Немқұрайдылық па, сауатсыздық па?

ОҚО Сотының төрағасы Н.Шәріповтің,

ОҚО ІІД басшысы, полиция генерал-майоры А.Оспановтың назарларына!

fb5ecd9bd615cb2f4549d2eeba078da8.pngОқырманның есінде болса, газетіміздің №44 санында «Жақсы көрші — төрің, Жаман көрші — көрің» және «Біздің полиция бізді қорғайды» деп біз жүрміз, ал, олар?..» дейтін екі мақала жарық көрген болатын.  Екі жағдайда да мәселе сотта қаралған. Шағым иелерінің өз сөздерімен жеткізсек, олар әділдік, шындық іздеп жүр. Әрине, әркімнің өз шындығы болады және әркім өз сөзін шындық санайды. Редакция – тергеу орны емес, ол екі тараптың ортасына от салып, бірінің екіншісінде кеткен кегін қайтарып беретін «криминалды орта» да емес. Шағымды газет бетіне бергендегі мақсат – қоғамда  осындай жағдайлардың орын алып отырғанын айтып, қалың оқырманды сақтандыру еді.

Алғашқы  шағым иесі Құндыз Ысқақова есімді апайымыз көршісіне шағымданып келіпті. Дулати және Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы жер учаскесін сатып алған жаңа көрші ол жерге көп қабатты ойын-сауық кешенінің құрылысын сала бастайды. Сол кезде ауыр техникалар әкеліп, учаскесін терең етіп қаздырады. Бар дау сол кезде басталады. Экскаваторлар жерді бес-алты метр етіп әрі көршілердің жерінің шекарасына тақап қазады. Бір көршінің қорғаны, Құндыз апаймыздың сарайы мен моншасы опырылып құлап, тура жерінің шекарасына салынған үйінің қабырғалары сөгіледі. Редакция  мұрағатында сол кезде түсірілген суреттер де, бейнесюжеттер де сақтаулы тұр. Жаңа  көрші ана көршісінің қорғанын, Құндыз апаймыздың сарайы мен моншасын салып береді. Сол арада екі тарап та сотқа, сарапшыларға жүгінеді. Сарапшылар Құндыз Ысқақованың үйіне келген зақымды есептеп шығады, бірақ жаңа көрші үйге зақым жер сілкінісінен келген деп есептейді. Сотқа соған сәйкес анықтама да өткізеді. Ұзын сөздің қысқасы, Құндыз апайымыз сотта жеңіліс табады. Қазақ – қашан да көршісімен татулыққа ерекше мән берген халық. Туыс атадан берілсе, көрші Алладан жіберіледі. Алла қосқан екі көрші осылайша алауыз болып қалды. Сот шешімі дұрыс па, бұрыс па – оған баға беретін біз емес, әрине. Бүгінгі айтпағымыз басқа.
Құндыз Ысқақованың редакцияға әкелген бума-бума құжаттарының арасында бір құжат назарымызды аудара берді. Осы іске қатысты апелляциялық шағым ОҚО сотында 2013 жылдың 30 шілдесінде (№2а-1697 іс) қаралыпты. Сотқа төрағалық еткен – судья Р.Заппаров. Судьяның қалай ұйғарым шығарғанында шатағымыз жоқ, бірақ сол ұйғарымда сот процесіне қатысушылар тізімі жазылған жерде «шағым иесі Абиева К.» деп көрсетілген де, ізінше облыстық сот ғимаратында азаматша  Қ.Ысқақованың шағымы бойынша азаматтық іс қаралып жатқаны көрсетілген. «Абиева» дегенді соттың қайдан шығарғанын Құндыз Ысқақованың өзі түсінбей дал. Әрі қарай «суд установил» деп шағым иесі Құндыз апайымыздың ата-жөні дұрыс көрсетіліп келеді де, ең соңында «коллегия определила»  деп қос нүктесін қоя отырып бес пункттен тұратын ұйғарымын жасайды. Бұл жерде де «Абиеваның тұрғын үйі» деп жазылған. Ысқақова деген фамилия мұнда атымен жоқ. Шағым иесі – Ысқақова Құндыз. Сонда сот коллегиясы ұйғарымды кімге қатысты шығарып отыр? Ұйғарым – қателессе парағын жырта салатын оқушының дәптері емес, бұл – сот актісі, маңызды құжат. Осындай маңызды құжатта судьяның қателесуін қалай түсінуге болады? Бұл – бір. Екіншіден, шағым иесінің аты-жөнінен бір емес, екі рет қате жіберілген. Сонда судья кімнің шағымын қарағанын да білмеген бе деген заңды сұрақ туады.
