«Мен үлкен оркестрдің кішкентай әртісі емеспін…»

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА:

– Қажеке, бүгінгі әңгімемізді сіздің жеке басыңызға қатысты елдің ауызында жүрген бірнеше оқиғаның ақиқатын өз ауызыңыздан есітуден бастасақ дейміз. Біріншіден, 2011 жылдың ақпанында сіздің Орал қаласындағы жер үйіңіз бір түнде белгісіз жағдайда өртеніп кетіпті, деген қауесет бар…

– Өкінішке қарай, бұл қауесет емес, нақты шындық. Сол түні мен жалғыз өзім үйде қонып жатыр едім. Таңғы алтыда сатырлаған дыбыстан ояндым, сөйтсем мен жатырған бөлменің есігі жабық болғаннан аман қалыппын. Ортаңғы бөлме, ас үй барлығын өрт жалмапты. Басында терезе темір тор болғандықтар өз бөлмемнен шыға алмай қатты сасқалақтап, абдырап та қалдым. Қазақ мұндайда: «Бас қатты, бірақ, жан тәтті» дейді. Әйтеуір, әупірімдеп аман қалғаныма шүкіршілік еттім…

– Екіншіден, сол жылдың жазында, яки, арада 5-6 ай өткенде,  Алматы қаласында біреулер сіздің тамағыңызды улап, түннің жарымында Райымбек даңғылының бойындағы көлігіңізден жанында, шөптің үстінде есіңізден танып жатқан сізді МАИ қызметкерлері көріп, шұғыл «Жедел жәрдем» шақырған, дейді…

– Мұндай оқиғаның болғаны да рас. Егер сол сәтте менің үстімнен қарақшы-ұрылар немесе қаныпезер-қылмыскерлер түссе, не болар еді?!. Сол себепті, мүмкіндікті пайдаланып, Алматы қаласының МАИ басқармасының жігіттеріне шын алғысымды білдіргім келеді…

– Ақырында, биыл, таяуда ғана Ақтөбе мен Оралдың арасындағы көлік қатынасының күре жолында сіздің көлігіңіздің ауыр апатқа түскені рас па?

– Бұл 7 ақпанның түні еді. Айдалада көпірдің үстінде түйістік. Құдай мені мықтап сақтапты, өлім аузынан қалдым. Дегенмен, жол апатына кінәлі мен емеспін…

– Қажеке, алыс ауылдың май топырағын армансыз кешіп өскен таза қазақы болмысты жігітсіз. Қазақтың ырымшылдығын да, қанағатшылдығын да дұрыс айттыңыз. Дей тұрғанмен, елден жырақ кетіп, алыста бой тасалаған қазақтың тағы бір баласы Мұқтар ӘБЛЯЗОВ қазақтың тым-тым артық ырымшылдығы – ыдырауға, қанағатшылдығы – қырғиқабақтыққа ұласуы мүмкін, деген сыңайда пікір айтады…

