Аярлыққа тосқауыл қойылды

Соңы жақсылыққа апарып соқпайтынын біле тұра, бүгінде кейбір парықсыз пенделер оңай олжаға кенелу үшін ар-ұят, әдеп-иба іспетті ізгі де қастерлі ұғымдарды аяқ асты етуге де арланбайтын болып барады. «Оңай олжа орға жығар» деген тағылымды тәмсілді түйсіктеріне тығын ете бермейтін, кейбір тұрлаусыздарға ой сала ма деген ниетпен біз баяндағалы отырған оқиға осы сөзімізді растай түседі деп білемін. Енді сонымен негізгі шаруамызға көшелік.  Жалғызілікті әрі аурушаң, 1937 жылы дүниеге келген Надежда есімді әжей Шымкент қаласындағы  Рашидов көшесінің бойына орналасқан 25 «В»  үйдің 35-ші пәтерінің тұрғыны. Бұл пәтерден бөлек, ол кісі осы үйдегі 32-ші пәтерге де иелік етеді. Жалғыз басты кәрі кейуананың осындай мол байлыққа ие болып отырғанына есі кете қатты қызыққа оған немере сіңлі болып келетін  Инна бірде: «Неге мен осы мол қазынаға ие болмаймын?» – деген жымысқы  ойға берілген-ді. Содан осы жексұрын пиғылын жүзеге асыру үшін нешетүрлі аярлықтарға да  барған.
«Жылы-жылы сөйлесең, жылан да інінен шығады» дегенді жадында жаңғыртқан ол  мәздемдікке басып, немере әпкесінің көңілін аулап, сеніміне де кіріп алған болатын. Сонымен не керек, 2008 жылдың жаймашуақ күндерінің бірінде Инна немере әпкесі Надежда былай дейді:
— Мен сізді соңғы деміңіз таусылғанша қамқорлығыма алайын. Ақтық сапарға шығарып салу да менің міндетім болсын. Алайда, сіз өзіңіздің тең дәрежедегі құқыңызды сақтай отырып, қос пәтеріңізді менің атыма аударғайсыз? – деген. Қарт кісі де бір бала деген емес пе, немере әпкесі екі  сөзге келместен :
— Жарайды ендеше,- деп келісімін береді.
Сонымен, айтып-айтпай не керек, «Сабақты ине сәтімен болып», 2008 жылдың мамыр айының 24-ші жұлдызында нотариус арқылы заңды түрде бекітіп берген № 6364 құжат негізінде Инна ханым №32-ші пәтерге иелік ету құқына қол жеткізген болатын. Осыдан кейін төрінен көрі жуық кәрі кемпірдің қолынан не келе қойсын деген ойға бекінген аяр неме әпкесінің рұқсатын алмастан №32-ші пәтерді 2012 жылдың тамыз айының 2-ші жұлдызында бір азаматқа сатқан.
Ал, аталмыш пәтердегі жалгерлерді сыртқа қуып шыққан. Бұл жайтты соңырақ барып білген Надежда немере сіңлісіне көңілі қалуы, себепті келісім-шартты бұзуды өтініп, сотқа арыз береді.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы, Әл-Фараби аудандық  соты  талапкердің арызын мұқият зерделеп, зерттей келе екі жақты түзілген келісімшартын негізсіз деп тауып, бұзуға шешім қабылдады. Осы негізгі себепке орай, талапкердің арызы ҚР Азаматтық Кодексінің 157-160, 185.506 баптары негізінде қанағаттандырылды.

Б.СЕГИЗОВА,
Шымкент қаласы, Әл-Фараби аудандық сотының судьясы.

ПІКІР ЖАЗУ