ТАССАЙЛЫҚТАР НЕГЕ ТУЛАДЫ?

Облыс оталығынан таяқ тастам жердегi Тассай ауылы облыстық маңызы бар күре жолдың бойына орналасқан. Жерi тастақты болғандықтан, егiстiк егуге қолайсыз. Жергiлiктi халықтың басым бөлiгi оралмандар. Сайрам ауылдық округiне қарайтындықтан, елдi мекен тұрғындары шешiмiн табуы тиiс мәселелердi алғаш округ әкiмiне жеткiздi. Бiрақ, тұрғындарды толғандырар мәселе көп болса да, соның ең маңыздысына жергiлiктi билiк орындағылар аса көп мән бере бермейтiндерi бар. Өткен жолы ашынған халық жолды жаппақ болғанда ауыл әкiмi көпшiлiктiң қойып отырған талабына келiсетiндiгiн, алайда мәселенi шешу үшiн 3 ай уақыт қажет екенiн айтып едi.

Содан берi уәде де жоқ, әкiм де молынан кеттi. Тассайлықтар табандарынан тозып аудандық әкiмдiкке де, бiлiм бөлiмiне де барып, өтiнiш-тiлектерiн жеткiздi. Құлаққа ұрған танадай тым-тырыс үнсiздiктен соң амалдары қалмаған ауыл тұрғындары журналистердi шақырып, соларға жүгiнуге мәжбүр болыпты. Тассайлықтарды соншама тулатқандай бұл не мәселе десек,  «даудың басы – Дайрабадың көк сиыры »,- демекшi бар әңгiме жолға, онан өтiп жатқан көлiктерге қатысты болып шықты. Оны ауылға жеткенше өзiмiз де көрiп, көңiлiмiз күптi болғаны бар. Себебi, 40-60 тонналық жүк артқан ауыр көлiктер енi тар жолды мүлдем жарамсыздандырып, төселген асфальтты шөктiрiп жiберген. Нәтижесiнде, жол әбден жарамсызданып, ойлы-қырлы жолмен жүруге жүрексiнген жеңiл көлiк жүргiзушiлерiнiң талайы көлiктерiн талқандап алып жатса, ендi бiрқатары ауыр көлiктердiң  сүйретпесiне де айналыпты. Ол да ештеңе емес-ау, көлiктерiне сықай тас тиеп алған жүргiзушiлер ойлы-қырлы жолмен жылдамдықты арттырып, ортекедей ойнақ салғанда ұшқан тастар жол жағасындағы жаяу жүргiншiлерге қауiптi екен, әсiресе жас балалар үшiн. Ең қауiптiсi, балаларының осы жолмен бiр шақырым қашықтықтағы мектепке салпақтап барып-қайтулары ата-аналар үшiн уайым. Бiр-бiрiмен жарысқан жүк көлiктерiне тоқтам салар тiрi пенде жоқ. Телiмдiк инспектор осы мәселеге қатысты iшкi iстер органдарына ұсыныспен шығуы тиiс болса да, «көрмес түйенi де көрместiң» керiн келтiрiп, бұл аймаққа жоламауға серт бергендей.

Журналистердi көрген жұртшылық iштерiндегi шерлерiн бiрiнен соң бiрi ақтарып-ақ жатыр. Бұл ауылды жол мәселесi ғана емес, басқа да проблемалар алаңдатып, кiмге барып мұңдарын айтарларын бiлмейтiндей. Билiк басындағылардың бәрiнен көңiлдерi қалған сыңайлы.

– Кәне, кешегi бiз дауыс берiп, аудандық, облыстық мәслихатқа депутат етiп сайлаған мырзалар?! –  Неге келiп, жағдайымызды көрiп, өтiнiшiмiздi тиiстi орындарға жеткiзбейдi? Қашан депутат болып сайланғанша, уәденi үйiп-төгiп едi, мақсаттарына жеткен соң iзiм-қайым жоғалды. Халықтың аманатын орындамайтын мұндай депутаттарды керi шақырып алып, мандаттарын қайтарып алу керек,- дейдi ашынған көпшiлiк.