–Мен Мұқтар ӘБЛЯЗОВ туралы ойларымды әрдайым жасырмай, жария айтып жүрмін. Біраз ағаларымыз тура сөз, адал пікірім үшін маған өкпелерін де айтты. Үлкенді құрметтеген ұлтпыз ғой, бірақ, бір қоғамда біреулер өз ойларын анық білдіріп, келесілері әлгілердің көңілжықпастығы үшін ғана жалған сөйлеп, өтірік күлетін болса, мұның әділеттілікпен үш қайнаса да, сорпасы қосылмайды…
Мұқтар ӘБЛЯЗОВ басынан – бақайшығына дейін есеп-қисап тұнған бизнесмен жігіт. Біздің биліктің қатесі – ауызынан ана сүті кетісімен-ақ, виски сіміріп үйренген осы бір ат төбеліндей бес-алты жігітті әлдеқандай қылып: «Жас түріктер» деп, айдар тағып, аса жоғары мемлекеттік лауазымдар беріп, тайраңдатып қойды.
Бұл жігіттер бір тәулікте батысқа ұшақпен ұшып барып-келіп, өздеріне өркени сөздің сүлейі Олжас СҮЛЕЙМЕНОВтің өзі естімеген небір таңғажайып аттар тауып жатты. Мысалы: «Топ менеджер!» деп, айын аспаннан бір-ақ шығарды…
Турасында, бұл жігіттердің бірде-біреуі мемлекеттік деңгейде ойлай алмайтын еді, ұлттық мүдденің не екендігінен хабарсыз болатын. Бұл азаматтар өздерінің жекеменшік компанияларының «дебет-кредитінің» көлеңкесінде қалған, ең мықтағанда, қосалқы бухгалтерлік есебін жасыра алумен ғана мақтанатын дәрежеден аса алмаған-ды…
Сірә, ақшаның күші мен байлықтың буы жаңа ғасырдың басында осынау «мас түріктер» мен «хоп-менеджердің» ұйқысын бұзып, биліктің биік шыңдарынан қажетті ағатайларын тауып, майы мен балын ұсынып, нәтижесінде, «Алтын көрген – ібіліс те жолдан тайып», селкеусіз сеніміне кірген біреулер нән көкеміздің құлағына тәуір «ертегілерді» сыбырлаған болса керек…
Жұрттың біразы «Мұқтар ӘБЛЯЗОВты жақтап жатыр екен» – деп, солармен қосылып сырнай тартып, ықтынға ілесетін мен үлкен оркестрдің кішкентай әртісі емеспін…
Мұқтар ӘБЛЯЗОВтың не алып, не қойғанын білмеймін – ол менімен ақылдасқан жоқ… Бірақ, айналасын байқаймын, байқаймын да – басымды шайқаймын.
Мен қашанда №1 кезекке – ұлттың мүддесін қоямын. Ал, Мұқтар ӘБЛЯЗОВтың нені қоятынынан бейхабармын. Оның есесіне, сенім артқан серіктестерін жұрттың бәрі біледі: Владимир КОЗЛОВ, оның туған бауыры, ресей азаматы Дмитрий КОЗЛОВ (Байқайсыз ба, атамыз қазақ: «Жер астынан жік шықты – екі құлағы тік шықты» деп, неге айтып кеткен?!.), Игорь ВИНЯВСКИЙ, Михаил СИЗОВ және т.б.
Ұлттың мүддесі мен құлқынның мүддесі – мүлдем кереғар, екі бөлек нәрсе. Сол себепті, Мұқаң екеуміз қарама-қарсы бағыттардағы аялдамаларда тұрған адамдармыз…

– Мұндай бітіспес-бірбеткей, уытты ұлтшыл қасиет – өзіңіз етене араласатын ұлт ақыны Мұхтар ШАХАНОВтың ықпалы болса керек.  ШАХАНОВ елдегі қазақ тілінің қазіргі ахуалы туралы ашық та ащы айтып, билікке де сүйкімсіз болды, орыс шовинистері мен шалатілді қазақтар үшін де басты «дұшпанға» айналды. Дегенмен, бұл мәселедегі сіздің көзқарасыңыз тым майысқақ сияқты?..  

– Сіз мені Ермұхан ЕРТІСБАЕВпен шатастырмаңыз, мен қашан да мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту қажеттігін, «Қазақ тілін үйрену» атты үдемелі мемлекеттік бағдарлама жасау керектігін, қазақ тілін тез де сапалы үйренудің әртүрлі тәсілдерін, әртүрлі жолдарын пайдаланып, безендірілуі көз тартатын, мұқабалары жарқыраған кітаптарды көптеп шығара беру қажеттігін айтып келемін.
Бұл мәселеде жекелеген баспалардың бастамаларына басымдық беріп, әділ бәсекелестік арқылы мол қаржы жұмсаудан тайынбау керек. Өз басымнан өткен жағдай: орыс кітаптарының шаш-етек шығынына қарамайтын қазақ шенеуніктері – қазақша кітаптың шығынын есептеуге келгенде, табан астынан үнемшіл болып шыға келеді. Бұл ауылдағы әжемнің тілімен қазақшалап айтқанда: «Орыстың қазаққа үш жүз жыл жасаған дуасының сарқыты», өзімізге келгенде – өзеурей қаламыз…
Сосын, мемлекеттік тілді білу – тек мемлекеттік қызметкерлердің ғана емес, барлық нысандағы мекеме жұмысшыларының міндеті. Әсіресе, қызмет көрсету мекемелерінің жұмысшыларының қазақ тілін білуі өте міндетті болуға тиіс…

– «Балғаны қызғанда соқ» дейді, сәті түскенде бір сауал қояйын: Басқа үкімет басшысы болған адамдармен салыстырмалы түрде алғанда, барынша қазақи азамат Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ  Премьер-Министр лауазымында өзіңіз айтқан «Тіл полициясын» құрып жіберіп, ана тілінің жағдайын неге қолға алмаған?