Қолдағы екінші құжат –ОҚО Ішкі істер департаментінің заң бөлімінің басшысы Қайсар Абылайұлының арызы. Бұл арыз Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының судьясы М.Әбдірәсіловтің атына талапкер А.Жаңабаевтың шағымы бойынша қаралған сот ісіне қатысты берілген.  №2-6474 санды бұл іс  аталмыш сотта 2012 жылдың 18  қыркүйегінде қаралған.
Абдуали Жаңабаев –  «Уақыт» газетінде жарияланған «Біздің полиция бізді қорғайды» деп біз жүрміз, ал, олар?..» дейтін мақаланың кейіпкері. Кейіпкеріміз кезекті еңбек демалысында жүрген кезінде өзін ОҚО ІІД-нің бұрынғы бастығы, полиция генерал-майоры С.Досымовтың  2009 жылдың 11 қарашасы күні  №150 бұйрығымен жұмыстан босатып жібергеніне шағымданған екен.
Сол мақалада «Редакцияның хат қоржынына келіп түскен мына бір шағым бізге қызық көрінді. Қызығы сол, бұл бұрынғы полиция қызметкерінен келіп отыр. «Менің милициям мені қорғайды» деп жүргенде, полицейдің тілшілерден көмек сұрағаны расымен қызық емес пе?! Хат тақырыбының «Ұйымдасқан сыбайлас жемқорлық туралы» деген атауы бізге одан да қызық көрінгенін несіне жасырайық. Біз, әрине, сенсация қуалаудан, пәле іздеп, біреуді қаралаудан аулақпыз, дегенмен шағымданушының хатты жазудағы мақсатын беруді құп көрдік. Ал, кімнің әрекеті дұрыс, кімдікі бұрыс – мұның анығына жетуді оқырманның патша көңілі мен құзырлы органдардың анықтауына қалдырдық»  деген  болатынбыз. Әлі де сол ұстанымда қалатынымызды тағы бір еске салғымыз келеді.
Енді  осы мақалаға орай Қайсар Абылайұлының арызына неге қадалып қалғанымызды түсіндіріп көрейік. Рас, қазір екінің бірі арызқой, екінің бірі бірінің үсінен бірі арыз жазып жатады. Ал, талапкер А.Жаңабаевтың талабы бойынша өтіп жатқан сот процесіне  ОҚО ІІД атынан жауапкер ретінде қатысқан Қ.Абылайұлының судьяның атына жазылған арызының басында талапкердің аты-жөні «Жаңабаев Абдуали Умирзахович» деп көрсетілсе,  соңына қарай талапкердің аты-жөні «С.Нұрмахамбетов» болып өзгеріп кеткен.  Басқа қате болса бір сәрі, бірі судья, екіншісі заңгер екі азаматтың тура талапкерлердің аты-жөндерінен қателік жібергенін қалай түсінуге болады? Судья Р.Заппаров өз ұйғарымында «К.Абиева» деген фамилияны, заңгер Қ.Абылайұлы «С.Нұрмахамбетов» деген фамилияны Көктен алған ба, Айдан алған ба – белгісіз. Белгілісі – әрбір шағымның артында адам тағдыры тұратыны.
Бұл судьяның сотта кімнің мәселесін қарағанын,  ОҚО ІІД-сі атынан сотқа өкіл болып қатысып отырған заң бөлімі бастығының  кімнің мәселесі бойынша келгенін білмейтінін білдірмей ме? Бұл олардың адам тағдырына немқұрайды қарауы ма, әлде сауатсыздықтары ма? Газет бетіне осы мазмұндас мақалалар шыққан сайын ОҚО Сотының төрағасы Н.Шәріпов мырзадан «сотқа ықпал жасауға болмайды» дейтін хат алып тұрамыз. Редакцияның сотқа да, басқаға да ықпал жасауға құқы жоқ, ондай ниеті де жоқ. Мақсатымыз – жылағанға басу айту, жығылғанды қолтығынан демеп тұрғызу, әлсізге сүйеу болу. Осы тұрғыда бірдеме жазып жатсақ, мұнымыз сотқа ықпал жасауды білдірмейтінін тағы да еске салғымыз келеді.
Біз «Біздің полиция бізді қорғайды» деп біз жүрміз, ал, олар?..» дейтін мақаламызды «Біздің ішкі істер департаменті басшылығында да, судьяларда да алты аласы, бес бересіміз жоқ. Бізді алаңдататыны –  адам тағдыры ғана» деп аяқтаған екенбіз. Бұл мақаламызды да осы сөздермен қорытыныдылағынды жөн көрдік.

Гүлжамал МҰСАЕВА

 

ПІКІР ЖАЗУ