Дәл ауылдың iргесiнен мүйiздi iрi қара асырау үшiн бiр кәсiпкер аумағы атшаптырым аймақты қоршап, биiктiгiне қарасаң бөркiң түсер дуал тұрғызған. Онда не бағылып жатқанында жұмыстары жоқ тұрғындар осы ферма iске қосылған соң-ақ бiртүрлi күлiмсi иiске тұншыққандай болады. Мұның себебiне түсiне алмай жүргенде, балалы үйдiң ұрлығы ашылғандай, сыр да ашылады. Тассайлықтарды тұншықтырып жүрген күлiмсi иiс шошқалардыңкiне ұқсайды. Ағын су болмағандықтан бұл ауылда көгерiп тұрған көкөнiс, жайқалып тұрған жемiс-жидек жоқ. Қай үйдiң  ауласына қарама, қурап тұрған бұталар, жас өскiн көшеттер.

Бiздiң талабымыз, жолды талапқп сай жөндеу, жол белгiлерiн қою, жаяу соқпақ жол салу, ауылдың үстiн жайлаған шаң-тозаңнан, күлiмсi иiстен құтылу, ағын су мәселесiн шешу. Сонан соң, балаларымыз бiлiм алып жатқан мектепке көңiл бөлiп, жылу қазандықтарын ауыстыру. Себебi, өткен оқу жылында балаларымыз тастай суық сынып бөлiмшелерiнде дiрдектеп отырды. Мұны көрiп тұрып қалай шыдайық, аудандық бiлiм бөлiмiнiң бастығына мәселенiң мән-жайын айтып барғанымыздан ешқандай пайда болмады. Шығарыпсалма жауаппен құтылған Динара Айкөзованың өзiнiң баласы осындай мектепте оқыса, әуселесiн көрер едiк. Бiз жоғарыға аспандағы айды әпер деп отырғанымыз жоқ, шындап кiрiссе түкке де тұрмайтын тiрлiктер. Бiрақ ешбiрiнiң мойын бұруға зауықтары соға бермейтiндiктерiне күйiнемiз,- деген ауыл тұрғындарының айтқан уәждерiне келiспеске шарамыз қалмады.

Тассайлықтарды тулатып та, шулатып отырған өзектi мәселелердiң ұзын-ырғасы осы. Айтпақшы, көпшiлiктiң жиналып, БАҚ өкiлдерiн шақырғаны жөнiнде естiген Сайрам ауылдық округi әкiмнiң орынбасары мен оралман ағайындардың балалары оқитын мектептiң директоры осы жиынға қатысып, уақытша болса да балалардың мектепке барып-қайтар жолдарын шешiп беруге уәде еттi. Ал, өзге мәселелер жоғары жақтан шешiлетiндiгiн айтқандықтан, ауыл тұрғындарының аманаттарын облыс әкiмiнiң назарына ұсынуды жөн көруiмiз сондықтан.

РЕДАКЦИЯДАН:

Осы оқиғадан соң бiз Сайрам ауылдық округiнiң әкiмi Х:Ахметхановқа жолығып, Тассай ауылының тұрғындары мәселе етiп көтерiп отырған КХ-39 автожолының ахуалы жөнiнде, жергiлiктi әкiмшiлiк бұл тарапта қандай әрекеттер жасап жатқанын сұрадық: Сөйтсек, аталмыш жолдың жарамсыздығы жөнiнен ол кiсi жақсы хабардар екен. Жолды күрделi жөндеуден өткiзу тұрғысында аудандық әкiмдiкке, «Нұр Отан» ХДП-ы филиалының атына, облыстық мәслихаттың депутаты Р.Омаровқа, ОҚО жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Ә.Рабаевқа және «Оңтүстiк» өңiраралық көлiктiк бақылау инспекциясының бастығы Р.Бексейiтовке арнайы хатпен шыққандарын, әйтсе де КХ-39 автожолының 2013 жылы ғана күрделi жөндеуден өтетiнi тұрғысында жауап алғандықтарын қынжыла отырып жеткiздi. Соған қарамастан, жол бойына орналасқан мекеме басшыларымен келiсiмге келiп, биылғы жылы ағымдағы жөндеуден болса да өткiзуге әрекет жасап көретiндiгiн айтқан ауыл әкiмi оқушылар үшiн жаяу соқпақ салу да жоспарда бар екендiгiн жасырмады. Ал, ауылдың өзге де әлеуметтiк мәселелерiне қатысты проблемалар назарда болатынына сендiрдi. Не десек те, тассайлықтардың талаптары әзiрге жоғарыға жетпей жатыр ма, жетсе де мән берiлмей ме, әйтеуiр түсiнiксiз тiрлiк.

Ердәулет

ТҰРАПБЕКҰЛЫ.

ПІКІР ЖАЗУ