– Есіңізде болсын: Үкімет – шаруашылық атқару құрылымы. Тіл мәселесі туралы қабылданатын шешім – саяси шешім…

– Қажеке, ұзынқұлақ сізді: «Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВпен байланысы бар» деп жүр. Шындықты шімірікпей айтатын жігітсіз, осының аражігін ажыратып беріңізші…

– Өзіңіздей бір тілші осыдан біраз бұрын менімен сұхбат өткізбекші болды. Сұхбат басталар алдында сол тілшіге: «Сізді Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВпен жақын араласады» деп естимін, мен «Қазақ Елі» деген қозғалыс құрмақшы едім, біздің жоғарғы биліктегі ең қазақи, ұлтымызға жанашыр адам Иманғали ағамыз сияқты, қазақтың болашағы үшін, балаларымыздың бақыты үшін мені ТАСМАҒАМБЕТОВпен жолықтырыңызшы» – деп, «жабыса кеттім»…
Тілшім ат-тонын алып, тұра қашты. Мен болсам: «Жақсы, тым болмаса, сұхбатыңызды алмайсыз ба?» – десем, журналисім: «Жоқ, енді қажеті жоқ, менің редакторым сіздің ТАСМАҒАМБЕТОВпен байланысыңызды анықтап кел, деп жіберген» – дейді…
Сондықтан, сізге де сондай өтінішпен шығуым ықтимал…
Шын мәнісінде, бұл сандырақтың бәрін аты ме затын жазбайтын қоянжүрек-қорқақ интернет сайттарының бекбикелері шығарып жүр. Мен Иманғали ағамыздың қазақи азамат екендігін сеземін, бір ғайыптан жолыға қалсам, қазақ үшін пайдалы болар еді. Менің өтінішім: алда-жалда біреу-міреу ол кісімен кездесіп қалса, менің аманат-сәлемімді жеткізсе екен деймін…

– Сіз ақиқатын айтып, аракідік оппозиция өкілдерін де қатты сынап, «өкпелетіп» алып жүрсіз. Кеңірдектен қысқан кімге ұнасын, өз кезегінде олар да «қарыз» болып қалмай, сіздің бақшаңызға да тас лақтырды…

– Өркениетті елдерде, саяси мәдениеті қалыптасқан мемлекеттерде оппозицияның да бір-бірінің кемші-міндерін ашып айтып, ақыл қосып отыруы қалыпты жағдай. Біздің шырт етпе серкелеріміз өздерін періштедей сезіне ме білмеймін, бір ауыз сын пікірді көтере алмай, дереу сені мәңгілік дұшпандырының қатарына кіргізеді…
Мұндай тар пейіл, сасық кеудемен алысқа да бара алмаймыз, саясатта да түк бітірмейміз. Мысалы, қазақ оппозициясы ақсақалдарының бірі Жармақан ТҰЯҚБАЙ менің әділ сөздерім туралы: «Менің оппозицияда жүргеніме талай жыл болды. Осы кезеңде оппозицияға кім келіп, кім кетпеді…»  – деген сынды екіұшты пікір білдіріпті… Міне, жеке бастың амбициясының адуыны – қара шәймен отырған қазақтың мұңлы мүдделерін осылайша таптап өте шығады…
Жалпы, мен мемлекеттік қызметте бір сағат та қызмет істемеген адаммын, оның ішкі «асханасынан» бейхабармын. Бірақ, мәселен, Тергеу комитетінің төрағасы, елдің Әскери прокуроры, Мемлекеттің Бас прокуроры, Парламент Мәжілісінің төрағасы лауазымдарын атқарған Жармақан ТҰЯҚБАЙ секілді ағаларымызға мінгені ескі-құсқы еуропалық көлік қоқыстарының қалдығы, шетелде ешбір банкіде де есеп шоты жоқ, жалаң аяқ, жалаң бас оппозиция қатарына келерде, алдымен, мықтап ойланып-толғанып алу керек сияқты. Өйткені, Шәкәрім қажы айтқан: «Нәпсі үйінде байлаулы ынсап жатыр… Ер болсаң, босатып ал сол зынданнан» – деп. Лауазымы аса биік шенеуніктің шаптырып тұрған нәпсісіне тығын қою – қияметтің-қияметі…
Ішкі жан-дүниесі мұздап қалған, жүректен шығарып, шынайы бір сөз айта алмайтын, «шаш ал десе, бас алатын» қатыгез адамдар, өкінішке қарай, саясатты жиі төңіректейді. Осындай екіжүзділер турасында орыстың мәтелі: «Лицом детина, да разумом скатина» – деп, бір-ақ қияды…

