерді тауып беріп түсіндіруші ролін атқару керек, ал шәкірт оны өзінше зерттеуші, ары қарай ізденуші ролінде болып қорытындыны өзі жасау керек. Бала қорытындыны дұрыс жасады ма, жоқ па, әрине ұстаз төреші болады. Міне осылай оқушы өзі ізденсе, өзі оқыса ол игерген ілім, білім терең де тиянақты болады. Мұғалімнің айтқанын тыңдап отыратын заман артта қалған. Мұны көпшіліктің білгені жөн. Біздің ұстаздар қауымы осы бағыттарда шығармашылықпен еңбектеніп жатыр.

-Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың биылғы жолдауында оқушылардың тәрбие мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Осы бойынша не айтасыз?

-Елбасымыз шәкірттердің бойында сіңірілуге тиіс құндылықтарды нақты атап көрсетті. Солардың қатарында патриотизм айрықша аталады. Қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда еліміздің Гимні ерекше орында тұр. Таңертең сабақ сыныптарда Гимн айтумен басталады. Дүйсенбі күні мектепішілік жалпы линейкада салтанатты жағдайда орындалады. Оқу үрдісінің тәрбиелік құрамдасын күшейту бағытында жүргізіп жатқан шараларымыз жеткілікті. Жоғарыда айтқанымыздай мектептің есімінің өзі тәрбие мәселесін іргелендіруге, ізгілендіруге мүмкіндік береді. Бізде мораль мен парасаттылық нормалары ұлтаралық келісім мен толеранттылық дене тәрбиесі заңға мойынұсынушылық мәселелеріне күнделікті көңіл бөлініп отырады.
Жасыратыны жоқ оқушылар арасында құқық бұзушылық фактілері қоғамды қатты алаңдатып отыр. ІІБ-сында арнайы есепке алынған балалар туралы статистика мәліметтері жетерлік. Аллаға шүкір, бізде ондай есепке алынғандар бізде жоқ. Рас, мектепішілік есепте 3 баламыз бар. Олардың тәрбиесімен күнделікті айналысып отырамыз. Ата-аналарымен тығыз байланыс орнатамыз. Нәтижесі дұрыс болар деген сенімдеміз.

-Елбасы өзінің халыққа жолдауында педагогтар құрамының сапасын арттырудың маңызы зор деп атап көрсетіп, біліктілікті бекітудің тәуелсіз жүйесін құруға тапсырма берді. Бұған сіздер дайынсыздар ма?

— Мұғалімнің білімі мен біліктілігі қоғам үшін өзекті мәселе екені айқын. Оқушының функциялық сауаттылығы тікелей осыған байланысты. Мұғалімді мектепке жұмысқа жіберуді тәуелсіз жүйе шешуге көшсе шындығында ол мектептің қоғамдағы беделін арттыруға алып келер еді.
Біз оған да дап-дайын отырмыз десек артық айтқандық болар. Ұжымда жолдауды талдау барысында сөз еткеніміз рас. Дегенмен әр оқытушының өзінің дайындалғаны абзал. Әкімшілік те қарап отырған жоқ. Сонау 2008 жылдан бастап мұғалімдерден тест қабылдауды ұйымдастырып келеміз. Оның қорытындылары күнделікті қызметте пайдаланылып, кезекті біліктілікті анықтау аттестациясында ескеріліп жүр. Жоғарыдан түсетін ресми құжаттарды күтпей-ақ мектептің әдістемелік кеңесі арнайы жоспар жасап, әр мұғалімнің өзіндік білім көтеруіне жағай туғызып, бақылауға алды.

— Дәстүрлі сұрау. Газет оқырмандарына, ата-аналар қауымына көкейкесті тілегіңіз….

— Ұлы бабамыз Әл-Фараби адам баласына әуелі тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзат үшін қасірет екенін өсиет етіп артында қалдырып кеткен. Осы қағида бүгінгі күні де ерекше маңызға ие болып отыр. Мектеп болып, ата-ана болып, қоғам болып, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуіміз керек. Жасыратыны жоқ көптеген ата-аналар барлық жауапкершілікті мектепке артып қоятыны бар. Мұны бір деңіз. Екіншіден, енді кейбіреулері мұғалім жайында жақсы пікір айта қоймайды. Өкініштісі сол баласын мектепке, ондағы жекеленген мұғалімдерге қарсы қояды. Мұнан бала бойында іштей қарсылық туады. Нәтижесінде ата-ана ұтылады… Әдетте мектептің бастауыш сатысын бітіргенше бала мұғалімдермен өте жақсы тұрады. Оларды өздеріне үлгі тұтып, мақтаныш сезіммен қарайды. Бесінші сыныптан бастап бала санасында өзгеріс байқала бастайды. Міне осы сәтте ата-ана жәрдемі қажет-ақ. Түптеп келгенде баланың жемісін тұтынатын ата-ана ғой. Осыны ұмытпасақ мектеп, оқушы, ата-ана дегеніміз біздің түсінікте үштік одақ. Құрметті ата-ана, осылай одақ болып әрекет етсек болашағымыз жарқын болмақ.

— Тартымды әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан  Сайлау Құлжанов,   Шымкент.