– Жақаңа соншама шүйліктіңіз де, оның оң қолы Әміржан ҚОСАНОВ жайында әрдайым тәуір ой, тұщымды сөздер айтасыз…

– Қайдам, әркімнің шынайы күнәсі мен кінәсінің деңгейін жалғыз ғана Хақ Тағалам біледі. Дегенмен, Әбекең 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы тұсында прокурор болған жоқ, көкөрім студент еді…
Оның үстіне, қаншама сірескен шенеунік, қаншама ашынған оппозиция болса да, Әміржан бауырымыз жүрегінің тереңінде өте нәзік, лирик ақын. Түптеп келгенде, «саясатты – қатыгез көзбояушылық» деп атаған күннің өзінде, бес саусақтың бірдей болмайтыны тәрізді, саясатшылардың түп-тұқиянын бір қалыпқа салып, бір сыпырғышпен сыпырып тастау – әділетсіздік…
Ал, Әміржан ҚОСАНОВтың болмысы басқа: мамандығы да, жан-дүниесі де, түсінік-түйсігі де мейлінше таза һәм нәзік. Мұндай тұлға қатыгездік жасамайды, ана тілін құрбандыққа шалмайды, ұлтының мүддесін сатпайды…
Бір қарағанда, Әбекеңнің тағдыры мен болмысы орыстың орасан жазушысы Николай ТУРГЕНЕВпен ұқсас секілді.
Орыстың жазушысы Николай ТУРГЕНЕВ 1816 жылдың 16 қыркүйегінде Франциядан Ресейге қайтып келе жатып: «…Можно ли будет без сердечной горечи видеть то, что я всего более люблю и уважаю, руский народ, в рабстве и унижении?» – деп, тебіреніп, көзіне жас алыпты…

– Қажеке, сіздің жеке ойыңызша, Жаңаөзен оқиғасының орын алуына нендей нәрселер түрткі болды?   

– Қарапайым мұнайшылардың мұң-зарына құлақ аспағандық. Мұндай «сәтті» жағдайды ішкі-сыртқы дұшпандарымыздың «сабақты иненің сәтін» күтіп, дәп Тәуелсіздіктің 20 жылдығын мерекелеу күнінде тиімді пайдалануы…
Әрі қарай тереңдей берсек: шенеуніктердің жемқорлыққа, парақорлыққа белшесінен батуы; таныс-туыстықты орынды-орынсыз пайдаланып, басқаның мүддесін белінен басуы; білім мен денсаулық саласындағы ұстаздар мен дәрігерлердің біліктілік деңгейінің төмендігі; кадр саясатындағы былық-шылықтар, ақырында, қоғамның ең бірінші құндылығы – байлықтың болуы, яғни, бәрін ақша ғана реттейтінін балабақшаның сәбиі де түсінетін жағдай орнады. Сайып келгенде, мұндай моральдық-әлеуметтік масқара құлдырау – елдің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі де мүмкін…

– Расында, бізде Шаханов та біреу, Елбасы да біреу ғой… Жақында ел Президенті халыққа дәстүрлі жолдауын жария қылды. Биылғы жолдаудың бұрынғылардан айырмашылықтары мен артықшылықтары қандай, деп ойласыз?

– Сіз жақсы білесіз, жолдау – менің пікірімсіз-ақ көптеген мақтау-мадақтаулардан кенде емес. Тіпті, тұтастай бір жоғарғы оқу орындары мен еңбек ұжымдары «таң қалыстарын» жасыра алмауда. Біз мұндай мәселелермен ертеректен таныспыз. Меніңше, мәселенің мәнісі – жолдауда емес, маңыздысы – жолдауды шынайы қолдауда жатыр…

Әңгімелескен: Жан ТІЛЕУБАЙҰЛЫ,   
«TARLAN PR» журналының бас редакторы,
 Астана қаласы.

ПІКІР ЖАЗУ